Эфир. Өмір. Өлең.

/uploads/thumbnail/20170709061257007_small.jpg

Сенің ғана

Шуағыңды шашсаң күнім боп,

Шуағыңа шомылар едім сенсең.

Жанымды ұқсаң қошқыл түнім боп,

Сырымды ашар едім өзіңе  сенсең.

Сілкідім мұңды өзіңсіз болар емес,

Жанар алдынан кетпейді баяғы елес.

Өткен күндерім өкінгенімен келмес.

Шынайы

(София Марсель ізімен)

(Ақ өлең)

Алыста болсаң,

Жақыным боларсың,

Тілеушім   болып.                                                                                                                                                                         

София Марсель.

Шынайы,

Әлемнің кескінін,

көрсетер сөзіне естінің,

Шөлдегем...

Іздегем...

Шынайы,

Көктем жел лебін,

Жүректі тербеп сезім,

Дер жанды,

 жасқанбай сезін,

іздегем, күнде мен.

Тілектен мұнара тұрғызып,

Жүрегіме жан жылуын сыйғызып,

Оңтүстікке жеткен бір қоңырау,

Санамда тұнар мәңгілік,

Болар бәлкім, арман көгіме мәнділік.

Шынайы,

Сезімді сездім ағалық,

Байқалды бойынан даналық.

Шынайы,

Жылы сөзін еттім жан азық,

Санам сілкінді кеткен азып.

Шынайы,

Жүректі аңғардым жалынды,

Таныдым өр болмыс, нар ұлды.

Шынайы,

Нұрлы ағам менің,

Жүрегіме дарытқан сенім.

Шынайы,

Еңсемді тіктеткен тектім,

Көңілге жылы жел боп естің.

 

Шынайы,

Теңізінде өмірдің асау,

Кезікпестен ағажан тұсау,

Күлімдем жүрші ұдайы,

Халықтың алдында аман-сау.

Кірленбесін сіздің көңіл ақ адал,

Жүрегім жырын ақ өлеңмен жазар.

Пейілім құнынын сөзбенен,

Жеткізуге кей кез жүрексінем,

Сөзім бұл – шынайы.

Жылы сөз - жаныма әр,

Мұңы көп ғұмырыма нәр,

Сезім бұл  -  шынайы.

Іні болып толғануда бір бақыт,

Тілеуқор жан жайлы ерек.

Адамдыққа ғашық болам бір уақ,

Мейірімі көзінен көрінер бөлек.

Шынайы,

Жанарыңыздан мейрім көрдім,

Жан әлдилер жылылықпен.

Сол мейіріммен жырымды өрдім,

Жүрегімнен түскен соң жарлық.

                           ***

Нұрлы ағам,

Көңіл көгіме нұр шашқан,

Нұрлы адам,

Әз ғұмырың болсын дастан.

Ісіңізге берекет тіледім,

Жүзіңіз күлімдеп әр күн.

Өзіңізге тілекші жүрегім,

Армандарыңыз айналсын

                    шындыққа бүтін.

                                ***

Сіз – шынайы жансыз,

Былғанбаған көңіл шырайы.

Сіз – шынайы жансыз,

Жүрекке сенген ұдайы.

Бұл жырым –

          інілік ниет шынайы.

Қаңтардағы қоштасу

Күрсіністер тамам болмайды,

Соңыңнан азап-мұң қалмайды.

Уақыт жазады деме  жараны,

Жұрттар солай бізді алдайды.

Қаңтарда жауған ақ қардай,

Арманым жүрегіңде сақталғай.

Уақыттың өткенін аңғармаған,

Жүрекке  жыр құйылған шақтар-ай.

Қаңтардың қарын сүймеймін сенсіз,

Жүрегім қыстың сызын сезеді сенсіз.

Бақытты деп ойламаймын сені де мен,

Жалғызсырап жүрген боларсың менсіз.

Кеудеме орнап қаңтардың бораны сенсең,

Жаным жылап жүр жаурап, келсеңші сезсең.

Қаңтардағы қоштасу кеші сәтті есіме келсең,

Түсіп кетеді күрсіністермен беймезгіл  еңсем.

                          Ұмытармыз бәрін.

 Жылдар жасырып жіберер,

Азабың мен қайғыңды кермек.

Жан жарасын емдеп үлгерер,

Уақыт деген – ұлы құдірет ерек.

Тағдыр жүзімізге бір күні  күлер,

Сенемін жырлы жүрегімменен.

Жүрегіміз шаттықтан бір түлер,

Сәт сайын тілеген тілеуімменен.

                          ***

Бақыт балын татқаның,

Керегі қанша басқаның.

Жаныңды жыр әлдилеп,

Арайлап атса ақ таңың.

Айлар алыстатып жіберсе,

Жүректегі асыл жандарды.

Ұмытамыз бәрін,

Салады құстар әнін.

Ұғына алсақ қой,

Жарық жалған мәнін.

                    

Сезімнің жыры

Сезіміңді дейсің бағала,

Ақ қанат құсым шағала.

Арманың алдар болса да,

Арманмен ой қырын жердің арала.

Көк аспандай ашық болса көңілің,

Жақсылыққа толады дейсің өмірің.

Өлмесін дейсің тілеуқор боп маған,

Ақ қардай таза жүрегіңдегі сезімің.

