Біләл Қуаныш: «Қамшы» ұстауым – «Ана тілінде» ат мінгендігімнен...

/uploads/thumbnail/20250412184225451_big.webp

Бауыржан Омарұлы – асқар тау Әкемнен кейінгі биік есімдердің бірі. «КазГУ»-де Жанғара Дәдебаев, Фазыл Бисенбаев, Самал Дәрібаев ұстаздарым Әуезовтің бұлағынан сусындатып, қанатымды қатайтса, өмір дейтін ашық аспанға ұшырған Бауыржан ағам еді... 2008 жылы 4 жылдық жоғары білімі бар, қолына дипломы тимеген жастүлекті «Алма арасаннан» томағасын сыпырып, «Ана тілінің» тұғырына қондырған бапкерім Бауыржан Омарұлы туралы аз-кем естелік айтуды жөн көрдім.

 «Өлең оқымаймын, түсінбеймін»

Оқуымды аяқтап, КазГУ-ден қып-қызыл диплом аламын деп, жан-жағыма қарап жүргенде, Фазағамның бастауымен «Алма арасанға» бардық. Дастархан басында «Жеті күннің» жүргізушісі де отырды. Мен ғана емес, ауылдағы біраз қазақ Бауыржан Омаровты осылай танитын. Өлең оқытты.

Жиі оқып жүрген өлеңім «Анажан» еді...

О, Анажан! Құлыңмын.

Құл болғанмен жаныңда жүре алмадым,

Ұлы отанда сыналып ұлы арманым.

Сорым ба әлде, бағым ба біле алмадым,

Қолында екен бәрі де бір Алланың.

О, Анажан! Ұлыңмын.

Шын ұл болсам сүтіңді ақтағаным,

Ірің болсам жараңды жаппағаным.

Ғалам жұрттың алдына шықпасам да,

Адалдықтың алдында әппақ арым.

О, Анажан! Мұңыңмын.

Бара алмадым жаныңа кешпе мұны,

Лаулағанмен сағыныш сексеуілі.

Әжім болып қолыңа жазылыпты,

Мені баққан күндердің естелігі.

 О, Анажан! Сырыңмын.

Сенен басқа жанымды түсінер кім?

Мүмкін мен де талай түн түсіңе ендім.

 Бағасын өзі берер алтын уақыт,

Анасын сағынбаған кісілердің...

 О, Анажан! Жырыңмын...

Ыждағатпен тыңдағандарына әжептәуір арқаланып қалсам керек, бір оңаша қалған сәтте Бауыржан ағадан: «Сіз өлең оқисыз ба?» деп сұрадым. «Жоқ, өлең оқымаймын, тіпті түсінбеймін өлеңді» деді. «Е, өлеңді түсінбей де мықты журналист болуға болады екен ғой» деп түйдім.

Кейін білдік, Баукеңнің поэзияны қалай «оқитынын»?!

Сұрағымның кереметтігін айтсаңызшы!

- Жұмыс қарастырдың ба?

- Дипломым жақында қолға тиеді... Сосын қарастырам.

Дастарханнан соң Алматының мен білмейтін жеріндегі, мен білмейтін ғимаратқа апарды. «Ана тілі» газетінің кеңсесі екен. «Осында журналист боласың. Құжаттарыңды толықтап әкел».

Бірер күннен соң қолымдағы жалғыз құжатым қып-қызыл паспортымды алып, жетіп бардым. Біреулерге қоңырау шалды. «Қалай болсада жұмысқа қабылдауымыз керек» деп кесіп айтты. Сонымен не Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ, не диплом жоқ жұмысқа тұрған болдым. Ойымда түк жоқ өз шаруаларыммен жүргем. «Сен қайдасың? Жұмыста жоқсың ғой»... Шынымды айтсам сол күннің ертеңінен бастап, жұмысқа бару керектігін білмеппін ғой. Ұят-ай!...

Қабағы қатулы Мақсат Тәж-Мұраттың алдында отырмын. «Мақала жазушы ма едің..». «Журналға бірер мақалам шыққан» деп міңгірледім... Әрі қарай Қуанышбек Қаридың «қамытын» киіп, Ержан Байтілестің еркелеткеніне масайрап, Әділбек Жапақтан «әріп үйреніп», Дархан Бейсенбек, Қанат Әбілқайыр, Арман Әубәкір, Динара Ізтілеу, Жанар Елдосқызы сынды кіл жүйріктермен қатар шаптық. «Шаптық» дегенім болмаса менікі кәсіби журналистикадан гөрі «Әдеби жорғаның» желісі еді...

«Ғылымбек көрге кетті ме?»

Бір күні мақала жазып отыр едім. «Қазақ газеттері» ЖШС-нің директоры Бауыржан Омар мен Бас редакторымыз Мақсат Тәж-Мұрат кіріп келді. Фототілшіміз Ғылымбекты сұрады. Өзіме бейтаныстау бір есімді айттым да, соны суретке түсіруге кетті дедім. Ғылымбек те маған солай тапсырған сияқты болатын. Осы сөз ауызымнан шыға салысымен екі ағам ішек-сілесі қатып, қарқылдап кеп күлсін?! Не істерімді білмей қалдым? «Иә, сол кісінің үйіне кетті суретке түсірем деп». Тағы қайталадым. Одан арман күлді.

Сөйтсем, мен атаған атақтымыз әлдеқашан марқұм боп кеткен кісі екен. Ғылымбек ол кісінің үйіне бұрынғы суреттерін алуға кетіпті. Қайдан білейін мен сабаз.

