Үнсіздік
Сол үнсіздік, бір үнсіздік баяғы,
Қара тасқа батып кеткен аяғы.
Дала оты да қара түннің ерінін
Cаусағымен үнсіз басып қояды.
Өзендейін құмға арнасы бұрылған,
Сірә, қандай тағдырға мен ұрынғам ?
Найзағай да ақырмайды,
Үн-түнсіз
Аққан жұлдыз тамағына тығылған.
Мен қол созған аспан да, анау, шаршады,
Мойыныма үнсіз білек артады.
Тиын түспес төңкерілген мың түбір
Секілді мың қайршының қалпағы.
Саналардан сарқылғандай күш ұлы,
Үнсіз еміп күмәннің мың күшігі.
Бұлақ үнсіз тарқатылар жүн жіптей
Қуалаған түннің қара мысығы.
Қүте-күте жауап тілсіз қоғамнан ,
Саңырауға айналыпты сан арман.
Қаламыммен қазам үнсіз кеудемді,
Табамын деп дауысымды жоғалған.
******************
Есімде өткен бала күн жағасында Ертістің,
Суын ішпей Ертістің,
О, тәйір, мен өрт іштім.
Қараша үйде білгемін домбыраның қадырын,
Ішегінен ұстағам тарих–шалдың тамырын.
Онсыздағы ертегі болсадағы өмірім,
Ертегідгіде жүретін менің бала көңілім.
Шам түбінде әкешім жыр оқитын мұңданып,
Балауыздың майымен жасы кейде бірге ағып,
Ең алғашқы ақ шашы кетсе нұрға шағылып,
«Қартайма» – деп анама жұрдім іштей жалынып.
Көшкен кезде түйемен кебежеге салатын,
Ол мен үшін өмірде ең жайлы «түрме» болатын.
Үй тікенде шаңырақ көтерсе әкем бақанмен,
Тірек болсам деуші едім, шіркін, тұрып қатар мен.
Қара дөңде сонау бір моласы бар атамның,
Отыратын атам боп бата беріп батар күн.
Сығаласам іргеден жайылған ат тұяғын
Көріп шауып кететін менің құлын–қиялым.
Көріп едім ең алғаш өз бейнемді тұмадан
Тұп-тұнықта тұр екен жаны таза бір адам,
Қайта оралар санадық қайтқан қаздың тізбегін,
Сондықтан да өмірде үмітімді еш үзбедім.
Күрескенде жығылдық гүл жамылған далаға,
Одан әсем жеңіліс, о, дариға-ай, бола ма?!
Одан асқан адал дос таба алмаспыз мәңгі біз,
Тоймаушы едік күшікпен бір жемесек нанды біз.
Көкіректе жұлдыздай бар еді арман тым қалың,
Ақан жұлдыз ең алғаш сездірді өлім ызғарын.
Ойламадым тайымды үйреткенде құлақтап,
Асаулықтан өзім де кетем-ау деп жырақтап.
Ата-анама мәңгіге жүрем дедім бірге еріп,
Гүл көп еді, сондықтан гүл сыйлауды білмедік.
Әкешіме өтірікті көп айтушы ем мақтанып,
Жасасам да не «ерлік»,
«Рас»–дейтін шаттанып.
Атанды әкем мәңгіге...
Жапқан оны бопырап
мені мәңгі есейтті соңғы күрек топырақ.
Өтірікіме сонда мен өкіргемін өкініп,
Барлығын шын қылуға серт бергемін бекініп.
Анам қалды артында жапқан қайғы желегін,
Өзімен бір әкетіп қайта әкелді оны өлім.
Көктеді әке орнына менің ұлым–бір шыбық,
Әке болдым алдыға тынбай тартып тіршілік.
Шалғында емес, бетонда бір жығылып, бір тұрып,
Өтірікті шын қылам деп келем әлі құлшынып!
Есімде өткен бала күн жағасында Ертістің...
******************
Есте қалар Алтай аязы арқылы,
Еленбейді санаңның да салқыны.
Түннің қара теміріне жабылып
Қалатұғын аспанның да ай–тілі.
Күбірлесе мұз астынан бір ағын,
Құлағымды түріп ұзақ тұрамын.
Шашыратып жайылатын жылқылар,
Қармен бірге тарпып күннің шуағын.
Есімді алып еркіндікке еркелік,
Ақ далада тұрғам алғаш өртеніп.
Қиялымды қайтаратын қыран құс,
Көзіменен бір аударып-төңкеріп.
Қар астында қалып қалған ерменім,
Қара өлеңім, есімді алдың,
Сен бе едің?
