Банктер мен миллиардерлер Эпштейнді сотталғаннан кейін де қолдаған – жаңа құжаттар

/uploads/thumbnail/20260226093151817_big.webp SM

АҚШ Әділет министрлігі жариялаған жаңа құжаттарға сәйкес, қаржыгер Джеффри Эпштейн 2008 жылы кәмелетке толмағанды жезөкшелікке тарту ісі бойынша сотталғаннан кейін де ірі банктермен және миллиардерлермен байланысын үзбеген.

Эпштейн 2008 жылы келісім негізінде жеңіл жаза алып, федералдық айыптаулардан құтылған. Алайда тіркелген сексуалдық құқықбұзушы мәртебесіне қарамастан, ол қаржы элитасы арасындағы ықпалын сақтап қалған.

Құжаттарда оның АҚШ ірі банкі JPMorgan-дағы бұрынғы топ-менеджер Джес Стейли-мен тығыз байланысы болғаны айтылады. Кейін Ұлыбританияның қаржылық реттеушісі оны Эпштейнмен қарым-қатынасы туралы жаңсақ мәлімет бергені үшін айыптап, қызметтен шеттеткен.

Сондай-ақ Apollo Global Management компаниясының негізін қалаушы миллиардер Леон Блэк 2012–2017 жылдары Эпштейнге салық және мүліктік кеңес үшін 158 млн доллар төлегені анықталған. Блэк өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

JPMorgan Эпштейнмен қарым-қатынасын 2013 жылы тоқтатса, кейін оның негізгі банкіне айналған Deutsche Bank 2020 жылы бақылау талаптарын бұзғаны үшін 150 млн доллар айыппұл төлеген.

Құжаттарда сондай-ақ 2019 жылы тұтқындалуына бірнеше ай қалғанда Эпштейн Мароккодағы Марракеш маңынан 25 млн еуроға зәулім сарай сатып алуға әрекет жасағаны айтылады. Мәміле офшорлық қорлар арқылы рәсімделмек болғанымен, банктер күмәнді аударымдарды кері қайтарып, операцияларды тоқтатқан. Көп ұзамай ол Нью-Джерсиде қамауға алынды.

Эпштейн 2019 жылы кәмелетке толмағандарды саудаға салу ісі бойынша қайта айыпталып, тергеу изоляторында қаза тапқан.

Қатысты Мақалалар