Мемлекет басшысы мың жасаған шаһардың мерейтойына орай өткен салтанатты жиынға қатысты.
«Менің балалық шағымда, қазір де ұшқан құстың қанаты талатын, ұланғайыр Отанымызда көптеген адамдар Алматыда оқуға, тұруға асығатын. Мұнда көптеген отбасы шаңырақ көтерді. Мен Алматыға келгенде бір күнге, тіпті, жарты күнге келсем де тауға барып, оның қуатынан сіңіріп алғым келеді. Мұндай еш жерде жоқ. Астана тұп-тұнық ашық аспанымен, жазық кең даласымен әсем. Мен әдеттегідей, бүгін де Медеуге көтерілдім. Онда жастар жүр екен, жақындап сөйлестім. Бірі Маңғыстаудан, бірі Семейден, бірі Тараздан болса, бірі Атыраудан келген. Міне, Алматы деген осы!».
Тарихы түп-тұқияннан бастау алып, он ғасырдан астам уақытқа созылған Алматы, ХХ ғасырдың соңында Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялап, жаһандағы 200-ден астам егемен мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып орын алған Тәуелсіз Қазақстанның сол кездегі астанасы болған Алматы 18 қыркүйек күні өзінің 1000 жылдығын салтанатты түрде атап өтті.
Алып шаһардың мерейтойына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сапарлап келіп, салтанатты іс-шараға қатысты. Жуырда ашылған «Алматы аренадан» алматылықтарды, қазақстандықтарды 1000 жылдық мерейтойымен құттықтады. Басқаша болуы да мүмкін емес. Елбасының өз сөзімен айтқанда, «туған жері, «кіші Отаны». Алматыға мүмкіндігінше жиі ат басын бұруға тырысатын мемлекет басшысы 1000 жылдық мерейтойға келуді перзенттік парызы санағандай. Себебі, Шығыс пен Батысты байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойындағы Аlmaty – Алмалық – Алматы шаһары 10 ғасыр бойы Алашқа ортақ қала болды. Алматының қасиеті жөнінде Елбасының өзінен артық айту қиын шығар.
– Менің балалық шағымда, қазір де ұшқан құстың қанаты талатын, ұлан-ғайыр Отанымызда көптеген адамдар Алматыда оқуға, тұруға асығатын. Мұнда көптеген отбасы шаңырақ көтерді. Мен Алматыға келгенде бір күнге, тіпті, жарты күнге келсем де тауға барып, оның қуатынан сіңіріп алғым келеді. Мұндай еш жерде жоқ. Астана тұп-тұнық ашық аспанымен, жазық кең даласымен әсем. Мен әдеттегідей, бүгін де Медеуге көтерілдім. Онда жастар жүр екен, жақындап сөйлестім. Бірі – Маңғыстаудан, бірі – Семейден, бірі — Тараздан болса, бірі Атыраудан келген. Міне, Алматы деген осы! – деген болатын Елбасы салтанатты шарада.
Иә, ұлан-ғайыр Қазақ жері мен сол жерді сан ғасыр қорғап, сақтап келген Қазақ еліне 70 жыл астана болған, Қазқстанның рухани астанасы болып қала беретін Алматының 1000 жылдық тарихы, әлі де талай мыңжылдықтарға жалғасатыны сөзсіз. Талай ғасырлық тарихтың куәсі болған шаһардың өз тарихы 1000 жылдан асып жатқаны белгілі, оған қарт Алатаудың баурайынан табылған тарихи жәдігерлер дәлел. Десе де, ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне тіркелген 1000 жылдық мерейтой да бір белес. Бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт.
– Бұл қасиетті жерде талай тарихи оқиғалар өтті. Бұл жерден Жібек жолы өтті. 550 жыл бұрын Ұлы Дала Қазақ хандығының алтын бесігіне айналды. Ел тарихында XX-ғасырда Алматы ерекше рөл атқарды. 1929 жылы Алматы астана атанып, оның халқының саны 1 млн. тұрғынға дейін артты. Менің Тәуелсіздігіміз туралы Заңға осы Алматыда қол қойғанымды айрықша атап өтуге болады. Біздің халқымыз мұнда Ата Заңды қабылдап, осы қалада Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Біз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Осы жерде мен бас қаламыз – Астананы құру туралы заңға қол қойдым, – деді Н.Назарбаев.
Осыдан он ғасыр бұрын қасиетті Жетісу жерінде, қарт Тәңіртаудың етегінде, өз заманының қала мәдениетін (өз ақшасы, саудасы, құрылысы, т.б.) қалыптастырған Алматы сан ғасырлық тарихи оқиғаларды басынан өткеріп, бүгінгі ХХІ ғасырға әлемдегі өзін-өзі қаржыландырып, мемлекеттің дамуына үлесі бар 600-дей мегаполистердің қатарында келіп отыр. Яғни, тәуелсіз елдің мемлекет қалыптастырушы мегаполисі ретінде халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Алматы орналасқан қасиетті өлкенің тарихи орны туралы да Елбасы өз сөзінде айтып өтті.