О, дариға-ай, аязындай Алтайдың
Күшті аяз,
Ыстық аяз көрмедім!
******************
Елеңдей бермен әрнеге,
Өтеді өмір ақырын.
Аспанда жүзген ай–кеме,
Кеудеме тастар зәкірін!
Тереземнен табылып,
Қоймады бұл қыс жылауын.
«Жыр жазып бер!» – деп жалынып,
Тосады парақ–қырауын.
Шаттық шайымен іштім бе,
Қант деп өмір қырсығын.
Түсінер мені қыста үйге
Қамалып қалған бір шыбын.
Тұрып бір қалған тісіме,
Күлкіні сорып күнөлтем.
Тығылып қалды ішіме,
Жалғызым менің–көлеңкем!
Бұл да бір болса бақыт та,
Ақынға тұрған жарасып.
Жол таба алмай уақыт та,
Кеудемде жүрер адасып.
******
Өрге шапты өрекпіп өлең бүгін ,
О, табиғат, тұнығым, тереңдігім.
Тау басынан құлаған мың бұлақтан,
Өріледі етекте өзен–бұрым!
Елемейді ешкім де жоқ-барымды,
Тамамдайын тірлікпен тоқтамымды.
Жапыраққа жалындым,
Мұнда келген
Көміп сал деп маңгіге соқпағымды.
Өз-өзімді амалсыз алдап жүріп,
Апарыпты жапанға жалған тірлік.
Таңдайдағы төк соңғы өлеңімді,
Аямастан, найзағай, маңдайға ұрып!
Түмен тесік шекпені сан ғасырдан,
О, несіне ататын таңға асығам!?
Тасқа айналған таулардың көз жасындай,
Кетейінші домалап жар басынан!
******
Көкірегімде қанатын мың құс қағып,
Екпінінен көзден жасым түсті ағып.
Адамзаттың сәби шағын сағынам,
Таңдайыма құс жолынан сүт тамып.
Дәмін сезіп тастың және темірдің,
Қиял құртын тынбай тағы кемірдім.
Сипаймын қыш құмырасын санамда,
Мың қайтара өніп шыққан өмірдің.
Жыртығына қамсау болмай сан арман,
Шекпен көрдім жүз жүрекпен жамалған.
Сырласамын түмен жылғы тұтқынмен,
Қарашықтың тереңіне қамалған.
Ана–ағашқа болса ,шіркін, таяр күн,
Алақанымды жапырақ қып жаярмын.
Жұлдыздарды сылдырлатып,
Аспанның
Сілкіп- сілкіп қоям аса таяғын...
*****
Қос құлыным: бірі–ай да, бірі–күн,
Олар барда мен аспандай ірімін.
Шаттығыма кейде шаншу қадалса,
Жазар жарым төгіп жүрек жылуын.
Алтайымды мәңгі есіме алармын,
Алармында мен де Алтай боп қалармын.
Атып шығам ылғи да атын ұстауға,
Алатаудан асып келген самалдың.
Кейде үдеп даланы аңсап дауыл боп,
Тас үйлерге соғылатын шағым көп.
Мен тәкаппар емеспін, ей, достарым,
Кекжием тек маңнан ылғи тау іздеп!
Өзін шексіз махаббаты мерт етіп,
Тас көшеге тамды-ау талай ерке шық.
Әлденені болжатады Алматы,
Алақанын Алатауға көрсетіп...
*****
Тағы да қара түнде қанат талып,
Қара өлеңге қамығам сыр ақтарып.
Отырсың ба инеңе жіптен бұрын
Саусағыңның әжімі сабақталып?
Етекке ентелеген жынды бұлақ,
Қара тасқа тұмсығын ұрды жылап
Маған таңды қалдырып, қара кемпір,
Ішіп қоймақ едің ғой түнді бырақ.
Мен сенің қырды кезген құйының ем,
Тоқтатар бұта сипап бұйрімнен.
Балалық қалды ма, әлде, қап түбінде,
Қасыңда ұршықпен бір үйрілген?!
Сары құмда сексеуіл өртеп келіп,
Сағыныштың сақарын көрмеппе едік?..
Туған жерге бас иіп әлсін-әлі,
Түсімде жүрем ылғи шөмшек теріп!!
Жан жыртығын тігетін жаршым–анам,
Инеңді сабақтайын, келші маған!
Шұрық-шұрық тесік қылды ғой жүрегімді,
Қолдарың кәріліктен қалтыраған!
Қалау Сәлеметбайұлы...
Оставить комментарий