Елбасы туралы кітап венгр тілінде жарық көрді

/uploads/thumbnail/20170708152257479_small.jpg
Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Махмұт Қасымбековтің венгр тілінде жарық көрген «Нұр­сұл­тан Назарбаев. Өмірбаян» деп ат­алатын кітабының тұсаукесері болып өтті. Тұсаукесер Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ве­нгрияға осы жылдың маусым айы­ның басында жасайтын ресми сапарына орайлас­тырылды.

Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, Елбасына дейінгі өмір жолы баяндалады.

Кітапта басты назар Н.Ә.Назар­баев­тың саяси өмірбаянына аударылған, ол Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар аралы­ғындағы дамуы кезінде болып өткен дра­малық және әдеттен тыс оқиғалар мен үдеріс­тердің аясында берілген. Ауқымды мұра­ғат материалдарының негізінде әзір­лен­ген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама көзі болып табылады. Кітапта фотосуретпен безен­дірілген бай материалдармен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларының көшір­мелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді.

Бұл кітапқа оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы Мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қыз­метіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, пуб­ли­цистикалық жинақтар, көптеген мақа­лалар бар.

Қазақстан Президенті туралы ғұмыр­намалық кітаптың 2012 жылы жарық көрген сәтінен бастап, тек Отанымызда ғана емес, шет елдерде де қызығушылық тудыруы кез­дейсоқ емес. Қысқа мерзім ішінде ол орыс, ағылшын және араб тілдеріне аударылып, жарық көрді.

Кітаптың венгр тіліндегі нұсқасы Қа­зақ­стан Республикасының Венгриядағы елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Оның Венгрия Ғылым академиясының ғимаратында өткен тұсаукесеріне венгр тарапынан Венгрия Парламентінің Төрағасы Шандор Лежак, Венгрия Парламентінің Дуайені Янош Хорват, Өңірлік даму министрі Шандор Фазекаш, Қазақстанның Венгриядағы құрметті консулы Ласло Хорват пен басқа да ресми адамдар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Венгриядағы қазақ диаспорасының өкілдері, журналистер мен студенттер қатысты.

Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, Қазақстанның Вен­гриядағы елшісі Нұрбах Рүстемов, Қазақ­стан Парламенті Сенатының депута­ты, Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстан Президенті Кеңсесі бастығының орын­басары Бақытжан Темірболат, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Тұң­ғыш Президент кітапханасының директоры Мейір Ескендіров қатысты.

Кездесу жылы әрі сенімді пікір алысу жағдайында өтті.Таныстырылымға қаты­сушылар Қазақстан басшысы туралы венгр тілінде жарық көрген кітап екі достас ха­лық­тардың жақындаса түсуі орайындағы тағы бір нақты қадам деген ортақ пікірге келді.

Сәулебек БІРЖАН,

"Егемен Қазақстан"

Оставить комментарий

Связанные Статьи