Жуықта Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiкте кезектi жиында етi жұғымды, терiсi бағалы қаракөл шаруашылығын дамыту жолдары талқыланған болатын.
Оңтүстiк Қазақстан облысында 11 шаруашылық, соның iшiнде Отырар ауданында «Жұман», Созақта «Қарақұр» өндiрiстiк кооперативтерi қаракөл қойын өсiрумен айналысады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбековтiң айтуынша, қазiр дүние жүзiнде құйрықты қойдан гөрi, құйрықсыз қойға сұраныс артып отырған сыңайлы. Осы саланы алға шығару үшiн әртүрлi жағдайлар ойластырылуда. «Шөлейт жердiң шалғынын қорек ететiн қойға оңтүстiк табиғаты аса қолайлы келедi. Созақ, Бәйдiбек аудандарында мыңғырған мал сиятын жайылымдар бос жатыр. Бетпақдала шалғын өсiруге қолайсыз болғанымен, қой шаруашылығын дамытуға ыңғайлы» дедi С.Тұрбеков.
Бұл жиынға қаракөл шаруашылығынан әлi де қол үзбеген Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан арнайы делегаттар келдi. Өздерiнiң iс-тәжiрибесiнен дерек келтiрiп, палата жайлы өз ойларын ортаға салған болатын.
Палатаның атқаратын қызметi әралуан. Асыл тұқымды қойларды өнiмдiлiк бағыты бойынша селекциялық асылдандыру базасына есепке алу және тiркеудi ұйымдастыру, жоғары және орта оқу орындарымен бiрге студенттердiң өндiрiстiк тәжiрибесiн жолға қою, консалтингтiк қызмет көрсету, қаракөл қой шаруашылығы мамандарын қайта даярлау жұмыстары, сондай-ақ, республика көлемiнде және шетелдерде аталған шаруашылық өнiмдерiн сату, мемлекеттiк және гранттық бағдарламаларға көрмелер ұйымдастыру тәрiздi мiндеттердi орындайды.
Баян ДАРҒОЖИНА. «Оңтүстiк Қазақстан». http://okg.kz/
Оставить комментарий