Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын жасады. Теріскейге ат басын бұрған Президент өңірдегі бірқатар нысандарды аралап, тауар өндірушілермен кездесті, - деп жазады Qamshy.kz aikyn.kz - ке сілтеме жасап.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдымен осындағы халықаралық әуежайды аралап көрді. Еліміздің солтүстігіндегі халықаралық ірі әуе айлағы 2400 шаршы метр аумаққа орналасқан, сағатына 200 жолаушыны өткізуге мүмкіндігі бар. Елбасы әуежайдағы жолаушылар терминалы мен қайта өңдеуден өткен ұшу-қону жолағымен танысты. Мамандар Мемлекет басшысына жолаушылар терминалын, басқару жолақтары мен жарықтандыру құралдарын жаңарту жұмыстары жөнінде, сондай-ақ алдағы уақытта әуежайды дамыту жобалары туралы баяндады.
Халықаралық әуежайдан шыққаннан кейін Елбасы бірнеше әлеуметтік объектілерге кіріп шықты. Алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаев «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған жаңа емханаға барды. Бұл жерде Елбасы медицина қызметкерлеріне су жаңа «Шевролет» автокөліктерінің кілтін салтанатпен тапсырды. Одан кейін Президент Қызылжар оранжереясына келді. Мұндай оранжерея республикада жалғыз ғана. Қызылжар оранжереясын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңартуға «Жол картасы» бағдарламасы аясында 300 миллион теңге бөлінген болатын. Бұл қаржының орнымен, игілікке жұмсалғаны көрініп тұр. Қазақстан Президентінің құрметіне ботаника бағына тағы бір қасиетті өсімдік құрма ағашы отырғызылды. Құрманың ұрығын мұсылман қауымының қасиетті орталығы Мекке мен Мединадан арнайы алдыртқан екен. Қазiргi таңда ботаникалық бақта экзотикалық өсiмдiктiң 2 мыңнан астам түрi бар. Олар дұрыс өсу үшiн нысанның iшiндегi температура +8 градустан төмен болмауы тиiс екен.
Мемлекет басшысының келесі бағыты «Бәйтерек» ықшамауданы болды. Жаңадан бойы көтерген бұл ықшамаудан «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Қазіргі кезде ықшамауданнан 75 отбасы пәтер алып, баспаналы болып жатыр. Жалпы алғанда, «Бәйтерек» ықшамауданында 140 көппәтерлі тұрғын үй тұрғызылады деп жоспарланған. Алдағы уақытта бұл жоспардың орындалары сөзсіз.
Егін жинау кезінде дәнді дақылдар егетін өңірлерді аралауы – Президенттің дағдысына айналған. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осынау маңызды науқан кезінде еңбеккерлермен жиі жолығып, алтын дәннің төгілмей-шашылмай жиналуына айрықша көңіл бөледі. Осы жолы да Елбасының жұмыс сапарындағы келесі беталыс Қызылжар ауданының егістік даласы болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, егер барлық технологияны сақтап, уақыттан қалмаса ең қуаңшылық деген жылдың өзінде орташа өнім алуға болады.
Солтүстік Қазақстан облысы тек астықты өлке ғана емес, ірі кәсіпорындар шоғырланған өңір. Мұндағы машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, қорғаныс саласына қажет техникалар шығаратын танымал зауыттар мұнда. Өңірге барған Елбасы әскери өнеркәсіп көрмесіне де ат басын бұрды. Мемлекет басшысы көрмеде Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпорындар шығарған әскери техникамен танысты. Қазақстан Президентіне отандық қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік мүмкіндігі мен жоғары инновациялық әлеуеті көрсетілді. Көрмені аралап шыққан соң Нұрсұлтан Назарбаев «С.Киров атындағы зауыт» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «ЗИКСТО» АҚ әскери-өндіріс кәсіпорындарының инженерлерімен және конструкторларымен әңгімелесті.
Әскери техника құрастырумен қатар электрлік белгі беру жабдықтарын, азаматтық және арнайы мақсаттағы радиостансаларды, мұнай-газ секторы мен энергетика кешені кәсіпорындары үшін өнеркәсіп құрылғыларын, вагондар (ашық вагондар, астық таситын вагондар, платформалар) және көлік саласы үшін басқа да өнім түрлерін шығару мен жаңарту аталған кәсіпорындардың негізгі қызметі болып саналады. Демек, елдің бәсекелестікке қабілетті болуына мұндағы өнеркәсіптердің қосар үлесі мол.
Бұдан соң, Елбасы Спорт сарайында жеңіл атлетика манежін, мұз айдынын және оқу-жаттығу базасын аралап көрді. Сондай-ақ көркем гимнастика өнері көрсетілімін, жеңіл атлетика мен хоккей жаттығуларын тамашалады. Артынша Солтүстік Қазақстан облысы жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Кездесуге кәсіпкерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, ардагерлер, жастар белсенділері, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Мемлекет басшысы әңгіме барысында Солтүстік Қазақстанның республика бойынша барлық астық көлемінің үштен бірін өсіретін жетекші аграрлық-индустриялық өңір екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы облыстың үлесіне назар аударды. Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдары көп нәрсеге қол жеткізілгенін, бірақ әрбір қазақстандық отбасының тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту үшін әлі де көп шаруа тындыру қажеттігін айтты. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
Солтүстік Қазақстан облысының жері құнарлы, жайылымы шұрайлы. Ал жер астындағы пайдалы қазбалар қаншама! Облыс аумағындағы пайдалы қазбалардың көптеген түрлерi анықталып, 286 кен орны белгіленген. Солардың iшiнде 34 — металдық, 2 — металдық емес, 217 — құрылыстық және технологиялық шикiзат бар екен, 33 — жер асты сулары, оның 6-ауы минералды сулар болып шықты. Облыс аумағы Солтүстiк Қазақстан уран кендi, алмасты және қалайы-сирек металды аймағының бөлiгi болып табылады. Онда минералды шикiзаттың қомақты қоры анықталды, олар Қазақстан Республикасы теңгерiмiнде мынаны құрайды: қалайы бойынша — 65%, цирконий — 36,6%, уран — 19%, титан-5%, вольфрам — 1,1%. Минералды шикiзат базасын кеңейту перспективасы бар, әсiресе облыстың оңтүстiк-батысында. Мұнда алтын, күмiс, техникалық және зергерлiк алмас, қалайы, титан, түстi және сирек металдар, қоңыр көмiрдiң бiрқатар маңызды кенорындары бар. 2014 жылғы желтоқсан-да алтын өндiретін Әулие алтын кен орнында «Аулие Голд Майнинг» ЖШС кәсiпорны iске қосылды. Уәлихан ауданында фасфорит-глаукониттi құмдарды өнеркәсiптiк бағалау мақсатында геологиялық барлау жұмысы жүргiзiлуде. Обухов титанцирконий кенi, Сырымбет қалайы кен орындарын өнеркәсiптiк әзiрлеу жүргiзiлiп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі осынау табыстар тұтас елдің дамуына қосылып жатқан үлес екені анық.
Ал Президенттің аймаққа жұмыс сапарымен баруы облыс еңбеккерлерінің алдағы күнге сенімін арттырып, еңбектің еселене түсуіне ықпал етері анық.
Оставить комментарий