Танымал саясаткер Жасарал Қуанышәлі бұл туралы өзінің Фейсбуктегі парақшасында былай дейді:
Көрші ел басшысының соңғы сапарға аттануына орай алдағы уақытта, әлбетте, түрлі пікірлер айтылады, жазылады, жарияланады. Қазірдің өзінде айтылып, жазылып, жарияланып жатыр. Сондай-ақ, бұл оқиғаға менің де өз көзқарасым бар, алайда ол әдетте мұндай жағдайға орай туындайтын саяси талдау түріндегі қөзқарас емес, әзірше тек өзбек президентінің бұ дүниеден баз кешу СЕБЕБІНЕ байланысты, меніңше, өзінен-өзі сұранып тұрған көзқарас болмақ.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Ислам Кәрімов 26-тамыз күні кешке өзбек спортшыларының осы қазір ғана аяқталған Рио Олимпиадасынан бұрын-соңды болмаған табыспен оралуына байланысты үлкен той (банкет) жасап, сол тойдағы қуаныш үстінде өзінің әкімшілігінің жетекшісі Зелимхан Хайдаровтың сақтандырғанына құлақ аспай, арақ-шарапты ұрттаңқырап қойыпты да, тойдан кейін бір жарым сағат өткен соң сол Зелимхан акамен әңгіме үстінде кенет есінен тана құлап, инсультке ұшырапты...
Ал, білетіндердің айтуынша, Каримовтің Өзбекстан олимпиадалық құрамасының жетістігіне жүрегі жарыла қуанатындай негізі болған көрінеді. Ол негіз – бұл кісінің осы жетістікке тікелей ықпал еткендігі болса керек. Одан да гөрі нақтылай айтсақ, төрт жылда бір рет өтетін осынау ұланғайыр әлемдік жарыс алдында Ислам ака Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (АИБА) президенті Чинг-Куо Ву мырзамен өз кабинетінде жеке жолығып, әңгіме-дүкен құрыпты. Соның нәтижесінде, шетелдік ақпарат көздері хабарлағандай, Олимпиада барысында шаршы алаңда өзбек боксшыларының қатысуымен өткен бірқатар айқастарда төрешілер оларға «оң көзімен» қарап, тіпті жеңіліс тапқан жағдайлардың өзінде өзбектердің қолын көтерді. Не жасыратыны бар, былғары қолған шеберлерінің кездесулерін бастан-аяқ тамашалаған осы жолдар авторы да мұны растай алады.
Мәселен, алғашқы кездесуінен-ақ барша бокс жанкүйерлерін өзінің «мейуезерше» жұдырықтасу шеберлігімен тәнті еткен біздің Қайрат Ералиев 56 келі салмақта байырғы қарсыласы Муроджон Ахмадалиевтен айқын басым түссе де, қазылар алқасы жеңісті өзбек боксшысына беріп, көпшіліктің наразылығын тудырды. Сондай-ақ, мұндай қараулық 64 келіде Гэри Рассел мен Фазлиддин Гаибназаров арасында өткен бәсекеде де орын алып, АҚШ құрамасының бас бапкері Билли Уолштың АИБА-ны «Өзбекстанға болысуда» деп айыптауына, ал, айқасты жіті қадағалап отырған Флойд Мейуезердің төрешілер шешімін «ашықтан-ашық тонаушылық» деп бағалауына себепкер болды. Жалпы алғанда, Уолштың сол кезде-ақ: «Узбекистан точно станет лучшей командой в общем зачете. Они выигрывают все. Даже когда вы побеждаете на ринге, вам не отдадут победу», – деп, көрегендікпен жасаған және кейін шындыққа айналған мәлімдемесімен өз басым толық келісемін. Сөйтіп, жарыстан шығып қалуға тиіс болған аталмыш екі өзбек боксшысы ақырында жүлделі орындарға ілігіп, бірі қола, екіншісі алтын медальға ие болды да, керісінше, жарысты жалғастыруға толық құқықты болған Қайрат Ералиев пен Олжас Сәттібаев (әзірбайжан боксшысы Элвин Мамишзадеден «жеңілді») төрешілердің көпе-көрнеу әділетсіздігі кесірінен Олимпиаданы ерте аяқтап, жүлдесіз қалды. Әйтпегенде, жартылай финалға Қазақстаннан төрт емес, кем дегенде алты боксшы, Өзбекстаннан жеті емес, асып кеткенде бес боксшы шығатын еді.
Сөйтіп, біздің елдеріміз Риоға дейін тәуелсіз мемлекеттер ретінде қатысқан бес Олимпиадада Қазақстаннан алты боксшы чемпион атанып, Өзбекстаннан мұндай атаққа тек бір боксшы ғана қол жеткізсе, бұл жолы бізден тек Данияр Елеусізов қана «қазақ салмағы» – 69 келіде өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты еш күмәнсіз жеңіп, топ жарды да, үш бірдей (!) боксшысы чемпион атанған өзбектер айды аспаннан бір-ақ шығарды! Мұндай "ғажайып" жағдайдың тоқетері белгілі: төрешілер «жасыл жарық» жағып қойған боксышыларының «арқасында» төрт алтын медаль алған (төртіншісі – ауыр атлеттер үлесінде) Өзбекстан құрамасы Риодағы ойындардың соңғы күні тек боксшылар жарысында ғана емес, жалпы есепте де Олимпиадалар тарихында алғаш рет Қазақстанның алдын орап кетті!
Әрине, бәрі адал болған жағдайда, сөз жоқ, біз қоңсылас елдің жетістігіне өзбектермен бірге қуанар едік. Алайда, олай болмаған соң, шындықты айтпасқа да амал жоқ. Және де, кім біледі, мүмкін, Өзбекстан басшысының кенет қазаға ұшырауына жоғарыда айтылған жағдайлар да себеп болған шығар?..
Дей тұрғанмен, әрине, Ислам Каримов қазасының арты қайырлы болғай деп тілейміз! Өзбекстан үшін, бауырлас өзбек халқы үшін...
Сөз соңында ескерте кетейін: Олимпиадада орын алған келеңсіз жағдайларды көлемдірек қамту ниетімен бұл мақаланы мен, көңілімде еш секем жоқ, осыдан бірнеше күн бұрын жаза бастағанмын. Алайда, өзбек президентінің алдымен инсульт алуы, одан соң қайтыс болуы жөнінде оқыс хабар тарауына байланысты ол жұмысты кідірте тұрып, ақыр соңында мақаланы бүгін қысқартып және осылайша өзгертіп жазуға тура келді...
Оставить комментарий