Бүгінгі қазақ баласы ағылшын немесе басқа да шет тілінде сөйлесе соны мақтан тұтады. Дұрыс қой. Тек қана қазақ, орыс тілдерімен шектеліп қалуға болмас. Дегенмен, бөтен елдің тілін меңгердім деп туған тілін ұмытуға, өз ұлтыңның салт-дәстүрінен жерінуге бола ма? Тіпті шет елге көшіп кеткен қазақ отбасыларының қайсысы өзара таза қазақша сөйлеседі екен? Қазақтың сөзі олар үшін Алматы, Шымкент немесе Қызылорданың бір көшесінде қалып қойған шығар. Шет елде тұрақтап, бірнеше тілді меңгерумен қатар туған тілін сақтап отырған қазақ отбасы көп пе? Көп пе дейміз-ау, жалпы бар ма десеңші!
Бес тілде сөйлеу қиын емес
Американ кітапханасында отырғанмын. Малай тілінде шүлдірлескен екі-үш бүлдіршін кіріп, балаларға арналған кітаптар тұратын сөреге беттеді. Қажетті кітабын алған соң арасындағы ең үлкені маған жақындап ағылшынша амандасты. Сол сәтте кітапхана бөлмесіне балалардың анасы кіріп, мен білмейтін бір тілде сөйлей бастады. Балалар кітапханашыға алатын кітаптарын тіркеткенде орыс тілінде жауап алысты. Айналдырған бес минуттың ішінде үш-төрт тілде сөйлеп үлгерген балалардың анасынан мен қайдан келгендерін сұрадым.
Өзін Шиншин деп таныстырған орта бойлы қараторы әйел Алматыға үш жыл бұрын келгенін, Отаны Малайзия екенін айтты. Жеті жасар Руи Йың мен Куи Йэ Алматыдағы орыс мектебінде оқиды екен. Ал отбасының кенжесі Руи Шен төрт жаста. Әлі мектеп табалдырығын аттамаса да орыс, ағылшын, малай және мандарин тілдерінде ағып тұр. Мандарин — ресми қытай тіліне негіз болған солтүстік Қытай диалектісі, Шиншиннің ата-бабасы ежелгі замандарда осы өңірден шыққан көрінеді. Ал Малайзияға қай заманда көшіп кеткені белгісіз.
Шиншиннің өзінің және жолдасының ата-бабасы Малайзияны бұрынғы заманнан қоныстанып келеді. Күйеуі екеуінің ұлты малай болмаса да бұл тілді жетік меңгерген. Мандарин тілін ана тілі ретінде қастер тұтады. Малайзияда мандарин (бейфанхуа) тілінде сөйлейтін 7 миллионға жуық халық (ел тұрғындарының 25 пайызы)бар. Шиншиннің отбасы қызмет бабымен Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур, т.б. мемлекеттерде болған. Балалары да үш бөлек елде дүниеге келген. Шиншин КИМЭП-те оқытушы боп жұмыс істейтін жолдасы екеуі мандарин тілінен басқа ағылшын, малай тілдерін меңгерсе, үш баласы осы тілдермен қоса орыс тіліне жетік, қазақ тілін де үйреніп жүр.
«Балаларыңыз бес тілдің сөздерін бір-бірімен шатастырмай қалай қолданады?» деген сұрағымызға Шиншин былай деп жауап берді: «Біз отбасында негізінен мандарин тілінде сөйлейміз. Арғы шыққан тегіміз солтүстік Қытай өлкесі болғанмен, біз Қытайда тұрған емеспіз. Ана тіліміз болғандықтан мандаринше сөйлесіп, туыстарымызбен де осы тілде хат-хабар алысамыз. Балаларымыз да отбасында негізгі тіл мандарин екенін біледі. Малай тілі Малайзияда туып-өскендіктен біз үшін өте маңызды. Ағылшын тілі жаһандану заманында ең қажетті тіл десек болады. Қазақстанға келген соң балаларымызды орыс мектебіне бердік. Үлкен екі қызым Руи Йың мен Куи Йэ сауатын орысша ашса да қазақ тілін қосымша үйреніп жүр».
