"Ұлттық әлеуметтік қор" ұйымдастырылып, қаржылық түсімдер халыққа жұмсалуға тиіс"

/image/2020/04/24/crop-17_5_607x968_news1514265199.jpg

Құрметті Маргулан Сейсембай!

Мынау оспадар биліктің үйіңізді торуылдап, жеке өміріңізге қол сұғып отырғаны отанымыз ортақ болғандықтан мені де алаңдатуда. Қайраткер ғалым Сәкен Өзбекұлы ағамыздың «халықты үрейде ұстап, қоқан-лоқы көрсететін билікте еш қадір-қасиет болмайды» деп айтқан сөзі есіме қайта-қайта түсіп, налып отырған жайым бар. Осыдан-ақ құқықтық мемлекет орнату сұрағы тез бола салатын шаруа емес екенін байқауға болады. Бірақ бұл жағдайды түзетуге болмайды деген сөз емес. Өздеріңіз секілді азаматтар жол көрсетпей, іс өнбейтіні белгілі. Себебі ұжымдық сана бірінші кезекте сөзге емес, іске сеніп, мифке емес, ритуалдың атқарылуына назар аударады. Тұлғаға, шынайы көшбасшыға ереді һәм еліктейді. Қазақ – көргенін істейтін халық екенін Өзіңізде жақсы білесіз. Сондықтан да басыңызға төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан, төмендегі мәселеге қатысты ұстанымыңызды жұрттың білгісі келеді деп ойлаймын.

Біріншіден, сонау 90-жж. жүргізілген жекешелендіру процессі бүкіл Қазақстан халқына тиесілі мемлекеттік меншікті ат төбеліндей 3-4% азаматқа үлестіріп берді. Сол кезде сәтті қимылдап қалған азаматтардың ішінде Өзіңіз де барсыз. Адал иеленуші ретінде капиталды жолға қойып, қажыр-қайратыңыздың арқасында үлкен жетістіктерге жеттіңіз. Оны мойындау қажет. Әйтпесе, солардың көпшілігі арамтамақтық танытып, ішіп-жемнен аса алмай, ұлттық экономикаға мысқалдай да пайда әкелген жоқ. Бірақ, бұл 90% астам халықтың «МЕМЛЕКЕТТІК МЕНШІКТЕН ТЕҢДЕЙ ҮЛЕСТІ БОЛУ ҺАХЫН» аяққа таптағанын жоққа шығара алмайды. Теңдік – құқықтың фундаменталды қасиеті. Сондықтан да 90-жж. жүрген жекешелендіруге белгілі заңгер, академик В.С. Нерсесянц «антиконституциялық» деп баға берсе, қазақстандық заң ғылымының патриархы, академик С.З.Зиманов оның «ақ-қарасын анықтау» қажеттігін айтқан болатын.

Екіншіден, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, заңсыз жекешелендіруден демде байып шыққан ат төбеліндей азаматтың ептілігі – «БІР КҮНДЕ БАЮ» деп аталатын мифті заңдастырып, коррупциялық қоғамның тұсауын кесіп берді. Сансыз уақытыңды сарп етіп, адал еңбекпен мал табудың орнына, бір сәтте байып шыға келетін «қымқырушы, жымқырушы» мінезді қалыптастырды. Осы күні таяқтың бір ұшы Өзіңізге қайта айналып тиіп, зардабын тартып отырсыз. Бұлай елдігімізді түзей алмайтынымыз бесенеден белгілі. Сол себепті қоғамдық сананы жаңғырту – оны сауықтыру арқылы іске асып, жіберген қателіктерімізді мойындап-түзетуден басталғаны абзал. Бұл туралы ойымызды бірнеше жыл бұрын жазған да болатынбыз https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=164868034132923&id=100018291819521

Сондықтан да жекешелендіру кезінде байып шыққан осы күнгі қазақ байлары табыс әкеліп отырған бизнесінің 49%-ін халықтың атына жазып беруі тиіс деп санаймын.

Сіз «Алель Агро»АҚ-ғы бизнестің 46%-і сингапурлық, яғни шетелдік акционерге тиесілі екендігін айтып отырсыз. Қазақстан халқы осы үлесті иемденуге, сөйтіп әлеуметтік өмірін оңтайландыруға хақылы емес деп санасаңыз уәжіңізді тыңдағымыз келеді. Уағында халықтың үлесінен баюға мүмкіндік алған ағайын, етек-жеңін жиған соң бенефициарында ұмытпағаны дұрыс болар еді. Бұл әлеуметтік жауапкершілікті ғана емес, елдегі жемқорлық сананы қабырғадан сөгіп, құқықтық мемлекет құруға деген сенімімізді іргеден қалаушы еді. Әйтпесе, теңдігі "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында" кеткен қоғамда ерте ме, кеш пе Робин Гудтар шығары анық.

Сондықтанда бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық әлеуметтік қор» (бұдан әрі - Қор) нысанында ұйымдастырылып, қаржылық түсімдер халықтың әлеуметтік мәселелесін шешуге жұмсалуы тиіс. Бұл байлардың қатарына Сіз ғана емес, Forbes тізіміне енетін қос президенттің үрім-бұтағы (Тимур Кулибаев, Дариға Назарбаева, Динара Назарбаева, Тимур Тоқаев), номенклатура өкілдері, резидент олигархтар (Шодиев, Ибрагимов, Машкевич) мен оппозициядағы азаматтар (М.Аблязов) бірде-бірі алаланбай, тегістей қабылданғаны жөн. Қор жұмысы жарғыда көзделген мақсаттарға сай Қазақстанның барлық аудан орталықтарында заманауи мектеп-интернаттар мен емханалар желісін салу секілді әлеуметтік дамудың орнықты жобаларын қолға алуы тиіс. Осы күні бар бизнесін декларациялап, Қорға 49%-ін жазып бергендер, алдағы уақытта ашылатын бизнесіне 100% дербес иелік ете алады. Сондықтан да ертерек атсалысқан қалталы азаматтар, ел алдындағы қарызынан да ертерек құтыла бастайды.

Әрине, бұл айтылғандар, өкінішке қарай – утопия. Бірақ утопияның табиғаты да сол, оның шарасыздықтан туындайтындығы, белден басқан басбұзарлық пен деспоттық билікке қарсы амал ретінде дүниеге келетіндігі (Платон, Томас Мор т.б.). Соған қарамастан, Сіздің тараптан атқарылып жатқан көптеген әлеуметтік жобалардан "ел алдындағы борышты өтеу" сипатындағы мазмұн байқалады. Бұларды биліктен қорқып жасауда деген ойдан аулақпын. Осы жұмыстарыңызға жүйелілік сипат берсеңіз, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп, қоғамдық санада үдеріс тудырары сөзсіз. Ол үшін Өзіңіз бастап, осындай Қорды ашуға тиіссіз.

Мұндай утопиялық ұсынысты халықтың есебінен көгерген көп байдың бірде-бірі қолдамайтыны анық. Сондықтан да Сіздің қолыңызда адамдарға от әкеліп берген Прометей секілді ҚҰБЫЛЫС тудыратын көшбасшылық мүмкіндік бар. Оған өреңіз де жетеді, халық та қолдау танытары анық. Елімізге осындай жаңа көш пен құдайлардың қаһарынан ықпайтын Прометейдей көшбасшы керек.

Қалай болғанда да біз тараптан шындық пен әділетке негізделген академиялық пікірімізді айттық, тарихи шешім қабылдау әзірге Сіздің еншіңізде қала тұрады.

Қазыбек Дәуітәлі,

facebook парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар