1 қыркүйек – Бiлiм күнi елiмiздегi барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Ал, өңiрiмiзде жаңа оқу жылында ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай 25 жаңа мектеп пайдалануға берiлдi. Соның бiрi – Шымкент қаласындағы Абай ауданына қарасты «Ынтымақ» шағынауданындағы №54 жалпы орта мектебi. Жаңа бiлiм ұясының ашылу салтанатына облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов арнайы қатысып, лентасын қиды. Бұдан кейiн 900 балаға арналған мектеп ғимаратын аралап, заман талабына сай жабдықталған сынып бөлмелерiмен танысты.
Шағынаудан тұрғындарының көбеюiне байланысты жаңадан бой көтерген мектепте балалардың толыққанды бiлiм алуына, салауатты өмiр салтын ұстануына барлық жағдай жасалған. Жаңа ғасыр ұрпақтарының мектеп қабырғасынан кәсiп меңгерiп шығуына мүмкiндiк беретiн арнайы кабинеттер жабдықталған. Оқушы қыздар еңбекке баулу пәнiнде iс тiгiп, дәмдi ас әзiрлеудi, ұлдар темiрден түйiн түюдi үйренедi. Ол үшiн аспаздар бөлмесi, тiгiн және темiр өңдеу шеберханалары жабдықталған.
Алғашқы қоңырауға арналған салтанатты жиын мектеп ауласында өттi. Өңiр басшысы Б. Атамқұлов ұстаздар мен шәкiрттердi, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Бұл күн бiлiм саласында тер төгiп жүрген сiздердi жаңа бастама, iзденiстерге жетелейдi деп сенемiн. Бiз жаһандану процесiнде бiлiм сапасына ерекше көңiл бөлуiмiз керек. Бүгiн өңiрiмiзде бiрiншi сынып табалдырығын барлығы 73 мыңнан астам оқушы аттаса, бұл былтырғымен салыстырғанда 4 мыңға жуық балаға көп. Мен облысымызда бiрiншi сыныпқа барған әрбiр шәкiртке мектеп ауласына өз ағаш көшетiн отырғызуды ұсынамын. Әр бала өзi еккен талдың көркейгенiн көрiп өссе, келешекте мейiрiмдi, қоршаған ортаға жанашыр болады. Бұл да баланы еңбекке тәрбиелеудiң жақсы дәстүрiне айналады деп ойлаймын. Елбасы ұстанған сара саясат пен мамыражай тыныштықтың арқасында салынып жатқан жаңа ғимаратқа кiргелi отырсыздар. Ендеше, қаламыз көркейiп, өңiрiмiз өркендей берсiн! – дедi облыс әкiмi.
Бейбiт Бәкiрұлы мектеп директоры Ұлған Мамешоваға бiлiм кiлтi мен арнайы сыйлық табыс еттi. Ал, бiрiншi сынып оқушыларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан «Менiң Отаным – Қазақстан» кiтабы сыйға берiлдi. Оқушылар мен ата-аналар, ауыл тұрғындары жаңа оқу жылының жаңа ғимаратта басталғаны үшiн облыс әкiмiне алғыс айтты. Бiлiм мерекесiне, сондай-ақ, Шымкент қаласының әкiмi Ғабидолла Әбдiрахымов, облыстық бiлiм басқармасының басшысы Қуандық Құлажанов, Шымкент қалалық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Жанат Тәжиева қатысты. Жиын соңы мектеп оқушылары дайындаған мерекелiк концертке жалғасты. «Айгөлек» би тобы мектеп вальсiн биледi. Алғашқы қоңырау соғылып, әуеге бейбiтшiлiк нышаны – ақ көгершiн мен шар ұшырылды.
Оставить комментарий