Түркістан аумағында жылқы шаруашылығын дамыту арқылы төмен пайызды несие беру бойынша іскер азаматтарды қаржылай қолдап, елдің әлеуметін жақсартуды мақсат тұтқан «Құлан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда «Қазагронесие корпорациясы» акционерлік қоғамымен қатар «Түркістан несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де белсенді әрекет етіп келеді. Түркістан қалалық әкімдігінің мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы туралы мәліметтеріне сүйенсек, аталған қаржы институттарының несиелендірулерімен мұнда жыл басынан бергі жеті айда жалпы жиынтығы 40 миллион 600 мың теңгеге төрт жоба қаржыландырылған. Оған 142 жылқы сатып алынған. Оның сегізі – айғыр.
Жылқы малын асылдандыру бойынша жеңілдікпен несие қаржы беру арқылы халықты жұмыспен қамтуды көздейтін «Құлан» бағдарламасына қатысушыларға «Казагронесие корпорациясы» мен «Түркістан несие серіктестігі» жеті жылға дейін 7 пайызбен несие береді. Кәсіпкерлерге қаржылай қарызға қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы екі жылында жеңілдік қарастырылады. Несие қаржыны өтеуді келісім бойынша отыз күн сайын емес, үш айда, жарты жылда, тіпті он екі айдың қорытындысында бір-ақ рет өтеуге болады. Екі жыл жеңілдікпен берілген жағдайда сыйақы ай сайын төленеді. Ал негізгі қарызды үшінші жылдан бастап өтеуге болады.
«Құлан» бағдарламасы бойынша он бес бас жылқы аналығына (биеге) бір бас асыл тұқымды айғыр сатып алынуы тиіс. Сатып алынған асыл тұқымды жылқының әрбір басына қырық мың теңгеден субсидия беріледі.