«100 нақты қадам»:ОҢТҮСТIКТЕГI ОҢДЫ IСТЕРГЕ ОҢ БАҒА БЕРIЛДI

/uploads/thumbnail/20170709081511541_small.jpg

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Бейбiт Атамқұлов алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс төртiншi сессиясында депутаттардың алдында есеп бердi. Сессия жұмысына облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi, облыс әкiмдiгiнiң мүшелерi, облыстық басқармалар басшылары, аудан, қала әкiмдерi мен барлық деңгейдегi мәслихаттардың хатшылары және БАҚ өкiлдерi қатысты. Жиынды сессия төрағасы Өмiрзақ Мелдеханов ашып, жүргiзiп отырды.

Өңiр басшысы өзiнiң есептi баяндамасында «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарының, маңызды мемлекеттiк бағдарламалардың орындалу барысы мен облысты әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда дамытуға бағытталған шаралар туралы кеңiнен әңгiмелеп, депутаттардың сауалдарына жауап бердi.

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ИГIЛIГI МОЛ

Облыс әкiмiнiң айтуынша, өңiрiмiздiң алдағы 5 жылға арналған даму жоспары бекiтiлген. Облыс экономикасын дамыту бағытында 7 индустриалды аймақ табысты жұмыс iстеуде. Олар Шымкент, Түркiстан, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Созақ, Қазығұрт, Түлкiбас аудандарында орналасқан. Бүгiнгi таңда тағы 4 индустриалды аймақта инфрақұрылым желiлерi тартылуда. Жалпы, облыстағы осындай аймақтарда 52 жоба iске асырылып, 4 025 жаңа жұмыс орны құрылыпты.

– Биыл Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында 16 жобаны iске қосу жоспарланған. Бұл жұмыстарға 27,2 миллиард теңге инвестиция тартылады. Аталған кәсiпорындар толықтай жұмыс iстей бастағанда жаңадан 845 жұмыс орны пайда болады. Бүгiнгi күнге дейiн екеуi iске қосылып үлгердi. Онда 74 жаңа жұмыс орны құрылды, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Атап айтқанда, «Шымкент май» акционерлiк қоғамының өсiмдiк майын өндiру көлемiн ұлғайтуға бағытталған жобасы аясында 1 миллиард 920 миллион теңге инвестиция құйылып, кәсiпорында қосымша 26 жұмыс орны пайда болды. Ал, екiншi жоба бойынша Қазығұрт ауданындағы «Lotus Food Company LLC» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң тез әзiрленетiн тағамдар өндiру зауыты ашылды. Жаңа кәсiпорынның жалпы құны 471 миллион теңгенi құраса, онда 48 жаңа жұмыс орны iске қосылды.

Осындай қолдау шараларының нәтижесiнде бiрiншi жартыжылдықта облыстың өнеркәсiп саласында 384 миллиард теңгенiң өнiмi өндiрiлген. Бұл өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 5,3 пайызға жоғары.

КӘСIПКЕРЛIКТIҢ КӨКЖИЕГI КЕҢ

Сессияда облыс әкiмi шағын және орта бизнестiң дамуына қолайлы жағдай жасалып жатқаны туралы да айтты.

– Облыста бизнестi қолдау мен дамытудың бiрыңғай бағдарламасы – «Бизнестiң жол картасы – 2020» барынша нәтижелi жүзеге асып жатыр. Олай дейтiнiмiз, 2016 жылдың 6 айында аймақтық Үйлестiру кеңесiнде жалпы инвестициялық құны 54 миллиард теңгенi құрайтын 117 жоба қаралып, мақұлданды. Нәтижесiнде 983 жаңа жұмыс орны құрылды, – дедi өңiр басшысы.

Айта кетейiк, «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасының қатысушылары есептi кезеңде бюджетке 6 миллиард 700 миллион теңге салық төлеген. Сондай-ақ, өңiрдегi Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталықтары аталған мерзiмде 19 905 бизнесменге қызмет көрсеткен.

Өңiр басшысы негiзгi басым бағыттардың бiрi инвестиция тарту екенiне де тоқталды. Осы мақсатта «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы өткiзiлiп, Еуропа және Азия елдерiне ресми iссапарлар ұйымдастырылуда. Бүгiнгi таңға шетелдiк инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларынан астам 24 жоба iске асырылуда.  

БИДАЙДАН РЕКОРДТЫҚ ӨНIМ АЛЫНДЫ

Облыс әкiмi айтқандай, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Саланы қолдауға бюджеттен 29 миллиард теңге бөлiнген. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында 47 кооператив пен 9 МТС құрылған.

– Егiстiк көлемi өткен жылғыдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарға жеттi. Суармалы 466 мың гектар жердiң 93 пайызы тиiмдi игерiлуде. Оның 49 700 гектарында тамшылатып суару әдiсi қолданылады. Бұл әдiс 6 мың гектарға жуық алқапқа биыл алғаш рет енгiзiлiп отыр. Республикада тамшылатып суарылатын егiстiктiң 73 пайызы бiздiң өңiрдiң еншiсiнде. Жыл басынан берi 72 гектарға жылыжай салынып, оның облыстағы жалпы көлемi 1 098 гектарға жеткен. Облыстың республикадағы үлесi – 87 пайыз. Осы жылыжайлардан биыл 80 мың тонна көкөнiс алынды, – дедi Б.Атамқұлов.

Өңiр басшысының айтуынша, терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгiзiлген. Сондай-ақ, ағымдағы жылы дәндiк жүгерiден 108,4 мың тонна, көкөнiстен 811 мың тонна, бақшадан 1 миллион 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнiм жиналыпты. Алғаш рет бидайдың орташа өнiмдiлiгi 22 центнердi құрап, рекордтық өнiм алынған. Сонымен қатар «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының шеңберiнде 35 мыңнан аса асыл тұқымды мал сатып алынған.

Б.Атамқұлов жыл басынан фермерлерге «Ырыс» қаржыландыру ұйымы арқылы төменгi пайызбен 486 жобаны қаржыландырылуға 1,2 млрд. теңге көлемiнде несие берiлгенiн де айтып жеткiздi. Ауыл шаруашылығы саласында өндiрiлген өнiм көлемi өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 2 пайызға артып, 123 миллиард теңгенi құрап отыр.

ӘЛЕУМЕТТIК САЛАҒА АЙРЫҚША КӨҢIЛ БӨЛIНУДЕ

Облыс әкiмiнiң айтуынша, әлеуметтiк салаға да айрықша көңiл бөлiнуде. Атап айтқанда, жаңадан 10 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргiзiлген. Оның iшiнде Түлкiбас ауданында бiр емхана iске қосылған. Тағы 8 нысанда күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Мұнан бөлек ағымдағы жылы 37 мектепке дейiнгi ұйым ашылып, балабақшамен қамту көрсеткiшi 82,3 пайызға жеткен. Сондай-ақ, 42 мектеп пайдалануға берiлiп, соның арқасында 11 апатты жағдайдағы және 9 үш ауысымдық мектептiң мәселесi оң шешiлген.

Өңiр басшысының сөзiне сүйенсек, облыста 27 ауызсу, 33 газдандыру нысанының құрылысы және жол саласында 199 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Сонымен қатар, мемлекеттiк бағдарлама аясында облыста жалпы ауданы 790 мың шаршы метрдi құрайтын 11 135 пәтерi бар 262 үйдiң құрылысы жүргiзiлуде. Оның iшiнде биылдың өзiнде жалпы ауданы 252 мың шаршы метрдi құрайтын 3 197 пәтерi бар 151 үй халықтың игiлiгiне берiледi.