Қызылордаға барғызбады...

Бір күні Мақсат аға шақырды. «Қызылордаға барасың. Пәлен деген аудан, түген деген ауыл. Соған барып материал жазып келесің». Қуанып кеттім. Журналист ретінде сапарға шығу деген жақсы ғой. Оның үстіне жол ақысын редакция төлейді. «Мына күні кетесің» деп қашан айтады екен деп тағатсыздана күтіп жүргенде Бауыржан аға шақырды. «Қазақ газеттерінің» бас кеңсесіне имене кіріп, ішімнен «не бүлдірдім екен» деп алаңдап тұрмын. «Сені Қызылордаға барады дейді ғой. Қай ауылға баратыныңды білесің бе?». Ауыл түгілі Қызылорданың атын ғана білемін. Алматы облысынан аттап шығып көрмегем. «Бір ауылдың атын айтқан» деп күмілжідім. «Мақсат ағаңа айтып көр. Бір шаруаларым бар еді. Бара алмаймын де». «Қайтсем де барамын» деуге жігерім жетпеді. Бастықтың айтқаны заң. Бірақ ішімнен ренжіп тұрмын. «Сапарымнан қалдырып несі бар екен» деп қоям. Кейін білсем мені шыңдап алғысы келген Бас редакторым Қызылорданың бір түкпіріндегі «Барса келместің» өзіне бағыттаған сияқты... Алматыны әрең біліп жүргенде Қызылордаға барып, қаңсып қалады-ау деп уайымдаған Бауыржан ағам мені солай бір «сақтап қалды»...

Бауыржан аға Бас редакторым Мақсат Тәж-Мұрат сияқты әр сөзіме қадалып, тікелей ұстазым болған жоқ. Бірақ «Ана тіліне» жиі шығатын мақалалары, ағалық болмысы, мысы мен мысқылы жұмыста Әкеміз жүргендей салмақ сездіретін. Сөздің дәйегінен гөрі мәйегіне жүгіретін мен пақырыңызға ағаның ұйқасты тіркеспен, шымыр шумақпен, зілсіз әзілмен жазатын мақалалары майдай жақты. Оңай оқылған сияқты болады. Бірақ ішіндегі деректерге үңілсең ішіңнің үңірейіп тұрғанын білесің... Сосын қайта оқисың. Тіпті жылдар өткен соңда жаңа оқығандай күйде боласың...

Ақорданы айналып жүріп бір әңгімелестік. «Өзіңізден жоғарыдағыларға қаттырақ айтыңыз» деп «ақыл айтқым» келген... Ағамның десі басып, дегбірім қашты. Керімсал кеңес, байсалды ақыл, байыпты көзқарас басып түсті. Абыздың жанындағы алты жастағы баладай басымды изеп, ішімдегі лапылдақ отты маздаған шоққа айналдыру керектігін аңғарғандай болдым. Кейде апырып- жапырып жіберетіндей алапат күйге түскенімде Бауыржан ағаның байсалды қалпы көз алдыма келеді. Сонда да ебелектеп жүріп, жазық жерде сүрініп қалатын тұсымыз көп...

Бауыржан аға «Ана тілінде» журналистиканың тұлпарын ерттеп мінгізсе, «Abai.kz»-те Дәурен Қуат дүбірлі додаға қосты. Соның шарапаты шығар Құдай Тағала «Қамшы» ұстатты. Содан бері тілшілік саланың тірлігіндеміз. Мақаламды біреу мақтап, жазған, сызғандарымнан Мақсат Тәж-Мұраттың тәлімі, Дәурен Қуаттың дәті, Бауыржан ағаның байыбы мен бабы сезіліп жатса қуанамын.

Бәукеңнің үш ұлы бұл күнде үш жүз түгілі үш мемлекетті дүркіреткен дүлдүлге айналды. 2008 жылы Дәурен мен Дәулетті алғаш көргенімде бос белбеу бозбалалар еді... Қазір белін бекем буған нағыз ер-азамат болып жетілді. Дәурен Қытайдың ғылым-білімін игере жүріп, Әке жолымен журналистік қызметін табысты атқарды. Қалыңдығы пышақтың жүзіндей болса да, өткірлігі қылпып тұрған өтімді кітаптар жазды. Өзім «Ерте тұратын елден» келсем де Дәуреннің алғашқы кітабын оқып, көп мәліметке толықтым. Бұл еңбек Қытайтану саласына қосылған тың дүниелердің бірі болды. Ал Анадолыға ат байлап, түгел түркінің қызметіне жегілген, қазір атамекені Қызылордаға қалтқысыз қызмет етіп жатқан Бақытжанның бағындырар белесі көп деп сенемін.

Бауыржан аға шын жүйрікті жазбай танитын сыншы, шәкірттерін, бауырларын баласындай, көзінің ағы мен қарасындай қарайтын қамқор ұстаз. Ақорданың ауызынан ел сүйінер екі ауыз сөз шықса соның бірі Бәуке ағамның көзілдірігінен өткен деп ойлаймын. Көзілдірік демекші ағаның көзінде көп сыр жатады, үн жатады, мұң жатады... Өмірдің көшесінен көлеңке, аспанынан сәуле көретіндей, Елінің ертеңіне үміт те, күдік те байқалатындай...

Жазарымыз көп, оны оқитын көздің салмағы тіптен ауыр... Ғұмырлы болыңыз, Аға! Туған күніңіз құтты болсын!

«Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі

Біләл Қуаныш 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар