Р Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Қазақстанның Ұлттық хореография академиясының ашылуына қатысты.
«Баршаңызды жаңа өнер ордасы – Қазақстанның ұлттық хореография Академиясының құрылысының аяқталуымен шын жүрегiммен құттықтаймын. Бұл елордамыздың тағы да бiр керемет ғимараты, теңдесi тек қана бiздiң елордамызда ғана емес, барша Орталық Азия елдерiнде жоқ ғимарат болып саналады. Бұл Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдығына арналған тарту болып отыр. Хореография академиясы отандық би өнерiнiң қарашаңырағы болатынына сенемiн» дедi Елбасы.
Президенттiң атап өтуiнше, академия Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесiн алып отыр. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, бұл бiлiм ордасының құрылысы бюджеттiк емес қаражаттарға салынғандығын атап өттi.
«Мемлекеттiң мерейi руxаният өнерiнiң деңгейiмен де көрiнiп тұруы керек. Бұл ретте академияға зор сенiм артылады. Осыны ескере келе, бiлiм ошағына арнайы ұлттық жоғары оқу орны мәртебесiн бердiк. Астана опера театры ашылды. Алматыда Абай атындағы академиялық опера және балет театры бар. Шымкентте опера және балет театры бар. Бiрнеше қазақстандық би ансамбльдерi бар. Солардың барлығына маман даярлайтын, бүкiл 1-сыныптан бастап, жоғары бiлiм алатын, докторантурасын бiтiрiп шығатын мұндай мектеп еш жерде жоқ. Бұл – жүз жылда, мың жылда салынатын мектеп. Сондықтан осының барлығын бiз қадiрлей бiлуiмiз керек. Отандық мәдениеттiң жаңаруына мемлекет бiрiншi күннен бастап көңiл бөлiп келе жатқандығын бiлесiздер. Бiз мәдениет жылын жариялап, бүкiл Қазақстанда мәдениет ошақтарының барлығын жаңғырттық. Қайтадан iске асырдық. Жаңадан театрлар ашылды. Дарынды жастардың маман болып шығуына барлық жағдай жасап келемiз. Қазақстанның қайталанбас өнерiн әлемдiк саxнаға шығару үшiн дайындық керек, әрине» деп түйдi сөзiн Н.Назарбаев.
ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, аталмыш академия табалдырығын бүгiн 498 тәрбиеленушi алғаш аттамақ.
Оставить комментарий