Бес парыз (Өлеңдер)

/uploads/thumbnail/20170709063538342_small.jpg

Мен оразадамын

Ораза – (жамандықтан сақтайтын) Қақпа

Хадистен

Ораза тұтам, асыға күткем бұл айды,

Рамазанның әр күні  нұрлы, шырайлы.

Арылам енді пенделіктерден  бойдағы,

Тазартам, қуам қандағы-сайтан  күнә-ойды.

 

Тартынам астан, түзелем бейпіл сөзден де,

Тиылам жөнсіз сұқтана қарар  сұқ көзден де.

Құлшылық жасап жинаймын сауап-сыбаға,

Қорғанышым сол  қияметтегі –Безбенде.

 

Сырт  берем ғайбат,  өсек-аяңнан, харамнан,

Қасыма енді жуыса алмайды қарау жан.

Бес уақыт Намаз, Алладан медет тілеймін,

Шапағатымен бергей деп Аллам,   адалдан.

 

 

 

 

Барға да жоққа сабыр етемін, шүкір деп,

Ернеуден асар мейірім-сезім шүпілдеп.

Иманнан қорған соғамын, жуып күнәмды,

Көңілдің шұрық-тесік жерлерін бүтіндеп.

 

Ағайындарға  ашамын құшақ жат болған,

(Өзімді-өзім тежеймін  іші кек толған).

 Алладан тілеп амандық, сосын Тәуба етем,

Жүздерін көріп марқайған әрі шаттанған.

 

Бозала таңнан оянам, сәрі ішуге,

Аппақ бір әлем көрегенім кілең түсімде.

Ораза тұтам,  төзем аштыққа, шөлге де,

Бар менен жоқтың қадірін біле түсуге.

 

Ораза тұтам, нығметі үшін Алланың,

Жаратқан Ием, қуат бер, күш бер, қолдағын.

Бес күндік пәни өте де шығар қас-қағым,

Мәңгілік дейтін мекенге барар жолдамын.

 

Жақсылық тілеп жолыққан жанның бәріне,

Мүсәпірлерді демеймін қарап әліме.

Ораза тұтам, Алладан тілек тілеймін,

Нәсіп қылғай деп ақ жолын жұрттың бәріне.

 

Тірліктің өрі, еңісі  болар,  қиясы,

Пендеңнің аз ба пәни де жасар күнәсі.

Ораза тұтам, асылық етпеу үшін де,

Алланың берген нығметі,  ғажап сый осы.

 

Сауаптан жазғай пендеңнің осы қадамын,

Рамазан бұл – Аллама таяу барамын.

Ағайын,  кейде  ашуың келсе жия тұр,

Алла үшін ауыз бекіткем, оразадамын...

                                      

 

Зекет туралы жыр немесе ауқаттыларға айтылар наз

 

Әлхамдуллах әлімсақтан мұсылманбыз иманды,

Мал-мүліктен артық қойған, иман-сауап жиғанды.

Шын –көңілмен қуанта алсақ, мұңға батқан бір жанды,

Көңіліміз көктем болып,  жүрегіміз нұрланды.

 

Әлхамдуллах мұсылманбыз, Пайғамбардың үмбеті,

Бұл Жалғаның түнек болса, жарық болар бір беті.

Құранымыз – қолымызда, жолымызда – сүннеті,

Бес парызы – пендесіне Жаратқанның нығметі.

 

 

Қияметтің күніне сен, Ораза ұста, Зекет бер,

Намаз оқы, Қажыға бар, Аллам өзі жетектер.

Дұға жасап, тілек тіле, Жаратқанға жалбарын,

Пенделіктен биік тұрсаң,  кідірте алмас бөгеттер.

 

Мың сан алғыс Иемізге, мал бітірген басыңа,

Артықпын деп өзгелерден, ісіп-кеуіп тасыма.

«Бар әлемді бір тарының қауызына сыйғызған»,

 Саған деген пейілінің түскендігі осы да.

 

Рас болар, пысықтаусың, өтімдісің өзгеден,

Бірді-екіге, екіні-төрт жасай білдің сөзбенен.

Табандысың, қулығың бар аңқауды алдап кететін,

Ақша табу қалай болсын,  мақсатың  бұл  көздеген.

 

Төрт құбылаң түгелденген, бүгінгінің мырзасы,

Нар көтермес атақ-даңққа бөленіп тұр бір басың.

Бай болу да Алла ісі, кім болғысы келмейді,

Қияметте теңшер бәрін, таразылар Кір тасы.

