Ислам Кәрімовсіз де өзбектің таңы атып, күні батады

/uploads/thumbnail/20170709061136162_small.jpg

27 жыл Өзбекстанды басқарған Ислам Кәрімовтің қайтыс болуына байланысты не көңіл айтарымызды, не айтпасымызды білмей отырмыз. Қазақта «әкесі өлгенді де естіртеді» деген сөз бар. Шамасы, бұл диктаторларға қатысты емес болса керек.

Бірақ, қалай болғанда да, осымен Ислам әкәнің дәм-тұзы таусылғанға ұқсайды. Білеміз, сіздерде интернет шектеулі, сөз бостандығы деген атымен жоқ. Бір ауыз қарсы сөз айтқанды қудалап, қамап, тіпті атып та тастайды. Мыңдап адам атқанды да көрдік Әндіжанда. Сол себепті, сіздер, бәлкім, кейбір ақпараттан хабарсыз боларсыздар. Қазақстанда да сөз бостандығы шектелсе де, Батыстың, Ресейдің ашық ойлы ақпарат құралдары таратылады. Көптеген құнды кітаптар да еркін сатылымда. Сондықтан, біз білеміз: Ислам әкәсіз де күн атады, батады, жұлдыздар жарқырайды, жауын сіркірейді, түн мен күн алмасады, жер орбитасында айналады. Ислам әкә кетсе де, Өзбек халқы құрымайды! Ақырзаман келмейді! Аспан айналып жерге түспейді! Топан су қаптамайды! Өзбекстан қалады, өзбек ағайындарымыз аман болады!

Кезінде Сталин де өлді. Халық жылап-сықтады дейді. Қазір ондай жылау тек Солтүстік Кореяда ғана бар. Ол елмен жақында дипломатиялық байланысты үздіңіздер. Мұны да бір жақсылыққа жорыдық. Сіздерді Ислам әкәнің өліміне байланысты жылатуы мүмкін. Шын жылайсыздар ма, өтірік пе, ол жағын білмеймін. Қазақстанда өзбек ағайындар көп. «Жыласақ та, өтірік жылаймыз! Қабырғамыз қайысқан түгі де жоқ!» дегендері де аз емес. Оны жақында көрерміз. 

Өзбек пен қазақ ағайын, туыс халық. Әндіжанда халыққа тиген оқ біздің жүрегімізге қадалғандай болды. Білемін, сіздер де Жаңаөзен кезінде қазаққа қайғырдыңыздар. Ағайын сондай болуы тиіс: бір-бірімізге қарасып, көмектесіп, жәрдемші болуымыз керек. Өзбек пен қазақты бәсекелес, дұшпан етіп көрсеткісі келетіндер де аз емес. Меніңше, бұл үлкен қателік. Түбіміз – түрік, бір ағайынның баласымыз. Түсініспестік болады, бірақ ат құйрығын үзіспеуіміз керек. Жаңа өзбек басшысы келген соң қарым-қатынасымыз жақсарады, сауда-саттық күшейеді, сыйластығымыз артады деген үміт басым.

Өзбек-өз ағам дейді қазақ. Аға болғасын ба, диктатордың кетуі деген ауыртпалықты бірінші сіздер көріп отырсыздар. Бұл сыннан сүрінбей, аман-есен өтуіңізге біз де тілекшіміз. Қантөгіссіз, ыдыраусыз, қақтығыссыз биліктің алмасуын қазақ та тілейді. Құдай қосқан көршіміз, іргеміздегі Өзбекстанның мықты болуын қалаймыз. Бұл жағдайдан өткен соң Өзбекстан демократияға, ашықтық пен жариялылыққа қадам бастаса деген арман бар. Демократия болса, «Кәрімовтен соң не болады? Мемлекетті сақтап қаламыз ба, жоқ па?» деген ой бір сәтке де туындамас еді. Польшаның мысалына қараңыз. Бір ұшақта президенті де, генералдары, жоғары лауазымды басшылары да қаза тапты. Бірақ, Польша орнында тұр, институттары жұмыс істеп, елде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Осындай елді қазақ та, өзбек те құруы керек.

«Өздеріңе қараңдар, бізге нені үйретесіңдер?» деп айтуыңыз да мүмкін. Келісемін. Сәл-пәл жұмсақтығы болмаса, Қазақстанда да - автократия. Біз де ертеңіміз не болатынын білмей абдырап отырған халықпыз. Сіздерге түскен ауыртпалық бізге де келуі мүмкін. Ол жағын білеміз. Сол ғой, бізге демократия керек деп отырғаным. Қазіргі жүрісті қою керек. Бір адамның денсаулығына, қас-қабағына, жағдайына тәуелді болу неткен азап десеңші! Мемлекеттің тағдырын бір адамның қолына беруге болмайды. 25 жыл Тәуелсіздігіміз соны дәлелдеді. Сол жолға бірге жетейік! Өзбек те, қазақ та, басқа да бауырларымыз аман болсын!

Жанболат Мамайдың Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Связанные Статьи