ТІЛ ДЕГЕНДЕ ТІЛ ҰШЫНА ҚАНДАЙ СӨЗ ОРАЛУЫ ТИІС?

/uploads/thumbnail/20170709081123624_small.jpg

Қазақстанда тіл мерекесі өтті. Жер-жерде түрлі шаралар болды. Мұның бәрі жақсы. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағы­тын­да Елбасы – ұлт Көшбасшысы  Н. Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан хал­қына Жолдауларында, басқа да мәртебелі мінберлерде мем­ле­кет­тік тілді дамыту мәселесін үне­мі басты назарда ұстап келеді, - деп жазады Qamshy.kz aikyn.kz - ке сілтеме жасап.

2006 жылғы 11 мамырда «Ана тілі» газе­тіндегі «Қа­зақстан­ның болашағы – қазақ тілінде» деген сұхбатында қазақ тілінің тағдыры, бүгінгі да­муы мен болашағы жайында айта келіп:
«Үш бірдей мәселені бағдар қылып ұстану керек. Бірінші­ден, Тіл туралы заңды қайта қарап, қажет болса замана талабына сай өзгеріс­тер енгізу;
Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілі 50 пайыз­дан кем қол­данысқа түспеуі керек.  Үшіншіден, 2010 жылға дейін жасалған Тілдерді дамыту туралы бағдарламаға тиісті толықтырулар енгізіп, әр облыстың мемлекеттік тілге көшу кестесін қатаң қабылдау қажет. Міне, осы шаралар то­лық іске асқанда ғана «Қазақ­станның болашағы» – қазақ тілінде деп нық сеніммен айта аламыз» деп мемле­кеттік тілдің даму болашағы мен заңнамалық тетіктерін нақтылап берді.
Елбасының 2006 жылдың  24 қазанында Астана қаласында өткен Қазақстан халқы ассам­блея­сының ХІІ сессиясында жасаған баяндамасы қоғамда үлкен серпіліс туғызды.  «Па­трио­тизммен тығыз байла­нысты мемлекеттік маңызда­ғы мәселе – мемлекеттік тіл мә­селесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сон­дай нышан. Мем­лекеттік  ­тіл елдің барша азамат­та­рын біріктіруі тиіс»  деп Қазақстан Республикасы ұстанып отыр­ған тіл саясатының мәнін то­лық түсіндірді.
Туған тіліміздің өміршең қызмет етуі тұрғысында Алаш зиялылары да аз еңбек қылған жоқ. Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің төралқасы мен Халық комиссарлары кеңесі сол жыл­дар­да конс­титуциялық нормаларға сәйкес қазақ тілінде іс жүр­гізудің қа­лыптасуы мен дамуына жәр­демдесетін бір­қатар қаулылар қабылдады. Солардың қата­рында  Қазақ АКСР Халық ко­мис­сарлары кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Қазақ және орыс тілдерін респуб­ликалық мемле­кеттік мекеме­лерінде қолдану туралы» дек­реті, 1923 жылғы 20 қарашадағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті қазақ тілінде іс жүргізудің алғашқы заңды құжаттары болды.
1985 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар одағында «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармалары­ның тілі» атты тақырыпта ал­қалы жиын өтті. Көрнекті жазушы-академик, алыптар тобының абыз ақсақалы Ғабит Мүсіре­пов тіл туралы баяндама жасады. Ғабең сонда тілді – ең бірінші, ұлттың ұлттық белгісі, халықтың тарихы мен тағ­дыры, әдебиеті мен мәдениеті, дәстүрі мен салты, ән мен күйі, жа­ны мен тәні, тіпті мінез-құл­қы деп танып, тілден айы­рылу – бәрі­нен айырылу екендігін, сол себепті, ана тілін сақтап қана қоймай, оны одан әрі дамыту шараларын жан-жақты ойластыру қажет екендігін баса айтты. 
Тап сол тұста бір ғана Шона Смаханұлы Алматыдағы қа­зақтың есігін қағып жүріп, қаншама қазақ мектебінің ашылуына тікелей түрт­кі жасады.
Біз отаршылдықтың, әміршіл-әкімшіл жүйенің аса ауыр зар­даптарын тартқан елміз. Никита Хрущевтің «Патшалық Ресейдің 300 жылда жасамағынын мен 3-ақ жылда жасадым» деп аузы көпіріп сөйлейтін Тың игеру саяса­ты қазақтарды өз елі, өз жерінде аз ұлтқа айналдыр­ғанын қалай ұмы­тамыз? Ат төбеліндей қазақтың үні шықпаған кездер қаншама?! 
Қазақ тілінің тарылған өрісін Тәуелсіздік қана кеңейтті.
Ауыр науқасқа ұшыраған адам бірден құлан-таза жа­зылып кете ала ма? Тіл мәселесі де сол ауру адамның жағдайы секілді. Біз біртіндеп қаншама жылға созылған бодандықтың дертінен айығып келеміз.
Президент тоқсаныншы жыл­дары Қазақстанның әкім­шілік аумақтарына түбегейлі реформа жасады. Бірқатар облыстар бірік­тіріліп, іріленді. Осы мәселеден саяси астар іздеген кейбір қандас­тарымыз Семей мен Жез­қазғанның облыс ретінде өмір сүруін тоқта­туын ауырсына қабыл­дады. Ал уақыт Елбасының жасаған батыл қа­дамы қазақ ұлтына пайда бер­генін дә­лелдеп отыр. Қазіргі таңда қазақ халқының үлес салмағы көптеген өңірде күрт артты. Қазақ мектептері көптеп ашылып жатыр. Оларды тәмам­даған қаракөз жет­кіншек­теріміз жоғары білім көрсет­кішіне қол жеткізіп келеді.
Бәрі бірден бола салмайды.
Бәрі бірден қалыптасып кет­пейді.
Мемлекеттік тілдің қолда­нылу аясын кеңейтуде Елбасы «Қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін!» деген талап қойды. Осыған да те­рең мән бермедік. Екі қазақ кез­дессе, әлі күнге дейін өзгеше шүл­дірлейміз.
Барлық мәселе – қазақтың өз қолында. Әйтпесе, қазақша сөй­леспе, қазақ тілінде қарым-қаты­нас жасама деп отырған Үкімет жоқ. Әлемнің басқа елдерін  айт­пағанда, өзімізбен тілдес, төркін­дес түркітектес елдердің тіл саяса­тындағы басты өлшемі неге тіре­леді? Тіл мәселесі дегенде тілі­міз­дің ұшына қандай сөз оралуы тиіс?
Ол – НАМЫС деген сөз.
Тек қана намыс серік болса, қа­зақтың тілі енді өлмейді. Кей­біреулердің «тіл құрыды» деп жа­һанға жар салған әрекетіне күліп қана қарау керек. Патша зама­нын­да, кеңестік құрсау заманда «өлме­ген, құрымаған» қазақ тілі тәуел­сіздік заманында «құри­ды» деуге қалай ауыз барады?!.
Қасат қардың астынан бүр жарып шыққан бәйшешек сықыл­ды біздің қазақтың да бойында намыс оты оянып келеді!
Ол отты ешкім өшіре алмайды!

Оставить комментарий

Связанные Статьи