Гонконгтегі өрт: 55 адам қаза тауып, 279 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында

/uploads/thumbnail/20251127145026766_big.webp

Гонконгтегі соңғы жарты ғасырдағы ең жойқын өрттен қаза тапқандар саны кемінде 55 адамға жетті, тағы 279 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Тай По ауданының солтүстігіндегі биік тұрғын үй кешенінде тұтанған өрт 24 сағаттан астам уақыт өткеніне қарамастан толық сөндірілмеді. Жеті блокқа тараған жалынның соңғы үш блогында өрт “бақылуға алынды” деп хабарлады билік өкілдері.

Полиция құрылыс компаниясының үш жетекшісін — екі директор мен бір инженерлік кеңесшіні — абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікпен қамауға алды. Құтқару топтары өрт толық сөндірілген аймақтардағы пәтерлерді бір-бірлеп тексеріп жатыр. Қаза болғандар санының әлі де өсуі мүмкін екені айтылды.

Ауруханаларда шамамен 76 адам жатыр, олардың 15-і ауыр хәлде, 28-і — жағдайы өте ауыр.

Wang Fuk Court тұрғын үй кешені сегіз блоктан тұратын, шамамен 2 000 пәтері бар кешен болып табылады. Өрт шыққан кезде ғимараттарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Сарапшылардың айтуынша, бамбуктен жасалған құрылыстық материалдар жалынның блоктар арасында тез таралуына себеп болған.

Гонконг бас атқарушысы Джон Ли бұл оқиғаны “аса ірі апат” деп атап, 7 желтоқсанда өтуі тиіс жалпы сайлауды кейінге қалдыру мүмкіндігін мәлімдеді.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар