Өз елінде орын алған қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтар салдарынан милиондаған бала бөтен елге кетуге мәжбүр. Жат жұртта табанынан тозып жүрген бүлдіршіндер су мен азық-түлік тапшылығын тартуда. ЮНИСЕФ Балалар қорының жаңа баяндамасында осы мәселе сөз болады.
Қордың атқаршуы директоры Энтони Лейк қазіргі адамзат қоғамының басына түскен сұмдықтардың айқын нышаны ретінде, Сириядан Еуропаға барар жолда суға батқан үш жасар Алан Курди мен Алепподағы қақтығыста бомба түскен ғимараттың астынан шығарылған Омран Дагништы мысалға алды.
Әлем бойынша 50 миллион бала туған жерінен қол үзіпті. Оның 10 миллионы босқын болса, миллионға жуығы баспана іздеушілер, қалған 17 миллионы ішкі көші-қонға ұшырағандар. Ал 28 миллион сәби қақтығыстан қашып, жосып кеткен. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған сәбилерге халықаралық қауымдастық көмектесуі керек.
Әлемдегі барлық босқындардың тең жартысын балалар құрайды. 2015 жылы босқын балалардың 45 пайызы Сирия мен Ауғанстаннан шығыпты. Қажетті құжаттары болмаған соң панасыз балалардың ересектермен бірге тұтқындалып жатқандары да аз емес. Сондай-ақ баяндама авторлары шет елге шыққан балалардың көбісінің қасында ата-анасы жоқ екенін айтып дабыл қағуда.
2015 жылы ата-анасыз 100 мыңнан астам сәби 78 мемлекеттен баспана сұраған. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда үш есеге көп. Шет елге ауған жасөспірімдердің адам саудасы құрбанына айналып жатқандары да кездеседі.
Энтони Лейк халықаралық қауымдастықты балалардың қауіпсіз өмір сүруіне және дұрыс білім алуына жағдай жасауға шақырды. «Балалық шағынан айрылған бүлдіршіндер өз елінің дамуына қандай үлес қосады?» деп түйіндеді сөзін, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры.
Шарафат Жылқыбаева