Кикбоксшы Азамат Нұрпейісовтың еміне жиналған қаржыны ұрлаған адам ұсталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz "Қазақстан жаңалықтарына" сілтеме жасап.
Ауыр науқастан қайтыс болған кикбоксшы, Қазақстан және Азия чемпионы Азамат Нұрпейісовтың еміне достары, туыстары, жанашырлары мен жанкүйерлері қаржы жинаған болатын. Жиналған қаржы алаяқтық жолмен қолды болған. 6 миллион теңгені қолды қылған 1993 жылы туған ОҚО тұрғыны ұсталды.
СҚО ІІД мәліметінше, қазір күдікті қамауға алынған. Белгілі болғанындай, ол бұған дейін де алаяқтық ісі бойынша жазасын өтеген екен.
Айта кетейік, Азамат Нұрпейісов – халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі кубок иегері. 2009 жылы Италияда өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 2011 жылы Ирландияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2013 жылы Түркиядағы Әлем чемпионатында күміс медаль алған.
2015 жылдың қыркүйегінде спортшыға 4 –ші дәрежелі өкпе туберкулезі деген диагноз қойылды.Азамат Нұрпейісов бір жыл бойы ауруханада жатып, ауыр дерттен қайтыс болды. Осы жылдың тамызында ол 28 жасқа толатын еді. Азаматтың артында әйелі мен екі жасар баласы қалды.