Павлодарға жұмыс сапары барысында Елбасы жаңадан салынған Павлодар-Ақсу көпірімен танысып, оған ат қойды, - деп хабарлайды Qamshy.kz pavon.kz– ке сілтеме жасап.
Ақсу өзенінің үстіне салынып жатқан Орталық Азиядағы ең ірі көпірді Президент Павлодар қаласының құрметті азаматы Аманжол Әубәкіровтің «Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» деп атау туралы ұсынысын қолдап, бекітіп беріпті.
«Егер өңірде жақсы жолдар болса, қалалармен, елдермен байланыс болады, экономика дамиды», - депті Елбасы көпір басында.
Қазір алып көпірдің құрылысы бітіп, сырлау жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Жыл соңына дейін көпір пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Осы орайда, Павлодар қаласының атын ауыстыру туралы мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айта кету керек. Жергілікті тұрғындар тарапынан ешқандай наразылық болмаса да, билік Керекуге қазақы ат беруге асығар емес. Тіпті, бір жылдары белсенділердің «Павлодарды Нұршаһар деп атайық» деген ұсынысына да илікпеді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен қатар, Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістің 180 жылдығы, Алаш арысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринның 175 жылдығы, тағы басқа атаулы даталарды пайдаланып, бірқатар елді-мекендердің орысша атауларын өзгертіп алсақ артық болмас еді.
Оставить комментарий