ЖЕР ДАУЫНА ҚАЛҒАН «БӘТУА» КОМПАНИЯСЫ «ЗАҢ БҰЗБАДЫҚ» ДЕП ОТЫР

/uploads/thumbnail/20170709063841923_small.jpg

Естеріңізде болса, Үкімет жанындағы жер комиссиясының кезекті бір отырысында Айдын Егеубаев атты белсенді Шығыс Қазақстан облысы аумағында ауыл шаруашылығы мақсаттағы жер учаскелерінің қытайлық компанияға жалға берілгендігін айтып, мәлімдеме жасаған. А. Егеубаевтің ол мәлімдемесі кейін үлкен дауға ұласып, бұрын ШҚО-ны басқарған шенеунік Бердібек Сапарбаевтың белсендіні сотқа беруіне ұласты. Сондай-ақ, Жер комиссиясы тарапынан ШҚО-ға арнайы тексеру тобы жіберіліп, кейбір компаниялар Үкіметтен жер ғана алып қоймай, арнайы субсидиялар да иеленіп келгенін анықтаған болатын. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде, ел арасында кең талқыланып жатқан осы даулы мәселеге қатысты «Бәтуа» ЖШС редакциямызға жауап хат жолдапты. Төменде сол хат мәтінін толық нұсқада ұсынып отырмыз.

"Соңғы бір-екі ай көлемінде Бәтуа серіктестігі төңірегінде бірнеше ақпарат көздерінде алып қашпа мәліметтер жарияланды. Сол ақпараттың ақ-қарасын жіктеп, халыққа шындықты жеткізу мақсатында осы пресс-релизді жариялауды жөн көрдік.

Бәтуа - 2010 жылы Қазақстан заңнамасына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасында тіркелген серіктестік. Құрылтайшысы – Дәремет деген 100% қазақстандық серіктестік, Қазақстан азаматы Биәділов Нұрланға тиесілі. Бір жылдан соң, 2011 жылы, инвестор тарту мақсатында, Дәремет серіктестіктегі «Уэйз Груп» атты шет елдік үлесі бар серіктестікті 45% үлеске алады. Шығыс Қазақстан облысы Ұржар ауданында барлығы 29 822 гектар ауыл шаруашылық жерлерін жалдап отырмыз.  Жер кодексі бойынша, оған рұқсат етілген. Ешқандай заң бұзушылық жоқ.

Бәтуамен қатар аттары аталған Мәнфағат және Ырғын серіктестіктері 100% басқа Қазақстан азаматтарына тиесілі, бірақ оларда ешқандай шет елдік үлес жоқ.

Бәтуаның жеке меншігінде ауыл шаруашылық жерлері жоқ, ешқандай шет ел немесе Қазақстан азаматына Бәтуаның жері сатылған емес, сатылмайды да, жалға да берілмейді. Бәтуа серіктестігі жалға алған жер телімдерінің ешқайсысы бұғатталмаған, яғни кепілдікке қойылмаған. Бұл мәліметтерді жер комитетінен тексеруге болады.

Қытай фермерлерімен және жеке тұлғалармен жұмыс жасамаймыз. Серіктестіктегі үлесі бар қытайлық партнер – заңды тұлға және тек қана қаржы тарту үшін шақырылған кәсіби инвестор. Келген инвестицияларға ешқандай мемлекеттік гарантия немесе кепілдік берілмеген. 

Жалға алынған ауыл шаруашылық жерлерінің бәрі соңғы 30 жыл бойы игерілмей жатқан жерлер. Барлық жер телімдері аудан әкімінің қаулысымен, тікелей мемлекеттен жалға алынды. Кейбір ақпарат көздерінде жергілікті «Ғани» серіктістігінен (басшысы Тілемісов Ержан) жалға алынған деген ақпарат - өтірік. Бәтуа мемлекеттен алғанға дейін, рас, ол серіктестік бір жер телімін иеленген, бірақ бірнеше жыл бойы игермеген соң, өз еркімен мемлекетке қайтарып берген. Тіпті ол туралы мәлімдемені сол кісінің өз ауызымен «Азаттық радиосына» 2011 жылы берген сұқбаттың видеожазбасынан да көруге болады.

Тағы бірнеше ақпарат көздерінде бұл жерлерді сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алып беріпті-мыс деген өсек тарады. Ол жалған ақпарат. Біріншіден, 2011 жылы біз әлі облыс әкімдігімен таныс болған жоқпыз. Тек 2013 жылы ғана Бәтуа серіктестігін индустрияландыру картасына кіргізу жұмыстарының барысында ол кісімен таныстық, шаруашылыққа шақырып, аралатып, көрсеттік. Екіншіден, жер телімдерін беру қаулысы аудан әкімінің шешімімен қабылданады. Біздің айналамыздағы қаңғу әңгіменің елімізге танымал, отанның қамын жеп жүрген білікті атқамінер ағамызға тиіп жатқаны үшін біз  қынжыламыз әрі ол кісіден кешірім сұраймыз.