Теңізді өппей күн кешер болсаң,

Теңізден қашықтап кетер болсаң,

Не күйді кешер едің аппақ құсым,

Келмесін сөзіме өтінем ешбір ызаң.

Теңізге еркелеп аласың кей уақ,

Жаныңа өр теңіз дарытар шуақ.

Арнасынан асып буырқанар болса,

Жаның жабырқайды білем бірақ.

 Теңіздің мінезін таныдың ерте,

Болғанмен болмысың нәзік ерке.

Мені де жетелеген құштарлық,

Өзім анық танып білмеген өлке.

Махаббат шығар жүрекке қонған,

Жаныма болар деп сенем қорған.

Қыранды білесің бе шағала сен,

Заңғар көкті  өз биігінен шолған.

Теңізді сүйдім жасымнан шағала,

Өзің үйретің деп әркез сезімді бағала.

Қыранды сүйдім шағала кейіппен мен,

Өзіңе асығамын жаным жабырқағанда.

Теңізсіз мен күн кешпеген екенмін,

Сусыз мекенге жарқыным бөтенмін.

Сырымды ұқтың деп білемін шағала,

Мен – теңізді сүйген баяғы сол еркеңмін.

Білемін жаныма дем бергің келді,

Достық пейіліңе бала көңілім сенді,

Өмір деген – үзік үміттерді үкілеу деп,

Өмірді сүремін сағынышыммен енді.

Теңізіңнен айырмасын сені шағалам,

Сезім төгілер әлі талай жүрек шарадан.

 

Саған обал

(Юлдуз Улухбекқызының ізімен)

Кетпеші  деп сөз шығындар деме,

Суынған жүрегім сенен ерте-ақ.

Жылуыңды сезінбейді енді дене,

Санамда сен жайлы жоқ сұрақ.

Саған обал,

Маған обал.

Айрылды  жолымыз,

Қалауыңды тап ал.

Сені сүйген жүрегім ақымақ,

Сені күткен кештерім елес тек.

Сені ақтаған сөздерім сандырақ,

Алданды үмітім неліктен үркек....

Саған обал,

Маған обал,

Дей берем әттең,

Өткен күндерім орал.

 

Жыламаймын.

Арқама артып сан жүгін тірлік,

Менен күтеді әлі күнге бір ірілік.

Жылатқандар көп мені,

Келмеді әлі көңіл көктемі.

Жұбатқандардың саны аз,

Басады мұңдарым еңсені.

Көңілдің көктемі кешіккелі,

Келместей көрінеді маған жаз.

Келсеңші жүректің көктемі,

Сақтаулы саған жүректе наз.

Жалған жүздер, жалған сөздер,

Жылатуды білетін  пенделер,

Жұбатуға  қаухарсыз  неге?

Санам соны ойлап сенделер.

Жалғанды ақтауға асыққан,

Басын көтере салып жастықтан.

Хәліңе күледі жүрегің жылап,

Түндерді айсаң жас сыққан.

Жыламауға бекіндім сенсеңіз,

Жанарымда жас таусылғандай.

Шынайы қалпыңыздан өзгермеңіз,

Ықыласыңыз жүрегіме азық болғай.

Келгенше жүрегімнің көктемі күткен,

Мазамды алмасын ауыр мұңдар тіптен.

                       

Тылсым үн

Күнсұлу Тұрғынбекқызына

                                                        Үн – үмітпен үндессе ғана саз болар.

                                                           (Түрік халқының нақылы)

Жақсылар бар деп ғаламда,

Жақсы жыр сақтап санаңда,

Мұқалмай сынына тірліктің,

Өнер деп жүрген жан апа.

Қанатыңды қайырғандар,

Әлеміңнен айырғандар,

Үмітіңді үзген жандар,

Көр соқырлар, надандар.

Жетімді жебеп жасыған,

Табылған дос қасынан.

Балалықтың кемесін әлі,

Қия алмаған асыл жан.

Күніңді күйге толтырар,

Жаныңда  жүргей жақсылар.

Нәуірзек гүлі секілді жансыз,

Балапан жүректер нақ құмар.

 

Сахнаның қадіріне жетем дер,

өнерді өлгенше сүйіп өтем дер.

Бақытын өзгеден бөлек құраған,

 Тылсым үні  барша елге  ұнаған.

Көргенмен сан мың кедергілерді,

Сәті жоқ оның шайқалған, құлаған.

Үлгі еттім мейірімді болмысыңды,

Үлгі еттім өнер деп ащы у ішуді.

Үлгі еттім жабырқамай пенделікке,

Дәл сіздей болып күесіп күн кешуді.

Тірлігіңді тәтті мұңмен  өрген сәт,

Сахнаға жан жүректі берген сәт.

Өнер – бақытыңның бастауы сірә,

Сахнада ақ жүрегіңіз болар шат.

Бір ғұмырлық мұң шексе де жан,

Әлі  күнге жоғалмады бір арман.

Сахнаның қадіріне шын бойлап,

Түспеніз лайым қасиетті сахнадан.

Өлеңдер топтамасының  авторы Мейірхан Мейрамбекұлы Топанбай – жас ақын. Республикалық "Шарапат"шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері. 1994 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Туғаннан ДЦП, талма жəне көз жанарының нашар көруі сынды дерттермен ауырады.

Оставить комментарий

Связанные Статьи