Ақпан айының соңында әлем тұрғындары түнгі аспанда сирек кездесетін астрономиялық құбылысты тамашалай алады. 28 ақпанда Меркурий, Шолпан (Венера), Марс, Юпитер, Сатурн, Уран және Нептун бір сызық бойында орналасып, «ғаламшарлар шеруін» қалыптастырады.
NASA мәліметінше, мұндай планеталық тізілу бірнеше ғаламшар Жерден қарағанда бір жазықтықта көрінген кезде пайда болады. Бұл – тек көзге көрінетін әсер, шын мәнінде ғаламшарлар бір-бірінен миллиондаған, тіпті миллиардтаған шақырым қашықтықта орналасқан.
28 ақпан – ең әсерлі күн. Сол күні планеталар бір-біріне барынша жақын көрінеді. Төрт планетаны (Меркурий, Шолпан, Марс, Юпитер) жай көзбен көруге болады. Ал Уран мен Нептунды көру үшін дүрбі немесе телескоп қажет.
Астрономдар ғаламшарларды күн батқаннан кейін шамамен 30 минут өткен соң, батыс көкжиекке жақын, ашық әрі кедергісіз жерде бақылауға кеңес береді.
Бұл құбылыс бүкіл әлемде көрінеді. Кейбір елдерде ең жақсы көрінетін күндер сәл өзгешелеу болуы мүмкін, алайда ақпанның соңғы аптасы – бақылауға ең қолайлы кезең.
Айта кетейік, 2025 жылы жеті ғаламшар бір қатарға тізілген болатын. Мұндай ауқымды көрініс енді тек 2040 жылы ғана қайталанады.