«Бес тілді қатарынан қолдану балаларға қиын емес пе?» дедім мен, ағылшынша кітап оқып отырған бүлдіршіндерге қарап. «Менің балаларыма көп тілді меңгеру еш қиындық тудырмады. Бес тілде сөйлеп қана қоймай, жазу жазып, кітап оқиды. Сіз менің балаларымның қабілетіне таңданып тұрсыз ба? Мен сізге бір қызық айтайын. Мароккода отбасылық достарымыз бар. Күйеуі марокколық, әйелі американ. Екеуінің Питер және Сухайла есімді балалары бар. Бірі онжаста, екіншісі он бірде. Питер мен Сухайла сегіз тілде еркін сөйлейді. Жеті шет тілінде ағып тұрған бұл балалар ана тілі — арап тілі екенін әрдайым есте ұстайды. Олар отбасында арап тілінде таза сөйлейді, Марокко елінің дәстүр-салтын да берік ұстанады».
"Балаларымның менен де көп тіл білетініне қуанамын"
«Отбасында қай елдің мерекесін атап өтесіздер? Дәстүр-салтқа қаншалықты мән бересіздер?» дедім мен полиглот балалардың анасына. Шиншин жымиып, «Дәстүрі жоқ ел болмайды. Біз Малайзияда тұрсақ та, Ай күнтізбесіне сәйкес мейрамдарды, қытайдың қаңтар, ақпан айларына сәйкес келетін Жаңа жыл мерекесін тұрақты атап өтеміз. Солтүстік Қытай өңіріндегі халықтың барлық ғұрыптық мерекелерін атаусыз қалдырмаймыз.
Балаларым ұлттық қағидаларды бойына сіңіріп өсіп келе жатқанына қуанамын. Өзім Сингапурде есепші мамандығы бойынша білім алдым. Шет елде оқып жүргенде сол елдің ұлттық тағамы күріш қосылған Сингапур тауығын әзірлеудің әдісін үйреніп алдым. Бүгінде күнделікті дастарханымызда малай, қытай, сингапур тағамдары үзілмейді. Ал солтүстік Қытай өңірінің ұлттық тағамы саналатын сиыр етінен пісірілетін киңсоңчаониуроу, қолдан кесілген ченмиан кеспесі сияқты ас мәзірлерін әзірлеуді үлкен қызым Руи Йыңға үйретіп жүрмін. Бұл тағамдар Шығыс мейрамдары кезінде дастарханға міндетті түрде қойылады. Мереке кезінде балаларым ұлттық киім киеді. Балаларымның менен де көп тіл білетініне қуанамын. Бірақ он тілді меңгерсең де өз ұлтыңның орны бөлек. Әр адам жер шарының қай мемлекетінде тіршілік етсе де өзінің тегі мен ұлттық тілін ұмытпағаны жөн. Жаһандану дәуірінде бұл өте маңызды мәселе» деп, сөзін түйіндеді Шиншин.
P.S. «Тілі жоғалғанның өзі жоғалады» деген сөз бар. Ата-бабасының туған жерінен жырақта, тілі де, өмір салты да бөтен елде тұрып жатқан Шиншиннің балаларына көп тіл меңгеруге жағдай жасаумен қатар туған тілін бойына мықтап сіңіргеніне таңдандық та, тамсандық. Тәуелсіздік жылдарында шет елдерге әсіресе Батыс мемлекеттеріне қоныс аударған барлық қазақ ағайындардың балалары қазақ тілін жақсы біледі деп батыл айта аламыз ба? Тіпті Сингапурге екі-үш жылға жұмыс істеуге кеткен ұлының артынан барған бір әжеміз «Немерелерім үйде ағылшынша сөйлеп отырғанын көрдім, енді қайтейін» дегенін естідік.
Қазіргі таңда біздің қазаққа қазақ тілін сақтап қалудан гөрі қалтаны көк қағазбен қампайту әлдеқайда маңыздырақ па дейміз. Шет елде жүрген қазақтардың арасында балаларын ана тілінде сөйлетпек түгілі өздері қазақ тілін білмейтіндері көп. Олар үшін маңыздысы қазақ тілі емес, ағылшын, француз, неміс, т.б. шет тілдерін меңгеру. Мақаламызға өзек болған Шиншиннің отбасына қарасақ, олардың солтүстік Қытаймен, жалпы Қытаймен ешқандай байланысы жоқ. Іс барысында жолдасына да, өзіне де қытай тілі қажет емес. Бірақ ұлтын сүйетін бұл әйел анасы бойына сіңірген мандарин тілін шет елде дүниеге келген балаларына жақсылап үйреткен. Қазақстанда туып, шет елде тәрбиеленген біздің балалар ше? Олар бірнеше шет тілін меңгерсе, қазақ тілі жадынан мүлдем өшетін шығар? Оның өзінде ана тілін меңгерген болса деңіз...
Шарафат Жылқыбаева
Оставить комментарий