Астанада Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
12 сәуір — ұлт мақтанышы, қазақ елінің жерасты байлығының көзін ашқан, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні. Елімізде Ғылым қызметкерлерінің күні осы күнге орайластырылып белгіленген. 10 томдықтың тұсаукесері де осы айтулы дата қарсаңында өтті.
— Былтыр, өздеріңізге мәлім, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын атап өттік. Сол шараға дайындалғанда бір ақсақалдың сөзі жүрегімді тіліп жіберді. Ол кісі өзі есептеген мынандай бір қызық мәлімет келтірді: Қаныш Сәтбаевтың ізденістерінің арқасында жер астынан шығарылған байлықтың құны 200 млрд доллардан асып кетіпті. Бізге сәл батырып отырып, 125 жылдыққа бір 2 млрд теңге шығара алмайсыңдар ма деген болатын. Біз бірден бұл мәселені пысықтап, керекті қаржыландыруды, грантты шығарып бердік. Өте жақсы деңгейде 500-ден астам шара өткізілді. Оның ішінде 10-ы — халықаралық конференция, 20-сы — республикалық деңгейдегі конференция, 25-і — дөңгелке үстел, 445-і — өзге де шаралар. Ондай шараның бәрі өтеді де кетеді. Сондықтан біз нақты бір үлкен жобаларды істеуіміз керек деп шешіп, осы топтаманы қолға алдық, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Басылым ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің басқаруымен және «Халықаралық Сәтбаев қорының» атсалысуымен жарық көрді.
Жинаққа ғалымның 1923–1963 жылдар аралығындағы монографиялары, мақалалары, баяндамалары, геологиялық барлау есептері мен ғылыми-техникалық жобалары, руханият саласындағы еңбектері де енген. Барлық материалдар хронологиялық және тақырыптық тәртіппен жүйеленіп, қазіргі заманғы ғылыми және баспа стандарттарына сай дайындалған. Бұл еңбектер Сәтбаевтың ғылыми мол мұрасының тереңдігін, отандық ғылымның іргетасын қалаудағы тарихи рөлін жан-жақты ашады.
— Көптен күткен 10 томдық қолымызға тиді. Бұл — қастерлі қазына, бағалы байлық, Қаныш Сәтбаевтың мұрасы. Топтама біраз нәрседен хабар береді: әлемге әйгілі академиктің бүкіл дүниесі қамтылған, ғылыми еңбектері жинақталған, мақалалары топтастырылған, жаңадан табылған еңбектері қосылған, библиографиясы түзілген. Қысқасы, көп тер төгілген, — деді ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров.
Жинақ «Атамұра» баспасынан 10000 дана таралыммен жарыққа шығып, еліміздің ғылыми мекемелеріне, жоғары оқу орындарына және кітапханаларына үлестірілді. Сонымен қатар, жинақтың цифрлық нұсқасы электронды кітапханалар мен ашық ғылыми платформаларда қолжетімді болады.