«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деген халқымыздың терең мағыналы даналық сөзі қыз баланың болашақ ана, отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиесінің негізін қалаушы екенін айқындайды. Жаратылысынан нәзік, сезімтал әрі әсерге бейім қыз баланың тәрбиесі – қоғам болашағына тікелей ықпал ететін маңызды құндылық.
Осы бағытта жас ұрпақтың тәрбиесіне, әсіресе қыз балалардың бойына ұлттық және заманауи құндылықтарды қатар сіңіруге үлес қосып келе жатқан ұйымдардың бірі – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Ұйымның бастамасымен Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №141 жалпы білім беретін мектепте 9–11 сынып оқушыларына арналған кезекті семинар-тренинг өтті.
Шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Успанова Айгүл Қазбекқызы ашып, кездесудің маңызы мен мақсатына тоқталып өтті. Ол қыз баланың тәрбиесі – тек отбасының емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін атап өтті.
Семинар барысында «Сенімен Болашақ» РҚБ Алматы филиалының жетекшісі Меруерт Мәулетқызы заманауи қазақ қызының әлеуметтік және этноәлеуметтік бейнесін жан-жақты талдап, бүгінгі қоғамдағы қыз баланың рөліне тоқталды. Ол қыздардың көшбасшылық қабілетін дамыта отырып, ұлттық құндылықтардан ажырамаудың маңызын ерекше атап өтті.
– Қыз бала – болашақ ана, болашақ жар ғана емес, ол – ұлттың рухани өзегі. Сондықтан қазіргі кезеңде қыз баланың бойында жауапкершілік, мәдениет, парасат пен ұлттық тәрбие қатар қалыптасуы қажет. Бабаларымыз ұстанған қыз тәрбиесінің негізі бүгін де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ, – деген мазмұнда ой бөлісті.
Семинардың негізгі спикері – физиолог, биолог, нутрицолог, «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның эксперт-жанашыры Еркежан Маратқызы қыз балаларға денсаулық мәдениеті, дұрыс тамақтану, жеке бас гигиенасы және ерте жүктіліктің алдын алу тақырыптарында жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар ол жасөспірім кезеңіндегі физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді түсіндіріп, репродуктивті денсаулықты сақтау жолдарын нақты мысалдармен баяндады.
Қатысушылар маманға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өмірлік маңызы бар пайдалы кеңестер алды. Жасөспірімдер үшін мұндай ашық әрі шынайы әңгіме олардың дүниетанымын кеңейтіп, жауапкершілік сезімін арттыра түсті.
9 «ә» сынып оқушысы Инабат Әлжигитова өз әсерімен бөлісті:
– Қазіргі таңда ақпарат өте көп. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін ажырату қиын. Тіпті күнделікті тұрмыста қолданылатын заттардың да пайдасы мен зияны туралы біле бермейміз. Бұл семинарда бәрі ашық айтылып, маған өте пайдалы ақпарат берілді. Көп нәрсені түсініп алдым, – деді ол.
Шара соңында мектеп ұжымы мен қатысушылар қыз тәрбиесіне арналған мұндай мазмұнды кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті. №141 ЖББМ директоры Ғазиза Қарағұлқызы басқаратын оқу орнында өткен бұл іс-шара қыз балалардың тәрбиесіне бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Осылайша, «Сенімен Болашақ» РҚБ жүзеге асырып отырған мұндай семинар-тренингтер жас ұрпақтың саналы, дені сау, ұлттық құндылықты бойына сіңірген тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп келеді. Бұл – тек білім беру емес, тұтас ұлттың рухани саулығына қосылған маңызды үлес.
Бифат ЕЛТАЕВА