Біздің ауылда Қаратөре деген кісі тұрған. Өз есімі басқа болғанмен, бұл атты оған әнші жеңгесі қойған. Жеңгесі тойда ән шырқағанда Қаратөре де қосыла кететін. Өзі еңгезердей қара дәудің ән айтқанда даусы жіп-жіңішке, әйел даусындай еді. Мінезі дөрекі болғанмен, осындай ерекше даусы үшін ел тойда оған ән айт де қолқа салатын.
Тек дауыс қана емес, Қаратөре бүкіл болмысымен ерекше адам еді. Әйелін күнде ұратын әдеті бар. Әйелі Бағила сегіз баланың анасы. Төрт ұл, төрт қызды жалғыз өзі бағып-қағып, күйеуінің жақсысын асырып, жаманын жасырып дегендей, отбасын ұстап отырған берекелі жан. Қаратөренің отбасы осы әйелдің арқасында ұсталып тұр десек болады.
Қаратөре арақты күнде ішеді. Әйеліне мас күйінде күш көрсетуден шаршамайды. Ауыл әйелінің шыдамдылығы деген шексіз ғой. Өзі дұрыс табыс та таппайтын күйеуінің бар ақшаға арақ сатып алып ішкені Бағиланың жанына батса да, төзімі мықты әйел әулеттің берекесін сақтап, оның небір қылықтарына шыдады-ақ.
Бірақ қанша жыл шыдасын? Ішкіштікке салынған Қаратөре арақтан тіптен бас көтермейтін күйге жетті. Таңның атысы, күннің батысы ішімдікке сылқия тойып жүретін қара дәу кісі сияқты жүріп-тұрудан қалды. Содан амалы таусылған әйелі оны Қапшағайдағы маскүнемдіктен емдейтін орталыққа апарады. Бұл орталықта ол ұзақ жатады.
Бір жыл өтеді. Ішкіштіктен әлі айықпаса керек, дәрігерлер оны ауылға қайтара қоймайды. Дойыр мінезді Қаратөрені ауылдан іздеп келуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Тіпті балалары да бармаған ғой. Әрине, күн сайын ұрыс-керіске куә боп жүрген ұл-қызы әкесінің түксиген қабағын көруге құмартпаған шығар.
Бірде ұлының үлкені Ермек Алматыдағы «ЦУМ-ға» кірсе, екі иығына екі кісі мінгендей дәу еркек анадайдан келе жатыр дейді. Ермек қараса кәдімгі әкесі. Әкесі жұдырық ала жүгірген сайын анасын қорғаштайтын осы Ермек емес пе? Маскүнемдігімен қоймай, елге адуынды мінезімен белгілі әкесіне аса жақын болмаған Ермек дүкен ішінде қарсы кездескен Қаратөрені көрсе де көрмеген сыңай танытып, қасынан өте шығады. Күйеуі әкесіне жылы ұшырамаған соң келіннің де атасына тіл қатуға батылы жетпейді.
Содан үш күн өткенде ауылға қаралы хабар жетеді. «Маскүнемдерді емдеу орталығында Қаратөре дертінен айықпастан қайтыс болды» деген телеграмма отбасын күңірентеді. Ол кезде ауыл ұйымшыл еді ғой. «Қаратөре қайтыс болыпты» деген хабар ағайынға тез тарайды.
Менің апам Қаратөренің отбасына жақын туыс болған соң қаралы үйге дереу жетеді. Маскүнемдерді емдейтін орталыққа жібергеніне өкініп, жылақ-сықтап отырған әйеліне басу айтып, жаназа шығару жұмыстарына араласа бастайды. Сөйтіп апам екі күн бойы Қаратөренің үйінде болады. Бәрінен де қатты қиналғаны Қаратөренің әпкесі екен. Белін таянып солқылдап, бауырын жоқтап зарлағандағы даусы елдің сай-сүйегін сырқыратыпты.
Апам «Бағила күйеуін емдеу орталығына бекер жіберді. Енді әпкесі «бауырымды өлтірген сен» деп жала жабуы мүмкін» деп қапаланды. Ел «байқұстың ел ішінде емес, айдаладағы маскүнемдерді емдеу орталығында жан тапсырғаны қиын болды ғой. Ең болмаса ауылдың таза ауасымен тыныстап кетпеді, марқұм» десіп, өкініш білдіріп жатты.
Атамның Алматыда тұратын інісіне де телефон арқылы хабар берілді. Сөйтсе, атамның інісі «Ол біздің үйге бүгін қонған» депті. Апамдар әзілдеп тұр деп ойлап, «Өлген кісіні біздің үйге қонды дегені несі?» деп, иланбапты.
Қаладан Қаратөренің сүйегін әкеледі деген үшінші күні ел жерлеу рәсіміне керектінің бәрін даярлап, көр қазатын жігіттер сақадай сай тұрған. Бүкіл ағайын-туыс марқұмның үйіне жиналып отырған. Бір кезде аулада жүрген Бағила талып қала жаздап, теңселіп барып, үйдің қабырғасына сүйеніп қалды. Жұрт не болды деп қараса, қақпадан Қаратөре кіріп келе жатыр дейді. Ел жағасын ұстап, бірі таң қалса енді бірі қорқады. «Бауырым-ау, бұл қалай болғаны?» деп, ақсақалдардың бірі жөн сұраса, мәселе мынада екен.
Қаратөре ЦУМ ішінде кездескен келін-баласының сөйлеспек түгілі амандаспай кеткеніне қорланып, қатты ашуланыпты. Оның емдеу оратылығынан біржолата шығатын күні таяу еді. Соны айтайын десе келін-баласы қайрылмай кеткен ғой. «Мені адам құрлы көрмеді. Бұларға мен көрсетейін» деп, іштей кектенген Қаратөре қолына қалам алып, қазанама жазып, поштамен ауылға жібереді. Ел-жұрттың шулайтынын білсе де әдейі солай істеген. Сөйтіп, «сүйегін әкеледі» деген күннен бір күн бұрын атамның Алматыда тұратын інісінің үйіне барып қоныпты.
Қаратөре содан кейін арақты қойған екен. Ірі қалпында, мінезі де өзгермеген күйі сексеннен асып дүниеден озды. Бағиланың тынымсыз еңбегінің арқасында сегіз баланың барлығы өмірден өз орнын тапты. Жұрт Қаратөренің ұл-қызының түгел жоғары білім алып, өз саласында абыройлы қызмет атқарып, отбасылы болуы Бағиланың қажырлы еңбегінің арқасы деп біледі. Тұрмысқа шыққан төрт қызы жақсы жар, үлгілі келін атанды. Ұлдары абыройлы қызмет істеп, биіктерден көрінуде. Немерелері де өнерде, спортта жетістіктерімен танылуда.
Қаратөренің жаман қылығын жұртқа бадырайтпай, шаңырағын биік ұстай білген Бағиладай қазақ әйелінің төзім-қайраты бүгінгі жас келіншектерге үлгі болса керек.
Айғаным Біртуар
Оставить комментарий