Құрылғанынан бері қарайғы бес жыл ішінде 30 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, игерілді. Мемлекеттік бюджет тарапынан инвестицияға ешқандай ақша бөлінген жоқ, тек қана ауыл шаруашылық саласындағы субсидия бағдарламалары бойынша, барлық шаруа қожалықтарымен қатар, ағымдағы нақты жұмсалған шығындарды азайтуға берілетін субсидиялар ғана алынды. Ол субсидиялардың барлық мөлшері жалпы жасалған инвестицияның шамамен 5(бес) пайызын ғана құрайды. Алынған субсидиялардың ең қомақтысы – алқапқа дейін су тасымалдауға кеткен шығындарды азайту. Оның қомақты болатын себебі, Сартерек алқабында электр жүйесі жоқ, суды екі рет көтеретін насостар мен құрылғылардың бәрі дизель-генераторлардың көмегімен жұмыс жасайды, яғни жанар майға жұмсалып жатқан шығын өте зор. Электр жүйесі болса, ол шығындар 5-6 есе азайып, субсидия көлемі де соншалықты азаяр еді.

Игерілмеген жер телімдерін Бәтуадан тартып алу қиын мәселе емес. Аудан әкімдігі бұл сұрақты бірнеше рет қозғаған. Бірақ, біздің осы игерілмеген жерлерге жасаған қыруар зерттеу, жобалау жұмыстарымызды, және болашақта Алла нәсіп етіп, іске асып кетсе бүкіл ауданға пайдасы болатынын ескеріп, түсіністікпен қарап, шыдап отыр. Бірнеше тексерулер нәтижесінде игерілмеген жерлер үшін мемлекетке айып пұл төледік. Қазір ол игерілмеген жерлерді Бәтуадан тартып алса да, ешкімге қажет болмай жатады.

Серіктестікте жұмыс жасайтын Қытай азаматтарына келсек, әрине, соншама ақшасын салған соң, инвестор оны қадағалау үшін көз бен құлақ болатын өз өкілдерін жіберу олардың заңды құқығы. Осы уақытқа дейін Бәтуада жұмыс жасайтын Қытай азаматтарының саны үштен асқан жоқ. Одан бөлек, жаңа техниканы іске қосқанда немесе гарантиялық жөндеуден өткізгенде техникалық мамандарды алдырамыз, олардың саны да 3-4 ден асқан емес. Ресми жалақы алып жұмыс істейтін Қытай азаматтарына рұқсатты жергілікті еңбек және әлеуметтік қорғау мекемелері береді және шет ел мен жергілікті жұмысшылар санының заңмен бекітілген пропорциясының сақталуын қадағалайды. Жұмысшы мамандығына ешқандай Қытай азаматтары тартылмаған, себебі, біріншіден ол тиімсіз, Қытайдағы жұмысшының жалақысы біздің ақшамен күніне 10 мың теңгені құрайды, екіншіден біздің мақсатымызға сәйкес келмейді және үшіншіден, оған еңбек және әлеуметтік қорғау мекемелері рұқсат бермейді. Ақпарат көздерінде жүрген тізімдегі 13 қытай азаматтарын танымаймыз, Бәтуада ондай есімді адамдар жұмыс істеген жоқ.

Тағы бір ақпарат көздерінде 2 млрд. АҚШ доллары бөлініпті, Малайзияға кетіп қалыпты деген қауесет жүр. Көзі ашық оқырман 2 млрд. АҚШ доллары деген қандай қаражат екенін түсіне біледі деген сенімдеміз. Бұл негізсіз қиял туындысы болса керек. Игисинов Талғат деген азаматты Бәтуа басшылығы таниды, бірақ ол кісімен тек мектепте бірге оқыған және оның мамандығы да, кәсібі де инвестиция немесе қаржы саласына ешқандай қатысы жоқ. Екі-үш жыл төңірегінде, соңғы рет араласқанда, ол азамат Алматы қаласының бір мектебінде директор қызметін атқарып жүрген. Қазір қай жерде, немен нәпақа тауып жүргенін білмедік.

Осы және басқа да мәліметтердің көзі Айдын Егеубаев деген азаматтың бастамасы екеніне көзіміз жетті. Ол азаматты бірнеше жылдан бері танимыз, қасындағы бірнеше жолдастарымен бірге Бәтуа жаңадан ашылып жатқан мезгілде Бәтуаның үлесін сатыңдар деп мазалаған. Бірақ өздері негізгі инвестормен бірдей көлемде қаржы сала алмайтын болған соң, үлес беруден бас тарттық. Содан бері, Бәтуаға шет ел инвесторынан кіріп жатқан зор қаражат ұйқыларын қаштырып, осындай қаралау әрекетіне кіріскен. Егер құзырлы органдар керек қылса, осы екі азаматтың Бәтуа офисіне келгіштеп жүргені көрсетілген видеобақылау жүйесінің таспасын табыс етеміз.

Сол азаматтың тағы бір мәлімдемесіне сәйкес, Шығыс Қазақстан облыстық кіріс бөлімі (бұрынғы қаржы полициясы) қылмыстық іс қозғапты-мыс. Шын мәнінде, «Ұлы дала қырандары» қозғалысының хатына байланысты қылмыстық тексеру жұмыстары тіркелген. Ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ, бірақ осы таңға дейін қаржы полициясы хатта көрсетілген барлық жәйттерді тексеру мақсатында Бәтуа басшылары мен көрсетілген азаматтардан сұрақ-жауап алды".

Связанные Статьи