Қаза болған үш жігіттің ісі бойынша қорғаушы пікір білдірді

/uploads/thumbnail/20170709093322983_small.jpg

Алматы облысы Жамбыл ауданында болған қанды қылмыстағы жәбірленуші тараптың қорғаушысы белгілі болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы мен Қалдыбек Әлімханұлының туыстары жәбірленуші тараптың қорғаушысы ретінде адвокат Мұхтарима Карбанованы таңдаған.

Қорғаушы бүгін аталған іс бойынша тергеушілермен жолыққанын айтады.

«Қазір тергушіге кіріп шықтым. Тергеуші осы уақытқа дейін қолданылған шаралар туралы айтып берді. Істің беталысы жаман емес сияқты. Қазір Алматы облыстық Ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен арнайы тергеу тобы құрылатыны белгілі болды. Осы іспен құрамына бірнеше тергеуші, арнайы маман кіретін сол топ айналысатын болады. Ал, іске келер болсақ, бұл өте күрделі жағдай болып отыр. Қылмыс жасағанын мойындаған екі күдіктінің болуына қарамастан барлық куәгерлерден жауап алынуы керек. Қылмыстың мән-жайы толық зерттелуі тиіс. Енді оның барлығы тергеу тобының құзыретіне кіреді. Жәбірленуші тарап қорғаушысы тергеу аяқталған соң ғана іс материалдарымен таныса алады. Барлығын уақыт көрсетеді», - дейді қорғаушы Мұхтарима Карбанова.

М. Карбанова қылмыстық іс жүргізу кодексіне сай тергеудің екі ай мерзімге дейін созылатынын, қажеттілік туса тергеу мерзімі одан әрі ұзартылуы мүмкін екенін айтты.

Естеріңізге салсақ, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын. 

Оставить комментарий

Связанные Статьи