 

Байларға артық бір нығмет –  Зекет беру парызы,

Байлығыңда бар дейді Алла, кедейлердің қарызы.

Бөліс артық дүниеңнен,  қырықтан бір бөлігін,

Ақыретте кеніш болып қарсылайды тәрізі.

 

Зекетіңді міскінге бер,  жоқ-жітікке түгі жоқ,

Борышкердің қарызын жап,  бір басында мұңы көп.

Я болмаса құлды азат ет, қуант жетім-жесірді,

О дүниеде қорғаның сол, қолдар Иең Құдірет.

 

Зекет берсең тазаланар қораңдағы мал-мүлкің,

Жомарттығың ризық боп қайта оралар әрбір күн.

Пәле-жала, ауру-сырқау,  апаттардан сақтайды,

Аман-есен, сау жүргенің сауапы ісің,  ол мүмкін.

 

Арыласың  өзімшілдік, сараңдық жат қылықтан,

Тәубаңа кеп «шүкір» дейсің пенделікпен ұмытқан.

Жүрегің де тынышталар, көңілің де жайланып,

Бір ғажайып сезім баурар,  жан-дүниеңді жылытқан.

 

Түсінесің  «қолдың кірін»,  кете алмасын асып түк,

Бес парызы-жан байлығың, бір Аллаға ғашықтық,

Жаратқанға ғибадат қып, адалдан мал жинасаң,

Ұрпағыңның – ұрпағына бұйырады Нәсіп қып... 

 

                     

 

 

Мүмін

Егер Мүмін болсаңдар, Аллаға жене оның Пайғамбарына бой ұрыңдар. «Энфал» сүресі 1 аят

 

Сенерім де бір Алла, сүйенерім сол тағы,

Әлхамдулла  сабырмен шуақтанар  әр таңы.

Еңкейгенге еңкейер, шалқайғанға шалқаяр,

Тек   Алламның қаһары – бұл  пенденің қорқары.

 

Табынарым бір Алла, мәңгілікке құлымын,

Пайғамбардың үмбеті, пендесінің бірімін.

Бұл бес күндік жалғанда, бес парызын, сүннетін,

Тірек еткем жаныма Әбу-Ханафи ілімін.

 

Өз-өзімнен қысылам ағат әдет-қылықтан,

Бәрін Аллам көріп тұр, зау биіктен, ұмытпан.

Кір жуытпан иманға,  амалына  адалмын,     

Алпыс екі тамырға қан жүгіртіп, жылытқан.

 

Ақыретке сенемін, тағдырыма «шүкір» деп,

Тағзым етем Аллама, жүргеніме « бүтін» боп.

Құран оқып жол табам, айласынан сайтанның,

Бас иемін сәждеме жүрек шіркін лүпілдеп.

 

 

Жаратушысы әлемнің, құдіретіне бас ұрам,

Құпиясын білсем деп, пенделікпен асығам.

Жеті қат көк,  жұмыр Жер,  мұз бүркенген заңғарлар,

Тепе-теңдік, шексіздік, ақыл жетпес осыған.

 

Ғажайыпқа осынау  «бас ауыртқан» сан дана,

Құпиясын іздеген, шеше алмаған сонда да.

Қасиетті Құраннан ақиқатын  ұғынып,

Лә иллаха иллалаһ  Мүмін болған Аллаға.

 

Мүмін болған Аллаға күллі адамзат баласы,

Ібіліс жолын таңдайды, пенденің кей «аласы».

Таң атады, кеш батып,  шұғылалы Ай, жұлдыздар,

Ауысады ретпен ғаламат қой қарашы.

 

Құдіретімен Алланың жаратылса пендесі,

«Құдайсынып» күн кешер кейбіреулер неге, осы?!

Ақыреттің боларын айтып тұрған жоқ па анау,

Қазығұрттың басында Нұқ пайғымбар кемесі.

 

Ақиқатқа бастайтын темірқазық – Құраным,

 Аманатқа Жан берген  ұлы Алла – Раббым.

Дін – Ислам, мүминмін, Жаратқанан сұрарым,

Мәңгіліктік мекенім – Жаннат болғай тұрағым.

 

 

                                         Намаз

 

 «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» Абай

  Жүр бауырым мешітке, бас ұралық сәждеге,

Арылайық күнәдан,  пенделігім аз деме.

Сын-сынақта ақырғы, қияметтен ап шығар,

  Иманына кәмілдік, сауапты істер  өзге де.

