Алматы облысында мал саудасымен айналысқан үш ағайындының өліміне базарда ұрылардың қаптауы себеп! Қандықол қылмыстан кейін саудаға шығуға жүрегі шайлығып қалған саудагерлер осылай деп отыр. Олар Ұзынағаштағы мал базарын ұрылардың бұрыннан жағалап жүргенін айтады. Суық қолдылардың құныққаны сонша, төрт түліктен түскен қыруар қаржыны әрбір сауда сайын қағып әкете береді екен. Ал соңғы рет қарақшылардың малды иесімен қоса ұрлап кеткені мәлім, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Мәйіті тауда табылған үш ағайынды – Жарқынбек, Қаділбек және Мұқият соңғы рет осы базардан кеткен. Қазір мұнда мал саудагерлерінің ірі қарамен келуге жүректері шайлығып қалған. Өйткені ұрылар тым еркінсініп кетіпті. Себебі, сол ағайындылар жоғалар күні мұнда тағы 15 тұяқ ұрланған.
Кәрімхан Нәби, саудагер:
- Осыған қарақшылардың қатысы бар деген күдігіміз бар.
Ағайындылармен бірге мал саудасымен айналысқандар мұнда әр базар болған сайын ұры-қары қарық болып қайтады дейді. Онда да миллондап олжалайды екен. Мәселен, Есболат Мағаздың қарақшылар бір ай бұрын бақандай 4 миллион теңгесін базар ішінде қағып кеткен.
Есболат Мағаз, саудагер:
-Осы базардың ішінде оншақты адамбар.Саудагерлерді аңдып, ақша ұрлайды. Бұл өткен жылдан басталған.
Өздерінің айтуынша, Ұзынағаштағы мал базарында ақшасын ұрлатпаған адам жоқ екен. Полицияға шағымданғанымен, бірде-бірін тауып бермеген. Ақыры қолын бір сілтеп, арыз жазуды да қойыпты.
Әділ Қызырұлы, саудагер:
- Былтыр күзде 840 мың теңге ақша жоғалды машинадан.
Саяхат Салтанатұлы, саудагер:
- Малды сатып 870 мыңды алдын-ала төлем ретінде алғанбыз. Қалғанын кейіннен алатын болдық. Осы ақшаны тура қалтамыздан қағып кетті.
Сорақысы сол, бұл оқиғалардың бірі де камераға түспеген.
Қырық бас сиырмен жоғалып, артынша өлігі табылған үш бірдей арыстай азамат Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият соңғы рет міне осында сауда жасап тұрыпты. Соңғы рет ол кісілерді куәгерлер сенбі күні таңғы сегізде көрген, ал күндізгі сағат 11-лерде сиырлар тиелген жүк көлігі базардан сыртқа шығып кеткен. Бірақ өкінішке қарай базар аузында тұрған 6 бірдей камераға ол үш азамат та олардың сиырлары да, оларды алып кеткен күдіктілердің бірі де түспепті.
Камераға түспегенімен, күдіктілердің бірі – Талғат дегенді саудагерлер танып қойыпты.
Есболат Мағаз, саудагер:
-Талғат деген жігітті өзі «ұры» деп айтады. Інісі отырып келген 15-16 жыл.
Ағайындылардың өлімінен кейінде мал базарында сақтық шаралары күшейтілмепті.
Еркін Жұмабаев, базар күзетшісі:
-Өздері жауап береді ғой.
-Кім өздері?
– Келген адам өзінің мүлкіне малына ие болады. Оған жауап бере алмаймыз біз.
Осылай деп күлген күзет ірі қара сататындардың қауіпсіздігіне жауап бермейміз деп отыр. Есесіне, әрбір мал басына, оны алып келген көлікке де 700 теңгеден салық жиналады екен.
Оставить комментарий