1991 жылдың 29 тамызы тек Қазақстан ғана емес, тұтас әлем тарихындағы атаулы датаның біріне айналды. Осы күні ғалам тарихында ең алғаш рет алып ядролық арсеналы, ядролық держава атану мүмкіндігі бола тұра жойқын қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекет пайда болды. Ол – Қазақстан!
Көлемі мен қуаты жағынан әлемде төртінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жабуға қатысты түрлі әңгімелер әлі де айтылады. Біреулер ел президенті Назарбаев ол қадамға әлемдік қауымдастықтың қысымынан сескеніп барды десе, енді бірі ондай қауіпті қарудан иеленіп, күтіп, қорғау мүмкіндігі болмағасын бас тартты деп жүр. Осы уақытқа дейін ядролық қарудан бас тарту бастамасының авторы Назарбаевтың өзі де, Біріккен ұлттар ұйымы бастаған халықаралық институттар да ондай алып қашпа әңгімелерге лайықты жауап берді. Қазақстанның сол кезде-ақ, ядролық қаруды өзінде қалдырып, сынақтарды жалғастыруға мүмкіндігі де, қажетті мамандары мен инфрақұрылымы да болды. Қазақстанның ядролық қаруын қалдыруын қолдайтынын ашық білдірген кейбір араб мемлекеттерінің болғанынан да хабардармыз. Ел ішіндегі түрлі мүдделі топтарда мемлекет басшылығының жойқын қаруды жоймағанын қалады.
1991 жылы Қазақстан аумағында жер шарының кез-келген нүктесіне жете алатын континентаралық 1216 ядролық оқ тұмсық болды. Семей сынақ полигонында сыналған ядролық зарядтардың жиынтық қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түсетін. Семей сынақ полигонынан бөлек Қазақстанның Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарының аумағында стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерлерінің бірнеше зымыран ұшыру нүктелері болды.
Жалпы алғанда Қазақстан аумағында құрлық аралық баллистикалық зымырандарды ұшыруға арналған 148 шахталық құрылғылар орналасты. Бұл – бірнеше көршімізге ғана емес, тұтастай әлем елдеріне төнген жойқын қауіп еді...
Ядролық қарудан бас тарту ешқандай да әскери, экономикалық, яки басқа себептермен байланыссыз, таза саяси шешім болатын. Жаппай қырып жою қаруынан бас тартпай, әлемге үрей тарату ошағына айналғанда Қазақстанды не күтетін еді? Жойқын қарудан бас тарту бастамасына себеп болған негізгі фактор да осы болды. Егер КСРО-дан қалған ядролық қаруды өзімізде қалдырғанда, ең алдымен әлем елдері үшін ғаламға қауіп төндіруші ел саналатын едік. Соған сай, саяси қатынастарда суық қабақ танытар еді. Одан бөлек, сауда-экономикалық байланыстарда да көптеген шектеулер орын алары да сөзсіз. Оны Ресей, Солтүстік Корея сынды ядролық елдердің тәжірибесінен көріп отырмыз.
Ең бастысы ядролық қару айналамыздағы елдерге ғана емес, өзімізге зор қатер төндірер еді. Тәуелсіздігін енді ғана жариялап, мемлекеттік институттардың жұмысы жүйеленбеген елде алып арсеналды ұстап отыру, оның қорғалуын қамтамасыз ету мүмкіндігін елестетудің өзі қиын болатын. Ондай мүмкіндік саяси-экономикалық тұрғыда біраз жетістіктерге жеткен бүгінгі Қазақстанда да бар деп айта алмаймыз. Қуатты әскери бөлімдер мен полиция басқармаларына басып кіріп жатқан бүгінгі лаңкестер үшін ядролық орталықтар таптырмас нысана болар еді.
Ядролық қарудан бас тарта отырып, Назарбаев күні кеше Кеңестік империя құрсауынан босап шыққан халқының, әр сәті қатерге толы, айналасы дұшпан көзбен қараған, экологиялық катастрофа аузындағы тағы бір тұтқын елге айналмауын қамтамасыз етті. Қазақ жерінің жаһанға қатер төндіретін жойқын қару қоймасына емес, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған мамыражай өлкеге, ауасы таза, шөбі шүйгін жұмақ мекенге айналуын қалады. Ол қалауы орындалды да.
Бүгінде Қазақстан тұрақты дамуға бет алып қана қоймай, әлемдік қауымдастықтың сыйлы бір мүшесіне айналды. ЕЫҚҰ, Ислам конференциясы ұйымы, ШЫҰ, ҰҚКШҰ, т.б. көптеген бірлестіктердің мүшесі, кейбірінің жетекшісі де болды.
Қазақстан өкілінің БҰҰ Бас хатшысына орынбасар болуы, Бас хатшының 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту туралы Назарбаев ұсынысын қолдауы – Қазақстанның халықаралық саясаттағы қарусыз жеткен жеңісінің, Елбасының бітімгерлік болмысы мен бейбітшілікті сақтау жолындағы ерен еңбегінің көрінісі.
Жомарт Абдоллаұлы