 

Жасалық та  құлшылық,  жақындалық Аллаға,

Бар ғаламды уыста ұстап тұрған сол ғана.

Бұл жалғанда бес күндік ластандық, кірледік,

Бес  парызды орындап, келелік біз Таубаға...

 

Асығайық Намазға,   жасайық  біз  құлшылық,

Ақыретті ойлалық,  алдамасын Тіршілік.

Қабіріміз – тар лақат,  жабылғанда  есігі,

Аһ ұрмалық өкініп,  жүргенмен құр  дүрсініп.

 

Тиылайық күнәдан,  қам жасалық ертеңге,

Қия бассаң Алланың алдаспаны   желкеңде.

Арсыздықтан ада етер, жаның ғажап жай табар,

Қалқаның  да  бұл Намаз, тозақ оты – өртерде.

 

Кір-тозаңнан аластар,  айықтырар дертіңнен,

Рухыңның азығы ол, адастырмас сертіңнен.

Аманаты   Алланың кеудеңдегі  жаныңды,

Тапсырарда тіліңді кәлимаға келтірген.

 

Ризығың молаяр, береке енер ісіңе,

Ғажап ғұмыр кешесің кірмеген бір түсіңе.

Бар пендені сүйесің, тіл-діліне бөлместен,

Жаратқанның құлдарын,  жасы үлкен бе, кіші ме.

 

Періштелер иығыңда, сайтан қашар қабарып,

Алпыс екі тамырың  бүлкілдейді жаңарып.

Құдіреті Алланың,  жаның табар рахат,

Бойыңдағы үрей мен беймазалық жоғалып.

 

Шүкір, сабыр, қанағат, жақсылыққа ниет кең,

Бар әлемге қарайсың адал, ғашық жүрекпен.

Бас қоясың сәждеге,  Рухтанып тұрасың,

Жаратқаннан құтқар деп бар қауымды түнектен.

 

Солай достым, Мешітте бар ғаламның байлығы,

Пайғамбардың үмбеті, сап түзейді айбыны.

Мәңгіліктің алдыңнан шуақ шашар Ай, Нұры.

Кең құшағын өзіңе Жаратқан да жайды ұлы.

 

 

Жүр бауырым,  Мешітке, дәретіңді ал, ғұсылдан,

Жаратқанға мың алғыс, жүрекке нұр ұсынған.

Құлдарымыз –  Алланың, Пайғамбардың  –    үмбеті,

Лә иләһә иллаллаһ ... әлімсақтан мұсылман...

 

 

  Қажылық

Мұсылманның бір парызы –  Қажылық,

Пайғамбардан бергі уәжіп – әз Ұлық.

Жолға шықсаң Мекке жақты бетке алып,

Шаттанарсың , шексіз сауап жазылып.

 

Бар тілегің қабыл болар сұраған,

Арыларсың пенделіктен,  күнәдан.

Жанаттасың  о дүниеде, Пәниде,

Жан болсаң да мың шатасқан, "құлаған".

 

Икрамға оранарсың түймесіз,

(Шын мәнінде Кебін киген күйдесіз).

Ұғынасың тіршіліктің мәнісін,

Кетеріңді "үлдесіз де бүлдесіз"

 

 

Миллион пенде тілі басқа, реңі,

Бір-біріне  ілтипат-қып жүреді.

Лә иллаха илаллаһ дер, Алла дер,

Мінәжаты, бірдей тұма тілеуі.

 

Жеті айналып қасиетті Қағбаны,

Тас атасың шайтанға да жолдағы.

Жан сарайың тазаланар айнадай,

Тым жуықтан сезінесің Алланы.

 

Алла  дейсің,  жанарыңнан жас парлап,

Тәубеңе кеп, бөтен  ойлар қашты аулақ.

Зәмзәмімен шөл басасың ғажайып,

Арафаттың биігінде аспандап.

 

Тазарасың, қайта келіп өмірге,

Қылаудай кір қалмайды бұл көңілде.

 Кешегідей қорқыныш жоқ, үрей жоқ,

Жаратқанның ісі дейсің Өлім де.

 

Асығасың намазыңа, сәждеге,

Қызықпайсың байлық, мәнсап, өзгеге.

Сабыр етіп,  шүкір дейсің   Аллаға,

Тауфик бер деп қандай қиын кезде де.

 

Шүкір, алға жетелейді   әз Үміт,

Сауапты ісің оң иығыңа жазылып.

Мейірімі пендесіне Алланың,

Мұсылманның бір парызы – Қажылық.

Серікжан ҚАЖИ

Связанные Статьи