Ғалым Қалибекұлы
1963 жылы 29 наурызда туған.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Моңғолия Жазушылар одағының «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Әлемдік Өнер және мәдениет академиясының тұрақты мүшесі.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Бүгінгі таңда Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары
«Шерлі домбыра» (1997 ж.), «Өмір-ай!...» (2003ж.), «Тоқинақ» (2003ж.), «Ақ кербез» (2011ж.), «Үш тоғыс» (2013ж.), «Ақ көке» (2021ж.), «Шеген» (2023 ж.) қатарлы кітаптары жарық көрген.
Бақытты өлім
– Рыздық қайтыс болыпты.
– Қой-ей?!
– Құдайға рас.
– Астапыралла!
Қажы бетін сипады.
–Мұрнағы күні жолыққанда сап-сау еді, аяқ астынан кеткені-ай, ә! Неден?
– Бала-шағасымен бірге тамағын ішіп, Әзиман жеңгейге: «Басым көтертпей тұрғаны, төсек салып берші», - депті. Әзиман төсегін салып, есігін сыртынан бос жауыпты. Бір кезде «Әзиман!» деп айғай салыпты. Жетіп барса, жастығына сүйеніп отырған қалпы жүріп кетіпті дейді.
–Миына қан кеткен ғой.
– Солай шығар!
Қажы өзегін өртеген өксікті сыртқа шығармай «Уһ!»деп ауыр күрсінді. Көзін жұмып мүлгіп отырды да:
–Құлыным-ай! - деп еңкілдеп жылап жіберді. Көз жасы тырс-тырс тамып, баяу сырғып бара жатты.
Жаманат хабар жеткізгені үшін өзін кінәлі санаған Сәден Қажының бетіне тура қарай алмай, қолына ілінген шырпымен аяғының ұшын шұқи берді.
–Естірткен кісіде жазық жоқ, естіген құлақ жазықты, - деді Қажы кемсеңдеп, – Азамат еді, ер еді! Амал қанша, жас кетті! Кәрі өлетінін, жас өлетінін бір Алла біледі, тоқсанға келіп, томардай болып отырған түр мынау, жаман -жәутікті не қылсын, құдайға да жақсы адам керек. Қап, қап-ай!
Сәден басын көтеріп Қажының жүзіне қарады. Тартылған қайнардай шүңірейген көздің қос жанары лайланып тұр, білтесі біткен шамдай әлсіз, нұрсыз. Шапағы біткен күннің алауындай қып-қызыл.
– Арбаны жек!
Сәден орнынан ұшып тұрып, ат қораға беттеді.
Қажы алдына арба келгенше үйеңкінің тұғылында бүкшиіп егіліп ұзақ отырды. Рыздықтың бейнесін елестетті көз алдына. Осы балаға «Рыздық» деп ат қойып ем, оқыды-тоқыды, ауылға бас болды. Кісіге зәредей зәбірі жоқ аңқылдаған жан еді, отыз жеті – мүшелінде кеткені, құдірет-ай, қыршын ғой, қыршын!
Өзінің тым ұзақ жасағанына налыды. Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеді. Кімнің қуанышына ортақ болмады бұл қарт, кімді қара жердің қойнына салмады бұл қарт. Әбден қажыды, құзғын секілді ұзақ жасағаны үшін өзін-өзі жек көріп кетті. Жанындай жақсы көретін Рыздық жиеніне топырақ салатынын ойлағанда, марқұмның ұлардай шулаған бала-шағасын жұбататынын ойлағанда бек қорланды. Кемпірі кеткелі де, бес баласын өз қолымен о дүниеге аттандырғалы да талай жылдың жүзі болды. Баяғыда-ақ өле салатын жөн келген, құдайдан ақ бұйрық өлім келмесе, бұл не істесін? Осы өңірде тоқсаннан асып, жалғыз жүргеніне зығыры қайнайды. Бірге туып, бірге жасағандардың бәрін өз қолымен бауыздап көмгендей-ақ бетімен жер басады. Әнеу қыратта жыпырлап жатқан қалың бейітке қараудан ұялады. Ескі зират алыста. Осы бертінге дейін тап-тақыр төбе болатын, жер тарылып бара ма, қайдам, ине шанышар орын қалмай барады. Бұл өлсе, төбенің басында бірінші болып моласы тұрар еді. Тірілер алдымен осының басына келіп құран оқыр еді, олай болмады. Әлі жүр сопайып. Дүниенің қорлығы – мынау жұрттың ең соңынан өлем бе деп қорқады.
Баяғыда жасы жүзден асқан бір қария аһ ұрып жылайтын көрінеді. «Ау, ақсақал, несіне жылайсыз, шөбере-шөпшегіңіздің қызығын көрдіңіз, сізде не арман бар!» десе, «е, қарағым-ай, сырласатын бір кісі жоқ қой» дейді екен. Сол айтқандай, Қажының жайын білетін бір пенде қалмады. Жапанда өскен жалғыз ағаштай, сайын далада мұнартып көрінетін дара шыңдай, көлденең көзге күйік боп жалғыздан-жалғыз бұл жүр. Жасы кіші «ата» десе, жасы үлкені «қажы» дейді. Азан шақырып қойған атын ет құлағымен естімегелі қа-шан! Әзілдесетін жезде-жеңгелері, қалжыңдасатын балдыздары жоқ, бір шыны шайды шүйіркелесіп ішетін кемпір-кешек жоқ, ағайынға сыйы бар, өзіне-өзі қадірсіз біреу.
Керторы арбаны еріне сүйретіп келеді. Жануардың желісі жоқ, құр аяң. Қарттың кәрі досы кезінде бәйге біткеннің алдын бермейтін желқанат-жүйрік еді, енді міне қажыған, арық-жабы. Құр сүлдерін сүйреткен бұтартар керік. Арғы тегі Керқұлан екенін әлдеқашан ұмытқан, тектіліктен ада.
– Әй, Сәден, – деді Қажы ауыр ойдан арылып, – Осы Тілеубердінің жесірі қайда?
– Аягөзді айтасыз ба?
– Е, қайдан білейін!
– Байға тиіп кеткен.
– Балаларын кәйтті?
– Қайтуші еді, шешесіне тастады.
– Өзінде ми жоқ қатын екен!
– Оны неге сұрадыңыз?
– Жай, әншейін.
Қажының сұрағана қайран қалды. Шал астыға төселген шөптің үстінде бір бүйірлеп жатыр. Сақалын саумалап, нұрсыз жанарын алысқа қадайды. Ұшы-қиырсыз бір ойдың жетегінде.
Екі үйдің арасы екі белдің ар жақ-бер жағы. Керторының кесірінен мимырттап әлі келеді. Күздің қара суығы денені қариды.
– Әй, Сәден!
– Ау!
– Осы кім қайда жүр?
– Кім?
– Кім әлгі? Ой әлгі Қатыранның қарындасы кім еді?
– Е, Кәмшат апа ма?
– Ия, иә!
– Қайтыс боп кетті ғой.
– Қашан-ей?
– Алдыңғы жылы. Сізді қырқына апарып едім ғой.
– Солай ма? Бәсе, неғып көрінбей кетті десем!
Сұқ саусағын шошайтып айнала-төңіректі нұсқай сөйледі қажы:
– Кезінде мына жер ит тұмсығы өтпейтін ну тоғай болатын. Әнеу жерден өзен ағатын. Неге екенін ит біліп пе, арнасы бұрылып кетті. Әнеу дөңде үйіміз отыратын. Әнеу жақта... ойбай, белім-ай, белім! Жамбас шыдатпайды. Адам үйден шықпаған соң әншейін үйкүшік боп, шау тартып қалады екен ғой...
Шал бірдің басын айтып, бірдің соңына кетті.
– Тоғыз қыз, бір ұл едік, - деді шал, – жартысы аштықта қырылды. Қалғаны ілгерінді-кейінді өлді. Мен қалдым соңдарында. Соғыстан да аман оралдым. Он екі мүшесі сау еркек көрмеген едім, жандарын сүйретіп келді. Құданың құдіреті, бораған оқтың астында жүріп бір жерім жараланбай жеттім елге. Бір ғасыр деген, Сәден-ау, бітпейтін, таусылмайтын уақыт екен -ау! Тіпті жұмыр жер жаралғалы бері тірі келе жатқандаймын. Бұл дүниеден мың мәрте түңілдім. Бір жолы асылып өлмек те болдым. Өле алмадым. «Су ішерлігің бар, дәм-тұзың бітпеген екен» десті жұрт. Не деген бітпейтін дәм-тұз, жеген талқанның да бітер күні болмай ма, жарқыным-ау?! Кемпірім де, балаларым да күте-күте шаршаған шығар. Жұмағын ұрдым, тозағының есігін бір ауық ашса ғой, дәл қазір кетер ем. Қажыдым ит тірліктен...
