"Ұлтаралық идеология тек Назарбаев есіміне тәуелді. Жағдай үрейлі"

/image/2020/05/01/crop-6_3_295x523_33ab49542a87500f92e95f4ba75a3b69.jpg

Бүгін мереке көрінеді. «Қазақстан халқы бірлігінің күні» деп жатыр. Аты жақсы. Бұрынырақта бұл тап күресінің мерекесі, жұмысшылардың митингке, демонстрацияға шығатын күні болатын. Заман өзгерді де, мерекенің де мәні қоса өзгерді. «Митинг, демонстрация» десе қазір Қазақстан үкіметінің жүрегі ұшып, жаны шошиды.

Ресейде Бірінші Мамыр – Көктем мен еңбек мерекесі. Тәжікстанда тап солай. Бұл күн Арменияда, Украинада, Белоруссияда, Австрияда, Аргенинада «Еңбек мерекесі». Ал біздің елімізде «Қазақстан халқы бірлігінің күні» деп аталады. Бірақ осы мерекеге менің ішім жылымайды. Қолдан жасалғандығы көрініп тұрады. Қабығы жылтырақ, іші бос! Формасы бар да мазмұны жоқ.

Дұрысында мемлекеттің ішкі тыныштығы мен тұрақтылығы мемлекет құраушы ұлттың толеренттылығына тікелей тәуелді. Қарасаңыз, дәл қазақтай толерантты, қазақтай момын халық жоқ. Бірақ елдегі бүкіл саясат мемлекет құраушы ұлттың төңірегіне, мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастырылғанда ғана баянды.

 

Мәселен, Ресейде барлық ішкі саясат орыс халқы мен орыс тілінің төңірегіне, Гүржістанда гүржі халқы мен гүржі тілінің төңірегіне, Өзбекстанда өзбек халқы мен өзбек тілінің төңірегіне шоғырландырылған.

 

Сол сияқты бізде де мемлекет құраушы ұлт ретінде Қазақ халқы Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдеріне қамқор әрі олардың дамуына жауапты екендігі конституциялық нормалармен бекітілуге тиіс еді. Елдегі күллі саясат қазақ халқының төңірегіне шоғырландырылғанда ғана мықты арматурадай өзек пайда болатын.

Ал іс жүзінде қалай болып шықты?

 

Бізде 130 ұлт тұрады деп жалпақшешей боламыз. Демографиялық құрылымға қарасаңыз саны 100 мыңнан асатын небары тоғыз ғана этнос бар.

 

Қазақ халқының мәртебесі солармен бірдей диаспоралық деңгейге түсіп қалған. Қазақстан қазақ халқының мемлекеттілігі болғанымен оны ешкім мойындап жатқан жоқ.

Мойындататын мемлекеттің сұры анау: конституциялық норманы орындауды талап етудің орнына бөтен тілдің алдында тізерлеп тұрған. Әр этнос – өзінше бір құдай. Тұрмыстық қарым-қатынаста қазақтарды менсінгісі келмейді. Өз елі, өз жерінде әділетсіздікке шыдамаған қазақ жігіттері кей тұста амалсыз өз намысын жұдырықпен қорғауға мәжбүр.

Түрлі диаспорлардың басын қосатын өзектің (стережень) болмауы дәрі толтырылған кеспектің үстінде отырғандай әсер береді! Өміріміз күтпеген оқыс оқиғаларға толы. Қазақ-шешен (Жаңаөзен – 1989), (Өскемен – 1992), (Ақтау – 2006), (Маловодное – 2007), қазақ-түрік (Теңіз – 2006), (Буырыл – 2016), қазақ-ұйғыр (Шелек – 2006), қазақ-күрд (Маятас – 2007), қазақ-тәжік (Бостандық ауылы, ОҚО – 2015), қазақ-армян (Қарағанды – 2018), қазақ-дұңған (Қордай – 2020) қақтығыстары соның дәлелі.

Диаспоралардың басын қосуға тиісті Қазақстан халқы Ассамблеясы «арматурасы» болмаған соң мүлде дәрменсіз, таза бутафориялық құрылымға айналған. Содан Қазақстан «бірлігі» өте аморфты, берекеті кем. Бүгінде Қазақстандағы ұлтаралық идеология тек Назарбаев есіміне тәуелді. Оның өзі уақытша. Жағдай үрейлі.

Осындай жағдайда «Қазақстан халқы бірлігінің күні» сияқты аты бар да заты жоқ саяси мерекенің атауын жай «Еңбек мерекесі» дей салған жөн шығар. Ал шынайы саяси мереке етеміз десек, қазақ халқының мемлекет құраушы мәртебесі конституциялық жолмен баянды етілуге тиіс!

Бір ұлттың, бір тілдің, бір діннің айналасына топтасқан мемлекет қана ұтады!

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев)

Жазушы-публицист

Facebook парақшасынан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар