Ақтөбеде «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ел» патриоттық форумы өтті. Форумға Атырау, Қызылорда, көршілес Орынбор облысының жастары мен ардагерлері келді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ұлт» атты аймақтық форумға қатысушылар Әлия Молдағұлова атындағы мемориалдық кешенге жиналып, тәуелсіздікдің 25 жылдығында атқарылған игі жұмыстарды айтты. Мұндағы мақсат – жастардың патриоттық сезімін ояту, оларды аянбай еңбек етуге шақыру. «Мұндай форум жастардың бойына патриоттық сезім ұяталатады. Шарада ата-баба тарихы, ел мен жердің құндылығы, аманаты туралы айтылды. Елін сүйген, елі сүйген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға үлкен сенім артатынын жиі айтады. Жастар еліміздің бірлігін, егемендігін сақтап қалатын ұрпақ», - дейді Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев.
Аймақтық патриоттық форумға көрші Орынбор өңірі, Атырау, Қызылорда облыстарының өкілдері қатысты. Барлығы 200-ден астам жас париоттық әндер тыңдап, еңбек ардагерлері мен ауған соғысы жауынгерлерінің өсиетті әңгімесін тыңдады.
«Біз тәрбиеге салғырт қарамайтын елміз. Егер ағасы інісіне ренішін айтса, жаны ашып айтады. Жастар туралы айтар болсам, қазір нарық заманы. Экономикамыз алға басып келе жатқан тұста тарихымыз бен салт-дәстүрімізді, елге үлгі азаматтарды тағы еске алып, олар туралы жан-жақты ақпарат беру арқылы бүгінгінің баласын жақсы тәрбиелей аламыз. Аргадерлердің еңбек жолы мен атқарған істері де оларға үлгі», - дейді Қызылорда облысының «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы.
Шараға Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, заң институтының курсанттары қатысты. Патриоттық клубтар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, этно-мәдени орталық жетекшілері де жастарға үлгі, оқушыларға өнеге болар қазақ тарихы мен ел ішінде атқарылып жатқан игі істерімен бөлісті. Мектеп оқушылары «Мәңгілік ел» идеясын біледі, әр оқушы оны өзінше ұғады. Бірі тәуелсіздігімізді, ұлттық рәміздерімізді қадір тұтады, екіншісі жақсы оқып, табысты жұмыс істеу арқылы ел дамуына үлес қосуды армандайды.
«Мәңгілік ел болу бізге байланысты деп ойлаймын. Ер жетіп, жақсы мамандық таңдап, елімізге қызмет етуіміз керек. Сонда біз Мәңгілік ел болып, дамыған елге айналамыз», - дейді №21 мектеп-гимназиясының оқушысы Зарина Іздеген.
Оставить комментарий