Шал ауыр күрсінді. Шекесін шеңбектеп үнсіз отырды да бүй деді:
– Қайран жастық-ай! Осы Рыздықтай кезіміз, өңшең зіңгіттей жігіттер бір-бір мықты ат мініп сайланып Қытайға өттік. Ұмытпасам Сарыөлең деген жер-ау деймін, бір үйір жылқыны қуып ала жөнелдік. Жылқышы жігіт өкшелей қуып жеткенде айқаса кеттік. Өзі де бір қарымды жігіт екен. Әп дегенше, екі-үшеуімізді қалпақтай ұшырды. Істің насырға шабарын біліп, шалма тастап, байлап-матап сойылға жықтық та, жылқыларды айдап тайып тұрдық. Өлі-тірісін бір құдай біледі. Қуғыншы келер ме екен деп бірер күн күттік, келмеді. Одан соғыс басталып кетті. Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы заман туды. Әлгі үйірді «Қытайдың үйірі» деп атадық, соның тұқымы ғой мына жаман Керторы. Бірге жүрген жігіттерден біреуі қалған жоқ. Ажал жетсе, не қайла бар, бәрі өлді. Өлмей жүрген мен қақбас, жалмауыз шал дегенде, мына мен сияқтыны айтатын көрінеді... Өзге өлсе де, Рыздық өледі деп кім ойлаған. Әзілі қандай еді, жатыпатар мысқылы қандай еді, «нағашы» деп күлкіге қарық қып кететін, марқұм. Енеңді ұрайынның жындылығы да өзіне жарасатын. Қайтейін -ай, қыршын кеттің-ай, құлыным, қыршын кеттің!
Қажы көз жасына ие бола алмады. Екі иығы селкілдеп, сақалы дірілдеп кетті.
Қажының қан жылағанына Сәденнің жүрегі езілді.
– Сабыр етіңіз, ата! Маған да оңай тиіп отырған жоқ. Аға орнындағы ағамдай болған жігіт еді, балаларына қиын болды. Әзиман байғұс тірідей өлетін болды-ау! Кеше таңертең көргенімде жүгіріп жүр еді, «ертең үйге кел, қонақтармен бірге бол» деп еді аңқылдап. Есімбектен естідім, хабарын сол айтты: «тізгін ұшымен бар да Қажыны алып кел!» деп, келген бетім сол. Ағамдай болған жігіт еді... Амал не!
Өксігін баса алмай өкіріп жіберді.
Бұлар Рыздықтың үйіне зорға жетті. Үйдің іші-сырты абыр-сабыр, азан -қазан, у-шу.
Сәден Қажыны қолтықтап үйге енгізді. Дауыс салған әйелдердің зарлы үні сай-сүйекті сырқыратады. Қажы төрге шығып отырды да, даусы дірілдеп өзін тоқтата алмай еңіреп қоя берді. Қасындағы шоқша сақалды шал Қажыға басу айтты:
– Ақсақал, сабыр етіңіз. Кешеден бері ел сізді күтіп отыр...
Қажы бойын тез жинап, тік отырды.
... Рыздықты арулап жерлеген соң Қажы құран-хатым түсіріп үш күн жатты. Әлгі шоқша сақалды кісі де құран-шарифке жүйрік екен. Екеулеп құран аударды. Кететін күні есік алдында оңаша отрысты. Аты – Нұрислам екен.
– Өңіңе қарасам жас, сақалыңа қарасам біраз жерге келген секілдісің, - деді Қажы.
– Алпыстан астық.
– Бала екенсің.
– Қайдағы бала, шал болдық қой.
– Ескіше оқып па ең?
– Үлкендерден үйренгенім бар.
– Қайда тұрасың?
– Қытайда.
– Рыздыққа қалай туыссыңдар?
– Әкесімен немерелеспіз.
