ЕРДОҒАН-ПУТИН: ҰТҚАН КІМ, ҰТЫЛҒАН КІМ?

/uploads/thumbnail/20170709052412586_small.jpg

Түрік басшысы Режеп Ердоғанның Петерборға барып, Путинмен кездесуі, екі елдің арасындағы қарым-қатынастың қайта жандануы БАҚ пен сарапшылар арасында қызу талқылануда. Біреулер Ердоғанның Ресей алдында «иілуін» ерлікке балап, елінің мүддесі үшін жасалған қадам десе, енді бірі оны жарты әлемге жексұрын болған Путинмен одақтасты деп айыптауда. Экономист, саясаткер Мұхтар Тайжанның Ердоған мен Путиннің соңғы кездесуіне қатысты өз ойы бар. Ол қайта жанданған екі ел қатынасынан Ердоғанның, сол арқылы Түркияның ұтары көп деп санайды.

«Ердоғанның бір ғана мақсаты бар. Ол Ресеймен жақындасу арқылы АҚШ-қа шантаж жасауды, сөйтіп ол жақтан Гүленді алдыруды және Еуроодақ пен Түркия арасындағы визалық режимді жоюды ғана ойлап отыр», - дейді М. Тайжан. Экономист Ердоғанның бүгінгі жүйкесінің жұқарып жүргенін Түркиядағы төңкеріс әрекетіне байланысты 300-ге жуық адамның зардап шегуімен түсіндіреді,

М. Тайжанның ойынша, Ердоған қанша ашуға берілсе де Еуроодақ пен АҚШ-ты Ресейге ауыстыра қоймайды.

«Ол соншалық деңгейде ашушаң емес. Әлемдік және озық технологиялы Ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын ол 2 пайыздық шикізатқа негізделген ІЖӨ-ге, 1 миллиардқа жуық бай да, төлем қабылеті зор нарықты 140 миллион кедейге айырбастамайды. 60 миллиардтық қана бюджеті бар, құр дарақылыққа құрылған Ресей әскерімен одақтасып, тәртібі мен технологиясындағы айырмасы жер мен көктей, әлемдегі ең күшті, шығыны 1 триллион доллардан асатын әскери блоктан алыстау да ойы жоқ», - дейді ол Ердоғанның Путинмен жақындасуы туралы.

Саясаткер Ресей мен Түркия арасында көптеген саяси мәселелерге қатысты да алшақтық бар екенін алға тартады.

«Ресей мен Түркияның мемлекеттік мүдделеріндегі алшақтық та ешқайда кеткен жоқ. Сол қалпы. Сирия, Қырым (татарлар мәселесі), Армения, Әзірбайжан-Қарабақ, Украина, Қара теңіз, басқа да бұғаздар – осылардың барлығында Анкара мен Мәскеудің ұстанымдары қарама-қайшы. Тарихта түріктер мен орыстар арасында 12 соғыстың болуы тегіннен тегін емес», - деген М. Тайжан екі президенттің арасындағы келісімдердің жүзеге асуына да Брюссельдің ықпалы сақталатынын айтады.

Саясаткердің ойынша, Петербор сапарынан Ердоғанның ұтқаны көп көрінеді.

«Ердоғанның ұтқан жері көп: жаңа құрылыстар, Антальяға ұшатын чартерлер, сауда санкцияларының алынып тастауы, Түркия ағыны. Бірақ, Путин Ердоғанның уақытша жағдайына мастанып, Украина майданындағы өз күшін тым асыра бағалап отыр. Украинаға ауыз саламын деп, тісін сындырды, көп нәрсені жоғалтты. Кезекті тамыз аферасы да сәтсіздікпен аяқталады», - дейді М. Тайжан.

Связанные Статьи