Облыс әкiмi Б.Атамқұлов есептi баяндамадан соң депутаттардың сұрақтарына жауап бердi. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Әдiлхан Исабаев жергiлiктi бюджеттiң түсiмдерiн арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы сауал қойды. Өңiр басшысы жергiлiктi бюджеттiң түсiмдерi өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 12 миллиард теңгеге артқанын жеткiздi. Ал, депутат Бадриддин Нышанқұловтың «Тассай» индустриалды аймағының жұмысы туралы сұрағына орай Бейбiт Бәкiрұлы аталған аймақта жалпы инвестициялық құны 34 миллиард теңгенi құрайтын 23 жоба iске асырылып, 1500 адам жұмыспен қамтылғанын айтты. Сонымен қатар депутаттар Нұралы Әбiшов, Серiкбай Ибадуллаев және Дулатбек Әбiш облыс әкiмiне сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Халық қалаулылары облыс әкiмiнiң жұмысына оң баға беретiндерiн жеткiздi.

Серiкжан СЕЙТЖАНОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Елбасының сарабдал саясатының арқасында елiмiздiң дағдарысқа қарамай өркендеп, дамып келе жатқанына халық куә. Мәслихат сессиясында облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың оған жүктелген функциялар мен мiндеттерiнiң орындалуы жөнiндегi есебiн тыңдап, бiздiң облысымыз да әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда ойдағыдай дамып келе жатқанына көз жеткiздiк.

Мәселен, облыста өнеркәсiп саласында өндiрiлген өнiм көлемi 5,3 пайызға артыпты. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы өнiм көлемi 2 пайызға көбейген. Барлық жерде сұраныс та, өндiрiс көлемi де қысқарып жатқан кезде өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығы саласы көрсеткiштерiнiң жақсаруы облысымыздың өркендеп келе жатқанының айғағы болса керек. Бiр жағынан бұл облыс әкiмiнiң iскерлiгi мен табандылығының арқасы екенiн де атап өткен жөн.

Сәду БЕКЕНОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов қызметке тағайындалғалы берi өңiрiмiздiң аграрлы екенiн ескере отырып, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударып келедi. Бұл өте орынды деп есептеймiн. Бейбiт Бәкiрұлының тiкелей қолдауының арқасында мақта шаруашылығы қайта өркендеп, қанатын кеңге жая бастады.

Биыл аталған саланы қолдауға жалпы 29 млрд. теңге бағытталыпты. Мұның өзi мемлекеттiң шаруа қауымға қаншалықты ауқымды қолдау көрсетiп жатқанын көрсететiндей. Қала бердi, егiс көлемiн ұлғайту, иесiз жерлердi игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суару әдiсiн кеңiнен енгiзу, жылыжай және қарқынды баудың алқабын кеңейту, мал тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстарды да жоғары бағалауға болады. Осының барлығын ескере отырып, облыс әкiмiнiң жұмысына оң баға беруге әбден негiз бар.

Зуппархан ЧАЛДАНОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Бүгiнде әлемде инвестиция үшiн тартыс жүрiп жатқаны аян. Кiм инвесторға қолайлы жағдай жасап, өз экономикасына қомақты капитал әкеле алса, дағдарыстан сол ғана табысты шығады. Сол себептен облыс әкiмi Бейбiт Атамқұловтың бұл мәселеде iшкi ресурстарға ғана сүйенбей, сырттан инвестиция тартуға барынша күш салуы құптарлық қадам. Осы мақсатта соңғы бiр жылдың iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысының iскер азаматтарымен бiрге Еуропа мен Азияның бiрқатар елдерiне және Ресейге арнайы сапарлар ұйымдастырылыпты. Нәтижесiнде облыста шетел инвесторларының қатысуымен жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларынан асатын 24 жоба iске асырылып жатыр. Осының барлығы Бейбiт Бәкiрұлының облысты дамытуға сiңiрген қажырлы еңбегiнiң өлшемi деп бiлемiн.

Сондай-ақ, өңiр басшысы Түркiстан қаласына ерекше назар аударып, оның iрi туристiк орталыққа айналуына ықпал етуде. Бұған түркiстандықтардың дән риза екенiн де жеткiзгiм келедi.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, "Оңтүстік Қазақстан" газеті

Оставить комментарий

Связанные Статьи