Есік қорғанынан шыққан Алтын адамның күміс зереншедегі жазуларының шифрын ашқан физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Жылқыбаеваның көзі тірі болса биыл сәуір айында 80 жасқа толар еді. Ғалымның мұрасын мемлекет игілігіне жарату әрі ұрпақ жадында қалдыру мақсатында жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Астанадағы Ұлттық музейде "Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым" деп аталатын онлайн-офлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан Археологиялық материалдарды бастапқы өңдеу зертханасының жетекшісі Данияр Болатбекұлы Токиодағы Жапония-Евразия ұйымының төрағасы Хориэ Норио мырзаның құттықтау жеделхатын оқыды.
"Доктор Мағрипа Жылқыбаеваға арналған халықаралық жиын мен көрменің ашылуымен құттықтаймын.
Доктор Жылқыбаеваның физик ғалым ретінде атқарған еңбектері, Алтын адам мен ежелгі 26 таңбаның шифрын ашқаны жайында Жапониядағы ғылыми-шығармашылық ортада белгілі екенін айта кету керек.
Мен де былтыр жазда, ғалымның туған жері Жамбыл ауылында орналасқан мектептегі «Алтын адам» ғылыми кабинетінде болғанымда сондай бір ерекше атмосфераны сезінген едім. Сол сапарымда қазақ мәдениеті тамырланған табиғи ортаның дәмін татып, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың музей үйін көрудің сәті түсті.
Мен бірнеше жыл бұрын өзім жұмыс істейтін Жапония-Евразия ұйымының айлық басылымы «Жапония және Евразия» деген газетке ежелгі 26 таңбаның шифрын ашқан доктор Мағрипа Жылқыбаеваның мақаласын жапон тілінде жарияладым. Бұл мақала оқырмандар арасында резонанс тудырып, Алтын адам мен қазақтың ежелгі мәдениетіне жұртшылықтың қызығушылығын оятты.
Соңғы кезде, Жапонияда түркі халықтарының мәдениеті мен жапонның ежелгі мәдениеті арасындағы байланыс және Қазақстанды танып-білуге деген қызығушылық ұлғайып келеді. Осы халықаралық жиын мен көрме, жапондардың қазақты тану тенденциясына да үлес қосады деп үміттенемін.
Алқалы жиын сәтті өтсін деген тілегімді осы хат арқылы жолдаймын.
Хориэ Норио
Жапония-Евразия ұйымының тұрақты директоры
11 сәуір 2025 жыл" делінген жапон ғалымының хатында.
Одан кейін сөз сөйлеген ҚР Мәдениет қайраткері қайраткері
Толымбек Әбдірайымұлы "Үш қиян" баспасы (директоры Махмут Қосмамбетов) шығарған ғалымның "Алтын адамның мұрасы", "Алтын адамның аманаты", "Құпия күштер құдіреті" деп аталатын кітаптарын музей кітапханасына тарту етті.
Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Махамбетұлы жүргізген басқосуда Мағрипа Жылқыбаева мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар мен педагог-ұстаздар баяндама жасап, қазақ ғылымының болашағы үшін физик ғалым зерттеулерінің маңыздылығы туралы сөз сөйледі.
Жетісу университетінің оқытушысы Динара Болатқызы "М.Жылқыбаева еңбектеріндегі ұлттық код" деген тақырыптағы баяндамасында "Жамбылдың жұмбақ әлемі" атты еңбектің жырау поэзиясын поэтикалық әрі философиялық тұрғыда түсінуде мәні зор екенін айтты.
Физик ғалым мұрасын зерттеуші Асылзат Әлиева "Өндірісті дамыту тарихтан бастау алады" деген тақырыпта презентация жасап, Мағрипа Жылқыбаеваның ғылыми жобаларын өндіріске енгізу қажеттілігіне тоқталды.
Алматы облысы Жамбыл ауылындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Мөлдір Умаркулова шәкірттерінің облыстық, республикалық байқауларда Мағрипа Жылқыбаева мұрасы бойынша жобалар қорғап, екі жыл қатарынан 1 орын иеленгенін айта келе, ғалымның Алтын адам туралы зерттеулері тарихты жаңаша тануға қажет екенін жеткізді.
Есік қорғанынан табылған Алтын адамның күміс зереншесіндегі 26 таңбаны кванттық физика әдістерімен зерттеген тұңғыш ғалымның еңбектерін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында республиканың әр аймағында шаралар өтуде.
Басқосуда сөз алған Каспий қоғамдық университетінің кітапхана меңгерушісі Нұргүл Ошақбаева физик ғалым еңбектерін білім беру мекемелерінде оқыту мен жас ұрпақтың тарихи санасының оянуы үшін маңызды екенін еске салды.
Мағрипа Жылқыбаева Есіктегі Алтын адамның жазуында көрсетілген сілтемелер бойынша көптеген жартас жазуларына арнайы барып, шифрын қағазға түсірген болатын.
«Алтын Адамның күміс зереншедегі жазуын оқып, Мұз
дәуіріндегі алғашқы дүниеден хабар алғаным бір бөлек,
биосферадағы тіршілікті адами өмірге қарай лайықтап берген
124 МИҢ АТИМТИ ПАИГАМБАРдың әрбіреуі жайында мәлімет
алып, сол замандағы тілдік жүйемен танысқаным теңдесі жоқ
бақыт...» деп жазған ғалым "Құпия күштер құдіреті" кітабында.
Мағрипа Жылқыбаеваның еңбектерін зерттеп жүрген қызылордалық педагог Фариза Елеусізова "Алтын адамның аманатын арқалаған ғалым" деген тақырыптағы баяндамасында
Алтын адам жазуын расшифровкалау арқылы шығарған 31 салаға қатысты жобалар қалдырған Мағрипа Жылқыбаева мұрасы ұлттық сананы оятуда, еліміздің іргесі бекем мемлекет болуына қажет ғылыми негіз екенін атап көрсетті. Ол сондай-ақ Мағрипа Жылқыбаева еңбектерінің тарихи-лингвистикалық, этнографиялық және мәдениеттану тұрғысынан терең мәнін ауқымды баяндамасында жан-жақты талдап, Алтын адам мұрасының мемлекет дамуы үшін маңыздылығын атап айтты.
Шара барысында ғалым мұрағатындағы фотосуреттер мен жеке заттардан көрме ұйымдастырылды.