Ақындар айрықша үн қосты

/uploads/thumbnail/20260220174222174_big.webp автор

Танымал айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан Конституциялық реформа мен жаңа Ата заң жобасына қатысты айрықша тәсілмен үн қатты.
Бұған дейін қоғамдағы айтулы оқиғалар туралы кейде қолдап, кейде зілді сөзбен түйреп, әзіл-қалжың түрінде ән шығарып орындап жүрген олар бұл жолы саяси тақырыпты да қозғап көруге бекінсе керек.
Енді ақындардың әнмен әрлеген жыр жолдарына кезек берсек:
 
«Адам көп бүгін Ата заңды ойлаған.
Ол заңды оқымаса, талдай ма адам?
Цензура жоқ деп тұр ғой, бәрін айтам,
Бауырым, әңгімең бар қандай маған?
Боламыз қандай қоғам?
 
Заңды айтып біздер талай дауласып ек,
Мынаның ана тілде шаруасы жоқ.
Орысша жазылды ғой бұрын заңдар,
Қазақша заң жазылды алғаш рет.
Тілімде бар қасиет.
 
Ал енді Парламенттің қайда мәні?
Ол енді Құрылтайға айналады.
Заң шықса, депутаттар азаяды,
Азайса, көбейеді пайдалары.
 
Біреулер тойып алып шарабына,
«Қазақ ел болмаған» деп лағады ма?
«Мың жылдық тарихы бар ұлы дала»
деп жаздық Ата заңның парағына.
Біздікі дала мына!
 
Сөзіңнен сенің біреу қаймықты ма?
Кең далаң тиесілі қай мықтыға?
Бұл заң да «халықтікі» деп жаздырдық,
жерді де, жердегі бар байлықты да.
Бағытты қойдық тура!
 
Бәрінің референдум ойлағаны,
Зиян ба біреудің қол қоймағаны?
Бір елге айналғанда бүкіл қазақ,
Ұлы елге ғаламдағы айналады.
 
Жігіт көп қыз секілді қылықтары,
Қандай заң арсыздарды құрықтады.
Бұл заңда ер мен әйел ғана үйленіп,
тоқтайды қызтекенің былықтары.
Кетеді құрып бәрі.
 
Өзгеріп күнде заң мен баптарымыз,
Бақытты қашан келеді шақтарымыз?
Бақ деген дәл осылай бейбіт елде
ән айтып, заңды талдап жатқаныңыз.
Бүліктен сақтаныңыз!
 
Си Цзиньпин, Путиннің көп айлалары,
Трамптың болмай жатыр қай қалауы?
Тоқаев тыныштықпен басқарып тұр,
жатқанда соғыс қаптап айналаны.
Ел аман болса, күнде той болады!».
 
Ақындар посттың астына: «Мемлекетіміз маңызды кезеңдерден абыроймен өтіп, азаттығымыз мәңгі болсын! Ер азаматтарымыз отбасының да, Отанның да алдындағы жауапкершілікті сезініп, ұрпақ пен ұлтқа қорған болсын! Сәбилеріміз жыламай, қазақтың әр аруы махаббатқа пен мейірімге шомылып, бақытты ғұмыр кешсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деп жазды.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар