Еліміздің журналистика факультеттеріне арналған оқу-тәжірибелік "Журналист" газеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультетінің KMlab зертханасында газеті қайта шығарала бастады. Түрлі себептерге байланысты газеті жұмысы тоқтатылған болатын. Араға жылдар салып, басылым қайта жарық көруде. Бұл туралы факультеттегі "Электронды БАҚ және мерзімді басылым" кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева facebook парақшасында хабарлады.
Кафедра меңгерушісі газеттің тарихы туралы: "Жалпы, "Журналист" газеті студенттердің шығармашылық алғашқы зертханасы екені даусыз. Бұл газеттің тарихы тереңде. Сонау 40-жылдары газет қолмен жазылып, қабырға газеті форматында жарияланды. кейін уақыт өте "клишеде" теріліп, басылды. Бұл газетте Т. Амандосов, Қ. Бекхожин, Т. Қожакеев, М. Барманқұлов, Н. Омашев, С. Қозыбаев, Б. Жақып сияқты ұстаз-басшылардың қолтаңбасы қалған. 90 жылдары марқұм Серік Абдрахманов ағаның ассистенті бола жүріп, комьютерде версткалап шығардық. Талай дарынды шәкірттеріміздің алғашқы мақала, заметка, өлеңдері, фотоколлаждары осында жарық көрді. Нәзира Бердалының өлеңдерін жиі жариялап отыратынбыз. Жұлдыз Әбілданың мақалалары да жиі жарқ ететін" деп еске алды.
Араға жылдар салып, қайта жаңғырған "Журналист" газетінің өзіндік ерекшеліктеріне де тоқталып өтті: "Арада біршама жылдар өткенде газетімізге қолдау көрсетіп, заманауи озық технологияда - Интеллектуалды Машинада басылып, көбейтіліп, бүктеліп, қыстырғышпен тістеліп шыққан алғашқы газетті 19 мамырда көпшілік алдында шығарамыз. Коника Минолта компаниясы Элдар, Асқар, Иллиарион сияқты топ-менеджерлеріне, сондай-ақ ҚазҰУ-дегі сандаған ұйымдастыру, жеткізу, атқару жұмыстарын аса ептілікпен үйлестірген, басқарған компанияның PR - менеджері Маликаға ағартушылық мақсатта материалдық көмек көрсеткендері үшін алғысымыз ерекше" деп түйіндеді өз сөзін.
Қоғамдық ойдың ұйытқысы - журналист кадрларды дайындауда дәл осындай кәсиби-тәжірибелік басылымның маңызы зор. Сондықтан, болашақ журналистер оқу ордасы қабырғасында жүріп, қаламын ұштауға, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік туды.
Оставить комментарий