Пан Ги Мун: Әлемде 750 миллион адам сауатсыз

/uploads/thumbnail/20170709063902176_small.jpg

Бүгін Халықаралық сауаттылық күні. Осыған орай БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун әділетті қоғам құру мақсатында мемлекеттердің үкіметтерін жеке сектормен бірлесе отырып ересектер мен балалардың сауаттылығын көтеруге шақырды.

Әлем биыл 2030 жылға дейінгі Тұрақты Даму бағытындағы ауқымды істерді жүзеге асыруды бастағанын айтқан Бас хатшы осы мақсатта басымдық сауаттылыққа берілуі керектігін ескертті. Сауаттылық адам құқын қамтамасыз етудің, гендерлік теңдіктің және тұрақты қоғам құрудың іргетасы болып табылады. Пан Ги Мунның пікірінше, сауаттылық шекті жағдайдағы кедейлікті жою үшін қажет. Адамзат әл-ауқатының өсуі үшін де сауаттылық қажет екені белгілі.   

Тұрақты Дамудың 17 мақсатының ішіндегі төртіншісі адам баласының сапалы білім алуын көздейді. БҰҰ-ның Бас хатшысы соңғы 50 жылда жеткен жетістіктерге қарамастан адамзаттың әлі күнге сапалы біліммен қамтылмай отырғандығын айтты. Бас хатшысы жолдауында білім алудың заманауи мүмкіндіктеріне тола қазіргі адамзат қоғамында 750 миллион ересек кісі  сауатсыз екені айтылған. Олардың үштен екісі әйел болса, 115 миллионы – жастар. Бастауыш мектептегі 250 миллион бала әріп танымайды. Дүниежүзі бойынша 124 миллион бала мен ересек жан мектеп қабырғасын көрмейді екен.  

Биыл 50-ші рет аталып жатқан Халықаралық сауаттылық күні «Өткен туралы оқып, болашақты жазамыз» деген ұранмен өтуде.

Бүгін өзінің жолдауын жариялаған ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова да сауаттылық барша адам баласының баянды болашағының негізі екендігін атап көрсетті.

Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи