Қазақстанда президенттік институттың енгізілгеніне 30 жыл толуына орай онлайн режимде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президенттік басқару нысаны. Конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық онлайн конференцияда алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев сөз сөйледі.
– Еліміздің тарихында президенттік институттың маңызы зор. Мықты президенттік басқару институты елімізді саяси, экономикалық және әлеуметтік модернизацияны сәтті іске асыруға жағдай жасап, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз етті. Бүгін де жаһандық коронавирус пандемиясы әлемдегі саяси институттар үшін үлкен сынаққа айналды. Қазіргі таңда жаһандық деңгейдегі саяси құрылым модельдері талқыланып жатыр. Осы ретте Қазақстандағы президенттік институттың өзекті бағасын беру – өте маңызды, – дейді Елбасы қорының атқарушы директоры онлайн конференция барысында.
Қанат Жұмабаевтың айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев нарық экономикасына көшу, демократиялық қоғам құру, ұлттық өзін-өзі дамуды қалыптастыру – тоқсаныншы жылдары мемлекетіміздің негізгі мақсат-міндеттеріне айналған.
– Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының қатысуымен көптеген маңызды шешім қабылданды. Конституция қабылданып, ұлттық валюта енгізілді, Қарулы күштер жасақталып, ұлттық қор жасалды. Ұлттық қор – болашақ ұрпақ үшін қауіпсіздік кепілі. Көріп отырғанымыздай бұл өте дана шешім. Тұңғыш Президент ел басқарған жылдары Қазақстан өте жауапты әрі құрметті халықаралық қауымдастық мүшесіне айналды. Түркі кеңесінің негізін қалаушы атанды. Сол себепті президенттік басқару формасы – Қазақстанның мемлекеттігі тарихында өте маңызды екенін атап өту керек, – деді ол.
Пікір қалдыру