Италия мафиясы туралы не білеміз?

/uploads/thumbnail/20170709052237460_small.jpg

Мафия қайдан шыққан?

Мафия туралы айтқанда алдымен аузымызға Италия елі түсетіні белгілі. Неге десеңіз, Италия мафиясы әлемдегі ең атақты құрылым саналады. Италия мафиясы неден бастау алады және оның өзге мафиялдардан қандай ерекшеліктері бар? Енді соған тоқталайық.

Мафия деген сөздің қандай мағына беретіні туралы нақты апарат жоқ. Кейбіреулер мафия сөзі "қорғаушы," "пана" деген мағынаға саяды дейді. Кім қалай десе де мафияның төркіні сицилиялық топқа тірелетіні белгілі. Бүгінде мафияның итальяндық түрінен басқа орыс, албан, армян, т.б. түрлері бар. Тарихқа жүгінсек, мафияның басы ерте замандарда кедейлерді қорғау мақсатында шет ел агрессорлары мен байларға қарсы шыққан қарулы топтардан басталады. Әрине ол кездегі мафия мен бүгінгі мафияны салыстыруға болмас. Сол кезеңде үкімет кедейлерге көмектеспеген соң қара халықтың қорғанышы "мафия" болғанға ұқсайды.  

Мафия ұйым ретінде тек ХІХ ғасырда орнықты. Ал 1861 жылы саяси күшке айналды. Итальяда мафия өкілдері парламентке мүше болып, елді саяси тұрғыдан басқаруға мүмкіндік алды. Ел басына келген саяси тұлғалар түрлі кезеңдерде мафияға қарсы шығып отырған.

1872 жылдан бастап бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін сицилиялықтар топ-тобымен Америкаға қоныс аударып, сол жақта өздерінің топтарын құрып, кәсіпкерлікпен айналысады. Нәтижесінде сицилиялық кәсіпкерлер капитал жөнінен америкалық әріптестерінен озып кетеді. Америкада орныққан сициялық топтар әлі күнге дейін италиялық мафия өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, ортақ дәстүрді сақтап отыр. 

Мафия және бизнес

1950 жылдарда Италья үкіметі мафиямен ресми түрде күресе бастайды. Осы кезеңде "Антимафия" деген арнайы мекеме құрылады. Мафиоздар кәсіпкерлерге айналып, наркобизнес, жезөкшелік сияқты көлеңкелі бизнес түрлерін басқаруға көшкені осы кез. Бүгінде кейбір мафиялық әулеттер мейрамхана бизнесі мен өнеркәсіп орындарын да басқарумен айналысады. 1980 жылдары кландар арасындағы соғыс басталып, көптеген мафиоздар мерт болған.

1963 жылға дейін Италья мафиясы туралы жалпақ жұртқа жария болмаған. "Коза Ностраның"  Джо Валачи деген мүшесі мафиялық ұйымның құпиясын жұртқа жайып салғанда барып, Италья мафиясы туралы ақпаратқа ел қаныға бастайды. Құпия ұйымның әрекеттері туралы ақпаратты жарыққа шығарған сатқынды ұйымның өзге мүшелері кешіре алмайды. Олар Джо Валачи түрмеде отырса да кек алуға тырысқан деседі. Валачидің сатқындығынан кейін Италья мафиясы туралы дүниежүзі біле бастайды. БАҚ-да мафия туралы мақалалар жарияланып, прозалық шығармалар жазылып, фильмдер түсіріледі. Итальян мафиясы жайында ең атақты кітап —  Марио Пьюзоның "Өкіл әке" деген шығармасы.  

Италияның ішкі істер органдары ондаған жылдар бойы мафиямен күресіп келеді. 2009 жылы итальян полициясы сицилиялық мафия жетекшілерінің бірі Доминико Раччульяны тұтқындайды. Осы жылдың қазан айында ағайынды Паскуале, Сальваторе мен Кармине Руссо деген үш ірі мафиоз ұсталған болатын. Осы жылдың мамыр айында Рочелла-Ионика қаласында Италия полицейлері мемлекеттегі ең қауіпті 30 қылмыскердің бірі Сальваторе Колуччоны тұтқындайды. Ол соған дейін автономды электрогенератормен жабдықталған, ауа желдеткіші бар, мол азық-түлік қоры сақталған бункерде тығылыпты.

Бүгінде мафия Итальядағы бизнестің ірі саласы екені жалпақ жұртқа аян. "Мафия" порталының мәліметіне сүйенсек, бұл саладағы қылмыстық топтардың табысы бір жылда 2,78 млрд фунтқа өскен. Итальяның рэкетизммен күрес жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Тано Грассо бір жылда мафия рэкетизмнен 21 млрд фунт па          йда тапқандығын мәлімдеген. Бұл Итальяның оңтүстігіндегі 160 мың фирмадан түскен "сыйлық". 15 млрд фунт ұрлық-қарлық, контрабандадан, 5 млрд фунт контрафактілі сөмкелерді және DVD-дискілерді сатудан түскен. Ал тағам өнеркәсібінен түскен таза пайда 5,2 млрд фунтты құрайды. Жер-жердегі заңсыз дүкендер де мафиялық топтарға тиесілі.

«Коза Ностраның он өсиеті»

Бұл мафия мүшелері ұстанатын ресми емес заңдар жиынтығы. Аталмыш құжат 2007 жылдың 5 қарашасында "Коза Ностраның" ықпалды мүшесі Сальваторе Ло Пикколо тұтқындалған кезде табылған. Былғары портфельдегі мафия ұйымының өзге де құжаттары арасында сақталған ережелер жиынтығында былай деп жазылыпты.

1.Ешкім өзі келіп "біздің" достарымызға өзін-өзі таныстыра алмайды. Оны біздің басқа бір досымыз таныстыруы керек.

2.Достарыңыздың әйелдеріне ешқашан қарамаңыз.

3.Полицейлер ортасында көзге түспеуге тырысыңыз.

4.Клубтар мен барларға бармаңыз.

5.Сіздің міндетіңіз — қашанда "Коза Ностар" қарамағында болу, тіпті әйеліңіз босанып жатса да.

6.Белгіленген кездесуге уақытылы барыңыз.

7. Әйеліңізді сыйлаңыз.

8.Сізден бір ақпарат сұралса шын сөйлеңіз.

9."Коза Ностраның" басқа мүшелеріне немес олардың туыстарына тиесілі қаржыны иеленуге болмайды.

10."Коза Ностраға" мыналар мүше бола алмайды: жақын туысы полицияда қызмет ететіндер,  туысы әйеліне (күйеуіне) адал емес болса; өзін өзі дұрыс ұстамайтындар және ар-ождан принциптерін сақтамайтындар.

Мәліметтерге қарағанда бұл ережелерді жас ұрпаққа үлгі болсын деп, Ло Пикколоның өзі жазған көрінеді.

Әзірлеген Дана Қамшыбек

Связанные Статьи