Зырян ауданы Бұқтырма жағалық туристік аймағымен Қазақстанға кеңінен танымал. Биылғы жылы туризмді дамытуға мақсатында жаңа демалыс орындары ашылып, туристік инфрақұрылымды жетілдіруге негізгі екпін жасалған, - деп хабарлайды Qamshy.kz .
Жаңа Бұқтырма ауылының әкімі Жанат Солменбаева мәлім еткендей, жолдарды жөндеуге кәсіпкерлер де қолдау білдіруде. Осының арқасында бірнеше демалыс базасына апарар жол күрделі жөндеуден өткен.
– Туризмді дамытушы негізгі тетігі ретінде мемлекеттік бюджеттен 10 млн, демеушілер қаражатынан 54 млн теңге бөлініп, жалпы 12,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Енді тағы 1,5 шақырым жолды жөндеу жоспарға алынып, қаражат бөлінуде, – деді Жанат Солменбаева.
Айта кетсек, аталған демалыс базасының маңынан 100 адамға арналған қонақүй салынуда. Жеке кәсіпкердің ісіне жәрдемдесіп, туристердің санын арттыру мақсатында бұл жерге де жолды жөндеу қарастырылған.
Қазірдің өзінде Бұқтырма су қоймасының жағалауында 99 демалыс базасы орналасқан. Жеке меншік кәсіп пен туризмнің көзіне айналған базалардан өткен жылдың өзінде 23779,6 мың теңге көлемінде салық түскен.