– Бұл дата ЮНЕСКО-ның адамзаттың атаулы және мерекелік күндері күнтізбесіне енген. Аталған шешім Алматының өңірлік және жаһандық дамудағы бірегей рөлінің айрықша екенін көрсетеді. Алатау бөктеріндегі қастерлі өлке өз тарихында көп нәрсені басынан өткерді. Бұл жерден алып Еуразияның шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғаған алғашқы сауда жолы және жалпыадамзаттық магистраль – Ұлы Жібек жолы өткен. Бес жүз елу жыл бұрын Жетісу Қазақ хандығының бесігі болды. Бұл жерде бүкіл Орталық Азия аймағының урбанистік мәдениетінің басты ошағының бірі пайда болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Талай мыңжылдыққа бастау
болар мереке
Қала күні мерекесін атап өтуге «Алматы аренаға» 7 мыңның үстінде халық жиналыпты. Тамаша безендірілген «Алматы аренада» театрландырылған қойылым жасалып, халықтың сүйікті әншілері Роза Рымбаева, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Мәдина Сәдуақасова, т.б. қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды.
Мәдени бағдарламаның тақырыбы, әрине, Алматы. Елбасының құттықтау сөзінде де, театрландырылған тарихи қойылымда да мыңжылдық шаһардың өткені мен бүгіні, болашағы айтылды, көрсетілді.
Мемлекет басшысы мемлекеттің ресми астанасы тарихи қажеттілік тұрғысынан көшірілсе де, Алматы рухани астана болып қала беретінін, әрбір қазақстандық қай кезде де Алматыны сағынатынын айтты. Елбасы Жарлығымен «Ерекше статусқа» ие Алматының дамуы, өркендеуі әлі талай мыңжылдықтарға жалғасатыны айтылды.
– Алматыға қамқорлық – басты тапсырмалардың бірі. Мен әрқашан қаланың құрылуын өз бақылауымда ұстап келемін, – деді Елбасы.
Мыңжылдық тарихы бар мегаполистің бүгінгі таңда да өркендеп, дамуына, әлемнің айтулы шаһарларының бірі болуына Елбасының қамқорлығы ерекше.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен осыдан 8 жыл бұрын жетінші, Алатау ауданы құрылып, Алматының алдыңғы қатарлы ауданына айналды. Азғантай уақытта Алатау ауданы Алматының стратегиялық, инновациялық даму аймағына айналды. Түрлі саладағы нысандар, тұрғын үй кешендері салынды. Алда болатын әлемдік дода «Универсиада-2017» қысқы ойындардың басты нысандары, Атлеттер қалашығы, т.б. осы ауданда бой көтерді. Мыңжылдық мерекеленіп жатқан «Алматы арена» кешені – соңғы 40 жылда салынған заманауи мәдени кешен. «Алатау дәстүрлі өнер театры» да Алатау ауданында ашылды. Алатаудан соң мегаполистің оңтүстік-батысында қала мәдениетін қалыптастырған Наурызбай ауданы ашылды. Осынау шаруалардың барлығы да әсем қала Алматының тарихы әлі де мыңжылдықтарға жалғасатынының айғағындай.
Алматының таяу жылдарғы маңызды оқиғалары жөнінде де Елбасы айтып өтті. Олар – Универсиада-2017 қысқы ойындары, Үлкен Алматы айналма жолы (БАКАД), т.б.
Қазіргі Алматы – Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі
Елбасы құттықтау сөзінде Алматының кешегісі мен бүгінін, кемелді ертеңін байланыстыра өрбітті.
Нұрсұлтан Назарбаев мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері әрқашан мемлекеттің басты назарында екенін атап өтті.
– Былтыр қаланың 2020 жылға дейінгі Даму бағдарламасы қабылданды. Ол түрғындардың өмірін, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, бизнес үшін қолайлы жағдайлар туғызу жөніндегі нақты шараларды қамтиды. Соңғы 5 жылдың өзінде қала аумағы 2 есе өсті. Тұрғындардың жалпы саны – бір миллион жеті жүз адам. Алматы метрополитені қазірдің өзінде 30 миллионнан астам жолаушы тасымалдады.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы республикадағы барлық кәсіпкерлік сектордағы өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметтің төрттен бірі тиесілі шағын және орта бизнес субъектілерінің маңызды рөлін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Универсиадаға дайындық халықтың көбірек жұмыспен қамтылуына, қаланың туристік саласының дамуына жаңа серпін бергеніне назар аударды.
– Оның бірегей нысандарының құрылысына 107 миллиард теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында мың жарым шағын және орта бизнес субъектілері жұмыспен камтылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Қысқы Универсиадаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Алматының туристік кластерін дамыту арқылы 90 мың қала тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етіледі, – деді Елбасы.
– 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы басталады. Біріншіден, қалаға көлік аз кіреді, екіншіден, Қытайдан Батыс Еуропаға Алматы арқылы қатынау үшін транзиттік орынға айналады. Бұл Алматының дамуына орасан зор үлес қосады. Меніңше, ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің бөлігі болады. Менің тапсырмаммен «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалык аймағы кұрылып, дамытылуда. Инновациялык технологиялар, бұл – еліміздің болашағы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Алматылықтармен бірге 1000 жылдық мерейтойды атап өткен Елбасы жұмыс сапарын ертесіне оңтүстік астанадағы бірқатар нысандарды аралаумен жалғастырды
Оставить комментарий