Qamshy.kz ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш әлеуметтік желідегі парақшасында Нұрсұлтан Назарбаевтың Путинге ұлттың ұлы мұрасы саналатын қамшыны сыйлауы - қауіпті нышан әрі үлкен қателік болғанын жазады.
Ол парақшасында "Қазақ бақталасына, бәсталасына, дұшпанына астындағы атын берседе, қолындағы қамшысын сыйламас болар еді. Ең жақын екі достың серттесуінде ғана қамшы ауыстырып анттасатын. Ұлттың ұлы мұрасы ретінде қонағыңа, сыйласыңа қамшы сыйлау - әрине, құптарлық. Ал елдің көшін бастаған көсемнің ізбасарынан басқаға өз қолымен қамшыны беруі - қауіпті нышан. 2018 жылы сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Путинге алтынмен апталған, күміспен қапталған қамшы сыйлап, бөлінбес достығын паш еткендей болған. Араға жыл салмай, билігінен айырылды. Кейінірек «анттасқан андасы» Путинге барғанда, құрметтен қағылып, Лукашенконың қолтығында кеткенін көзіміз көрді. Көп өтпей «бұрқ» ете қалған “Қаңтар оқиғасы”Елбасы әулетіне қамшы боп тиді. Қамшы – билік, қамшы – дес, қамшы – намыс. Сен қанша дос көріп сыйласаң да, қас дұшпан қамшыны өзіңе сілтейді.
Кешелі бері Назарбаевтың Путинге барғаны сөз болып жатыр. «Қара қытай қаптап, сары орыс әкеңдей» көрінсе де, Тәуелсіздігімізді тәрк етіп, қит етсе Мәскеуге маңырайтын құлақкестіліктен қашан құтылармыз?! Билік ұстағандар «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайтын» Қамшының қасиетін түпсанасымен түсінсе нетті!.." деп жазады.
Пікір қалдыру