Батыс Қазақстандағы Ақжайық ауданында «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны!» ғылыми-өлкетану экспедициясы XVIII-XIX ғасырдағы көне қорымдардағы араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеуде. Биыл төте жазуды оқуға төселген мамандар оралдық Қазыбек Құттымұратұлы мен жаңақалалық Мұратбек Жахатов және Жаңақала музейінің директоры Аманжол Сәлімов,і экспедиция жетекшісі, белгілі өлкетанушы, Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылындағы педагог Жәнібек Әбілпейісов көне құлпытастардың орнын анықтап, картаға түсірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz zhaikpress.kz - ке сілтеме жасап.
Айталық, Кенжеғара қорымындағы Сатай батыр Кенжеғараұлының (1781-1865) құлпытасына биыл да ерекше назар аударылды. Ал Сартай би Сатыпалдыұлының (1797-1868) құлпытасы былтырғы экспедиция нәтижесінде табылған-ды. Қорым маңайы мен XIX ғасырдағы Соналы болысының билеушісі Мұхамеджан Сарғожин мен оның ағайындары отырған ауыл орны картаға түсірілді. М.Сарғожин кезінде Соналы болысын басқарған. Сенаттың жарлығымен дворяндық дәрежемен тепе-тең келетін «Россия империясының мирасқор құрметті азаматы» деген титулы болған. Ол Соналы болысында ауыл балаларына деп 50 орындық бір кластық орыс-қырғыз училищесін ашқызған. Оның жартысына өз қаражатымен, 25 балаға болыс қазынасына интернат ашып, қамқорлық жасаған, сондай-ақ Оралдағы реальдық училищеде оқып жүрген қазақ жастары үшін стипендия беріп отырған.
Мұрағаттық деректе 1904 жылы қазақ балаларын оқытуға беркітілген жауапты зиялылар қатарында Орынборда Мейірман Бисенұлы, Жымпитыда Әбдуғали Құмайұлы, Калмыковта Ибрагим Шынарұлы, Қарашығанақта Үмбетқали Дүйсенбіұлы, Ілбішінде Құрманғали Сүйірбайұлы, Соналыда Мұхамеджан Сарықожаұлы, Өлеңтіде Мұзафар Омарұлы болып, балаларды қазақ тілі, орыс тілі және математикадан оқытты деп көрсетілген.
– Экспедиция Байшөрек күтіріндегі Сүгір жырау қорымына бір күнін арнады, –дейді Ж.Әбілпейісов.– Ол 1868 жылғы патша реформасына қарсы Кіші жүз қазақтары ұйымдастырған «Ел ауа» көтерілісіне қатысқан. Байшөрек жерінде ата-бабасының қонысында қалған шаруа Есқали Шымыров төрт түлік малвн көбейтіп, тірлігін дөңгелетіп отыр. Қожалығының аты – «Шымыр мешіт». Есқали атақты Сүгір жырау Мырзалыұлының шөбересі, Шымыр ишанның немересі. Шымыр осы жерден екі мешіт салдырған үлкен ғұлама, ишан болған. Қажылыққа 5 мәрте барыпты.
Осы жолы Мұратбек Жахатов пен Қазыбек Құттымұратұлы Сүгірдің құлпытасын тауып, мәтінін оқыды. Осылайша, тарихтағы ақтаңдақтың бірі кетіп, Сүгір жыраудың туған, өлген жылдары мәшһүр болды.
Экспедиция мүшелері Байбарақ батыр кесенесі маңындағы көне қорымдағы құлпытастарды да нөмірледі.
Байғұтты-Шолаққамыс қонысындағы қорымның былтыр нөмірленіп, картаға түскені істі жеңілдете түсті. Құлпытастар карта бойынша оңай табылды, көбінің мәтіні оқылып, қағаз бетіне түсті. Шолаққамыс көлдігінің қыр бетіндегі көне қыстау орындары байқасталды. 12 қыстау орны картаға түсірілді. А.Сәлімов осы жерден патша эмблемасы мен жазуы таңбаланған әтір құтысы мен тасқайрақ және темір үзеңгінің қалдығын тауып, Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайына тарту етті.
Байшөрек елді мекенінен 3 шақырым қашықтықта батыс бетте Қуқұлақ деп аталатын ескі қорым бар екен. Жоспарда болмаса да, экспедиция Есқали Шымыровтың жол бастауымен сол қорымға келіп, зерттеу жүргізді. 9 құлпытас нөмірленіп, фотосуретке түсірілді.
Базаршолан ауылындағы қорымдағы 31 көне құлпытас, Ескі Есім ауылы маңындағы Есім хан жерленген зиратта 46 көне құлпытас анықталды. Ағаларының қасында жүрген оқушылар – Жәнібектің шәкірттері құлпытастағы көне сандардың қалай таңбаланатынын үйреніп, арабша сандарды оқи алатын дәрежеге жетті. Сөйтіп, 5 күн жорықта Кенжеғара, Байшөрек, Байбарақ, Қуқұлақ, Базаршоландағы 5 қорым түгел оқылып, нөмірленіп, картаға түсірілді.
Ғазиз ҚҰРАМШҰЛЫ