– Е-е...
– Өзіңіз Қытайға барып па едіңіз?
– Ертеде, жас күнімде бір барғанмын.
– Е-е...
– Жас кетті - ә?
– Қыршын. Дегенмен, шешесі, әпеке-қарындасы, енесі, жұбайы жоқтау айтып отырған деген де бір ғанибет екен...
– Тәйт!
– Кешіріңіз, ақсақал... Оны айтып отырғаным, баяғыда Қытайда «мәдени төңкеріс» деген болғанын естіп пе едіңіз? «Шетелде, сәбетте туысқандары бар, қашып кетеді» деп шекараның түбінен жер түбіне бір-ақ айдаған бізді. Көрмегеніміз жоқ. Шешем сол жылдары қайтыс болды. Бір атадан жалғыз тұяқпын, жаспын. Өзім шешемді жуындырып-шайындырып, кебіндеп оң жаққа жатқызып қойдым, үйде тірі жаннан жалғызбын. Көрші-қолаң біздің есіктен сығаламайды, сығаласа бастарына бәле табады. Заң солай, тәртіп солай. Түнімен жылап отырдым, анда-санда шешемнің бетін ашып қарап қоямын. Қолдан келер шара жоқ, жұбататын кісі жоқ. Жерге жарық түскенде кетпен-күрегіммен қоса шешемді қол шанаға салып сүйретіп отырып қала шетіндегі зиратқа апарып, кешке дейін жер қаздым. Қыстың күні, жер тоң. Өзім жаназасын шығарып, арулап көмдім. Үйілген топыраққа қарай-қарай еңіреп үйге қайттым. Жетісін, қырқын, жылдығын өзім өткердім. Көңіл айтқандар да сыбырлап оңашада ғана кездеседі. Сыртымыздан күзет бар, жаза лагерінде еңбек етеміз. Сондай да күндер өтті басымыздан. Оның қасында мынандай өлім – бақытты өлім ғой, шіркін! Жоқтау деген де бір керемет дүние екенін енді түсіндім.
– Көрмегендерің жоқ екен-ау!
– Он жыл жаза лагерінде ауыр жұмыс істедім. Қашып кетеді деп қол-аяққа кісен салады. Шойын темірді шылдырлатып сүйретіп жүріп үй саламыз. Міне, мынау – кісеннің ізі.
Нұрислам балағын түріп, екі аяғының жіліншігіндегі темір бунаған қара дақты көрсетті. Темір шығыршықтың ізі.
– Жұмыс істегенде шешіп тастауға болмай ма?
– Болмайды. «Қашып кетесің» дейді.
– Астапыралла!
– Сіздерде де сондай қиын күндер болды ма?
– Болды ғой, дегенмен соғыстан кейінгі күндерімізге, шүкір Алла!
– Жасыңыз қаншада?
– Тоқсанның төртеуінде.
– Мықты екенсіз.
– Қайдағы мықтылық, көз кетті, құлақ ауыр...
– Е-е...
– Біржола көшіп келдің бе?
– Көшіп келдім.
– Е-е...
– Бүгін қайтасыз ба?
– Кешке таяу қайтам. Мал-жан бар дегендей... Үй де алыс емес, екі белдің астында. Үйге жүр, қонақ бол, дәм тат.
– Ниетіңізге рахмет.
Қажы Нұрисламның бас-аяғын шола қарады. Жауырыны қақпақтай, иықты, еңселі көрінді. «Текті жерден шыққан жігіт екен» деп ойлады ішінен.
– Әкең бар ма?
– Қайтыс болған.
– Иманды болсын!
– Әумин!
– Құдайдың ажалымен кетті ме, жоқ әлде, қытайдың қолынан өлді ме?
– Жас кезінде жылқы қайырып жүргенде сәбеттің жігіттері сойылға жығып, жылқысын барымталап кеткен екен, басына зақым келіп содан оңала алмай кетті, жарықтық!,...
Қажының тұла-бойы тоқ соққандай дір ете түсті.
– Әй, Сәден, арбаны жек. Күн кешкірмей үйге жетіп алайық, - деді міңгірлеп, – Балам, үйге кел, жата-жастана әңгімелесерміз...
Қажы асығыс аттанды.
Керторы арбаны сүйретіп ілбіп барады.