ЖЕР КОМИССИЯСЫНЫҢ ШЕШІМІ АСҚАРДЫ АБЫРОЙСЫЗ ҚАЛДЫРМАСЫН

/uploads/thumbnail/20170709052511571_small.jpg

Осы айда Үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы қорытындыланады. Тіпті, ертең өтетін отырыс комиссияның соңғы бас қосуы болуы да ғажап емес. Бірақ, бастысы ол емес. Маңыздысы – комиссия қабылдайтын шешім.

Бұған дейін жазғанымыздай, комиссия мүшелері әзірге жер реформасындағы принципті мәселелер бойынша бір келісімге келмеді. Жерге жеке меншік енгізу мен шетелдіктерге жалға беру жайы әлі біржақты етілмеді. Ондағылардың мамырдан бері ортақ келісімге келгені – жер дауында бұрын сөз етілмеген үш мәселе: шекаралық аймақтардағы жер учаскелерін жалға беру, сату, жайылым жерлердің мәртебесі, ірі жер учаскелерін пайдаланушылар туралы ақпараттардың ашықтығы және Қазақстан азаматтарына ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жалға алу мүмкіндігін қалдыру.

Премьер-министр өкімімен құрылған комиссияға алғашында бірініші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев төрағалық жасағанын білеміз. Министрлер кабинетіндегі экономика мен өндіріс, инвестиция тарту және жаңа технологиялар саласына жауапты Б. Сағынтаев жер комиссиясының отырыстарына модераторлық жасағанымен, бұл мәселеге қатысты қандай да бір ұстанымын аңғартпады. Соған қарамастан жұрт оның жерді сатуды, шетелдіктерге жалға беруді ашық жақтамағанына шүкір деді.  

Кейін вице-премьерлік лауазымға тағайындалған Асқар Мырзахметовке Жер комиссиясына жетекшілік ету қоса жүктелді. Оның өткізген жиындарын да көрдік. Сыпайылығымен көзге түскен Сағынтаевтай емес, Мырзахметов әр отырыста жер реформасына қатысты Үкімет ұстанымын ашық қолдайтынын аңғартып қойғанын айтып жүргендер бар. Әңгіме де осы жерден шығады.

Бұған дейін жер реформасына қатысты сыни пікір айтып, жерді сатуға, шетелге жалға беруге қарсылық танытқандар әлі де сол ұстанымдарынан жаңылмады. Жер сатуды қолдайтын кәсіпкерлер мен агрария өкілдері де райынан қайта қоймады. Комиссия құрамында қара көбейткені болмаса, үш ай ішінде жарытып ештеңе айтпағандар да бар. Енді сол сан пікірді бір жерге тоғыстырып, ортақ шешімге келуде, комиссия атынан ұсыныс әзірлеуде оның төрағасының, Мырзахметовке бағынышты комиссия штабының рөлін тәптіштеп айтып жату артық болар. Комиссия отырыстарында айтылған ұсыныстар мен сын, ескертпелер дауыс беру арқылы қабылдана ма, әлде барлық қатысушылардың көңілінен шығатын консенсус түрінде жүзеге аса ма, оның барлығы Асқар Мырзахметовтың азаматтық ұстанымына, мәселенің маңызын терең түсініп, өзекті тақырыптың өртке айналып кетпеуін шамалауына тікелей байланысты. Сағынтаевты премьер-министр комиссия жетекшілігінен босатқанда «Бақытжан үлкен абыройсыздықтан аман қалды. Жер комиссиясының не шешетіні қазірден белгілі. Ол шешім жер мәселесіндегі халық талап етіп отырғандай болмайды. Сондықтан да ерте бастан бәлелі жерден аулақ кеткені жақсы» дегендер болған. Одан бері де біраз уақыт өтті. Негізгі мәселелер бойынша комиссия бір тоқтамға келмеді. Енді сол Сағынтаевты сақтандырғандардың айтқаны айдай келіп, ел мақтаған Асқарымыз абыройсыз қалмай ма деп алаңдап отырған жайымыз бар.

Жомарт Абдоллаұлы

Связанные Статьи