Зерттеу нәтижесі: қазақстандықтар қай ақпарат көзіне сенім артады?

/uploads/thumbnail/20250812153619398_big.webp

Ақпарат алмасу – күнделікті тұрмыс-тіршіліктің, қоғамдық қатынастардың, саяси-әлеуметтік-экономикалық байланыстардың негізі саналатын процесс. Ал ақпарат тарату ісі – ақпараттық нарықтағы мемлекеттік, жекеменшік және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. 

 

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Забированың «Қазақстанның медиа-архипелагы» деген тақырыптағы зерттеу материалы жарияланды.

 

Институт тапсырысы бойынша өткен әлеуметтік сауалнамада «Қазақстан саясаты, экономикасы мен қоғамдық өмірі туралы жаңалық оқығанда, қай ақпарат көзіне көбірек сенесіз?» деген сұрақ қойылған. Сәйкесінше, сауалнама қатысушыларына «Республикалық телеарналар, Қазақстандық интернет-БАҚ, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер, шетелдік БАҚ, Баспа газеттері мен журналдары, блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары, радиолар» деген жеті бағытты таңдау ретінде ұсынған.

 

Әлеуметтік сауалнама қорытындысында сенімді ақпарат көздері келесі реттілік бойынша анықталған: республикалық телеарналар (59,1%), әлеуметтік желілер және мессенджерлер (34,7%), қазақстандық интернет-БАҚ (30,3%), баспа газеттер мен журналдар (9,2%), блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары (8,7%), шетелдік БАҚ (8,5%) және радио (5,4%).

 

Еліміздегі ірі институттардың бірі бұл тақырыптарды қозғап, көпшілікке қолжетімді зерттеу қорытындысын жариялау бастамасына, әрине, қолдау білдіріп, құптаймыз. Алайда, бірнеше ескерте кететін мәселелер бар.

 

Бірінші. Білікті мамандар мен әлеуеттік кадрлық құрамда жинақталған институттың зерттеу есептері, сауалнама қорытындылары барлық стандарттарды сақтауы керек. Аталған әлеуметтік сауалнамаға Қазақстанның 17 облысынан және республикалық маңызы бар қалаларынан (Астана, Алматы, Шымкент) 18 жастан асқан азаматтар қатысқаны анықталған. Ал қатысқан адамдардың жалпы саны жоқ. Зерттеу қорытындысындағы әрбір ақпарат көзінің сенімділік деңгейін айқындайтын пайыздық көрсеткіштер қанша адамның ұстаным-көзқарасынан белгілі болды? Ондаған, жүздеген, мыңдаған қатысушы?! Белгісіз.

 

Екінші. Әлеуметтік сауалнаманың мақсатын түсінгенімізбен, оның негізгі қорытындысына әсер ететін бір фактор бар. Ол – ақпарат көздерінің нарықтық рейтинг көрсеткіші. Осы жерден ақпарат тұтынушылардың нақты қай бағытқа басымдық беретіні туралы картиналарды байқауға болады. Қатысушылар саны Х саналатын әлеуметтік сауалнама нәтижесі нарықтық көрсеткіштерден аулақ болмауы керек екені кімге де болса түсінікті.

 

Үшінші. Сауалнамадан тыс мәселе. Мемлекеттік саясатты насихаттау, түсіндіру мақсатын көздейтін мемлекеттік тапсырысты бөлу кезеңінде институт есептері, сауалнама қорытындылары, тұтыну рейтингі көрсеткіштері назарға алынса екен деген ұсыныс бар. Бұл ұсыныс мемлекеттік қаржыны мақсатты жұмсау дейтін стратегиялық ұстанымның оң жамбасына келеді.

 

Ал ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ зерттеу есептерін жариялауды тоқтатпаса екен дейміз. Мемлекеттік деңгейдегі ғылыми дәлдікпен ұсынылатын ақпараттың қолжетімділігі – ашықтық пен диалогтың көрінісі.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар