Қазақстанда 2011 жылдың басынан бері 64 экстремистік акцияның жолы ерте кезеңде кесілді.
Бұл туралы кеше Астанада өткен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша дөңгелек үстелде мәлім болды. Отырыс жұмысына Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев, ҰҚК басшылығы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғамдық және діни қайраткерлер, саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты, - деп жазады Qamshy.kz aikyn.kz - ке сілтеме жасап.
Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың бейбіт өмірі – біздің баға жетпес байлығымыз екендігін еске салды.
– Оны сақтау, одан әрі дамытуға үлес қосу – бәріміздің абыройлы міндетіміз. Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бастап, қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бүгінде осы бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ терроризм мен экстремизм жыл сайын үдеп барады. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі проблема. Сондықтан терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту мақсатында Қазақстан Көшбасшысы нақты тапсырмалар беріп, оларды орындау жолдарын көрсетті. Ең бастысы, бұл мәселеге бүкіл қоғам қатысып, шынайы қолдау білдіруде.
Нұрлан Зайроллаұлы әлемдегі лаңкестік оқиғалар терроризмнің ұлты, діні, шекарасы жоқ екендігін және бүкіл өркениет атаулыға қатер болып саналатынын атап көрсетті.
Президенттің биылғы маусымдағы Қауіпсіздік кеңесі отырысында берген тапсырмасына сәйкес, Үкімет арнайы заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізгенін хабарлады.
Бұл құжат 5 кодекс пен 19 заңға өзгерістер енгізеді. Осы орайда Мәжіліс төрағасы қоғам өкілдерін бұл жобаны жетілдіре түсуге атсалысуға және барлық ой-ұсыныстарды ортаға салуға шақырды.
Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров экстремизмге және терроризмге күресті «Қазақстандағы маңызы жөнінен бірінші кезектегі мәселе» деп бағалады.
– Бұл мәселедегі біздің басты міндетіміз – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерінің жолын кесу арқылы адамның, мемлекеттің және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Еліміз экстремистік идеологиялар мен терроризмге байланысты діндер мен оларға қарсы күштердің арасындағы диалогтың нығаюы үшін күш-жігерді жалғастырып келеді. Халықаралық терроризм мен экстремизм қатерінің кеңеюі заңнамалардың сапасына да жоғары талап қояды және терроризмге, оның көріністеріне қарсы күрес жөніндегі қолданыстағы құқықтық жүйені тұрақты түрде жетілдіріп отыруға мәжбүр етеді, – деді ол.
Вице-спикер таяуда ғана қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін жеткізді: терроризмге қарсы операцияларды жүргізу белгіленді; қаржылық мониторинг субъектілерінің тізімі кеңейді; ішкі бақылау қағидаларын өткізу тетіктері жетілдірілді; террористік және экстремистік қызметті қаржыландырғаны және терроризм мен экстремизмге өзге де көмек көрсеткені үшін қылмыстық жаза енгізілді. Енді экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы, көші-қон мәселелерін реттеу салаларындағы қолданыстағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған «Кейбір заңнамалық актілерге экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Әшімбаев та заңнамалық базаны жетілдірумен бірге, әсіресе, экстремизм мен терроризмнің алдын алу және жолын кесу саласында меморгандар мен үкіметтік емес ұйымдардың және қазақстандықтардың арасындағы өзара іс-қимылды күшейту маңызды екеніне тоқталды.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Н.Білісбеков болса, 5 жылда 559 қазақстандық рекруттың террористік белсенділік ошақтарына шығуына жол берілмегендігін хабарлады.
– Бүгінде қарулы қақтығыстар аймақтарынан содырлардың Отанына оралуы салмақты қауіп тудырып отыр. Олардың көпшілігі ары қарай да шектен тыс радикалды көзқарасты ұстануда, арнайы дағдыға және ұрыс салу тәжірибесіне ие. Сол себепті де, олардың елімізде де терактілер жасау қаупі жоғары деп бағалануда. Өз кезегінде қарулы қақтығыстар аймағында қалған тұлғалар радикализмді идеялық тұрғыда насихаттаушы рөлін атқарады. Олар рекруттар мен содырларды лаңкестік қызметке тарту және итермелеу жұмыстарына белсенді атсалысуда, – деді Нұрғали Білісбеков.
Осы жылдары жойылған радикалды топтардың бір бөлігі халықаралық террорлық ұйымдардың тікелей басшылығымен қимылдаған көрінеді. Басқа топтар ақпараттық насихат ықпалымен радикалданып, белсенді әрекеттерге көшуге тырысқан. Осыған байланысты ҰҚК байламынша, интернеттегі радикалды идеологияның таралуы елеулі проблемаға айналып отыр. ҰҚК мәліметінше, ай сайын ғаламторда терроризм туралы 70 мың материал жарияланады. Мұның барлығы «мемлекеттен бірінші кезекте, заңнамалық деңгейде алдын алушы шешімдерді түзуді талап етеді».
ҰҚК төрағасының орынбасары 2011 жылдан бері Қазақстанда 64, ал жыл басынан бері 9 экстремистік акцияның жолы кесілгенін мәлімдеді.
– Олай болмағанда, осы жылдың жазында Алматы мен Ақтөбеде орын алған қайғылы жайттар саны бұдан да көп болар еді. Қарапайым халық көп жиналатын орындарға, сонымен бірге, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың нысандарына және қызметкерлеріне лаңкестік шабуыл жасалуына жол берілген жоқ. Ауғанстанда, Сирия мен Иракта қарулы қақтығыстар басталғалы бері халықаралық лаңкестік ұйымдардың лагерлерінен, үшінші елдердегі тірек және транзиттік инфрақұрылымдардан Қазақстанның 45 азаматы қайтарылды. 559 қазақстандық терактілерге қатысу үшін шетелге шыға алмай қалды. Барлық қайтқандар арасынан лаңкестік әрекеттерге қатысқаны үшін 33 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 5 жылда террористік және діни сипаттағы қылмыстар жасағаны үшін 445 адам сотталды. Осы жылдың басынан бері 25 адам сотталса, шамамен 50 адам тергеу оқшаулағышында отыр, – деп түйді Н.Білісбеков.
Оставить комментарий