Қазақтың табан тіреп, жұрт қарайтқан жерінің қай-қайсы болса да киелі, қасиетті. Сондықтан да ән-жырымыздың басым бөлігі ел мен жерге, тау мен далаға, өзен-көлге арналып жатады. Сондай әндердің қатарын жақында «Ауылға сағыныш» атты ән толықтырды.
«Тулаған толқын сезім басылмады-ау,
Бір xабар келер ме деп Боғда таудан...», - деп келетін ән жолдарынан-ақ әннің қайда арналғанын түсінесіз. Ән авторы туған жеріне «Сары Арқадан көшкен бұлттардан сәлем» жолдайды. Сағынышын жеткізеді.
«Шын мәнінде ол сағыныш – «Ағажай» деп ән салған Алтай ауған қандастардың сағынышындай; тағы сол «Алтайым» деп алпыс жыл аңсаған, «Қайран Алтай» деп ән салған Халифа Алтайдың сағынышындай; Жайыр тауды жырлаған, Жайырын Атамекенге әкеп алғысы келетін шайыр, Жаркен Бөдештің сағынышындай; «Бауырыңа бір барып, енейінші Күнес-ай» дейтін Ермұрат Зейіпxанның сағынышындай басылмайтын сағыныш», - дейді автор.
Бұл әнді тыңдаған кісі үлкен қимастықтың, жат қолында, бөгденің табанында қалған топыраққа деген «әттеген-ай» көңілдің сағынышпен қабысқан, өкініш бүркелген эмоциясы жасырулы жатқанын да байқай алады.
Әннің авторы – ұлт мүддесін ұран еткен айтулы азамат, ақын, журналист Ерлан Төлеубай. Ерекең бұған дейін де өзінің және басқа да ақындар сөзіне бірнеше ән жазған.
«Жаңғырып жартасыңнан естілетін,
Дауысын ұларыңның сағынамын», - деп аяқталатын әндегідей, Боғда тауы - орманы аңның алуан түрі жорытқан, қыры малға шұрайлы, аспанында қыран қалықтаған құтты аймақтардың бірі. Боғда – Қытайдағы қазақ диаспорасы қоныстанған аумақтардағы Сайрам, Қанас сияқты үш ірі көлдің бірінің атауы. Қазақтың көз маржандарының бірі десе де болады. Боғда тауы теңіз деңгейінен 4545 м биіктікте орналасқан. Ұлар құсы да, биік жартаста, құзар шыңдарда тіршілік ететін киелі құстардың бірі. Ән авторының сағынышы - ән сөзінде символ етілген «Ұлардай» биікке өрлеген, асқақ қалықтаған тау сағыныш болса керек. Ол, сағыныш қана емес, жырақтағы елге, алыстағы ағайынға, солардың Атамекенге деген аңсарына туған маxаббаттың дәл өзі.
Әнді «Қазақстан дауысы» мегажобасының 2015 жылғы жеңімпазы Мұратбек Хайролла орындайды. Ән орналастырылған Қытайдағы этникалық қазақтар қарайтын интернет контентте, алғашқы күннің өзінде-ақ ән жарты миллион реттен артық тыңдалған көрінеді.
«Қамшы» порталы жаңа әннің тұсауын кесе отырып, сағынышқа толы ән мәтіні мен әуенінің авторы Ерлан Төлеубайға шығармашылық табыс тілейді.
Оставить комментарий