Қазақстандық дзюдошы, 60 келі салмақ санатындағы Елдос Сметов Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ол финалда ресейлік балуан Беслан Мудрановпен белдесіп, негізгі уақытта тең дәрежеде өнер көрсетті. Өкінішке қарай қосымша уақыттың соңғы секундтарында ресейлік спортшы айласын асырып кетті.
Осылайша Елдос Сметов Рио олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Елдостың бұл жүлдесі олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына түскен екінші медаль.
Елдос Сметов - қазақстандық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі Қазақстанның спорт шебері, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ол 1992 жылы 9 қыркүйекте Таразда дүниеге келген.
Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында тағы бір қазақ ұланы Асхат Житкеев дзюдодан Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған болатын. Елдос күрестің осы түрінен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қазақ баласынан шыққан екінші Олимпиада жүлдегері атанды.