Қазақстанда экономикалық дағдарыс жағдайында жер қойнауын пайдаланушылар үшін салықтық жеңілдіктерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ҰЭМ министрі Қуандық Бишімбаев Салық салудың өзекті мәселелеріне арналған конференция барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Бүгінгі таңда мұнай өндіру саласында экономика өзгеріске ұшырады және біз өзгерген жағдайда жер қойнауын пайдаланушылар үшін салық режимі қандай екенін түсінеміз. Мұнай бағасының ұзақ мерзімді деңгейі қандай болатыны белгісіз, бірақ алдағы 5-7 жылда олар бұрынғыдай болмайтыны анық. Біз жаңа кеңістікке енеміз, жер қойнауын пайдалану саласы мен өндіру саласынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер, салықтар мен болжамдар толығымен өзгерді», - деді жер қойнауын пайдаланушыларға жеңілдіктерді түсіндірген Қ.Бишімбаев.
Министрдің айтуынша, бұл жағдай кәсіпорынға құйылатын инвестицияның жетіспеушілігіне әкеледі.
«Қазақстанның өз ерекшеліктері бар. Жер қойнауын пайдалану көрсеткіші бойынша дамып және құлдырап жатқан кен орындары бар. Өндіруді қажетті деңгейде ұстап тұру үшін инвестициялар қажет. Қазіргі салық пен баға дейгейі бұған жол бермейді. Біз өндірісі төмендеп келе жатқан кәсіпорындарға қолдау, яғни оларға қазіргі табыстарын жоғалтпай, қосымша ресурстар беруді ұсынғымыз келеді», - деді ведомство басшысы.
Министр ертең жер қойнауын пайдаланушылармен жұмыс тобының жиынын өткізетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол қазақстандық шикізатқа сұраныстың төмендегенін айтты.
«Шикізатқа сұраныс азайып келеді, себебі баламалы қуат көздері пайда болып жатыр. Алдағы 30-40 жылда біз қолда бар ресурстарды айналымға, өндіріс пен экспортқа максималды түрде енгізуіміз керек. Бұл үшін әдіс-тәсілдерді өзгертуіміз керек», - деді Қ.Бишімбаев.
Оның айтуынша, жаңа кен орындарына жаңа инвестициялар тарту үшін табыстарға салық салудан арылып, қаржылық нәтижеге салық салуға көшу керек.
«Бүгінгі таңда біз бастапқыда табыстарға салық саламыз, ал қаржылық табысқа көп мән бермейміз. Осы салада жұмыс жүйелі түрде барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асады. Біз экономика төмендеген кезеңде инвестицияларды тартып, айналымға енгізбекпіз. Бұл алдағы 5-7 жылда өсімге қол жеткізіп, жұмыспен қамту деңгейін көтеріп, салық салынатын базаны арттыруға мүмкіндік береді», - деп қорытындылады министр.
Оставить комментарий