Алматыда «BOSTANDYK ІNVEST FORUM» инвестициялық форумы өтті
«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбындағы форумға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, шетелдік инвесторлар, Қаржы институттарының, Алматы аудандары әкімдіктері, ШОБ өкілдері қатысты.
Алматының Бостандық ауданы әкімдігінің бастамасымен «Іnter Contіnental» қонақ үйінде өткен форум жан-жақты дайындалыпты. Алматы қаласындағы МЖӘ аясындағы инвестициялық жобалар көрмесі, инвесторлармен, бизнес өкілдерімен кездесу, түрлі сессиялар, пленарлық отырыстар, т.б. форум жұмысының жан-жақтылығын көрсетті. Форумның ашылуында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, Бостандық ауданының әкімі Бекқали Торғаевтар баяндама жасады.
Баяндамашылар, басқа да спикерлер Алматыдағы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» аясындағы жобалардың жүзеге асуы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде сөз қозғады. Форумға қатысушылар пленарлық отырыстарды мегаполисте қолға алынып жатқан инвестжобалардың еуропалық тәжірибелері, МЖӘ-нің артықшылықтары жөнінде талқылау өткізді. Форумға арнайы дайындалған кітапшада МЖӘ аясындағы 25 жоба жан-жақты беріліпті. Олардың арасында «Жеңіл рельсті көлік құрылысы мен пайдаланылуы», «Балабақша құрылысы», «Көше жарығы», т.б. инвестициялық жобалар бар. Мысалы:
Жоба: Жеңіл рельсті көлік (жылдам трамвай) желісі құрылысы және оны пайдалану
Жобаның мақсаты: Алматы қаласында ЖРК ендіру
Қажет инвестиция: 95300 млн. теңге
Жүзеге асу мерзімі: 2017 – 2019ж.ж.
Қуаты: 31 вагон, жолаушы ағыны – күніне 63 мың адам, ұзақтығы – 22 шақырым.
Жобаның қажеттілігі: Жолаушылар тасымалы секторын және туристік саланы дамыту.
Жоба: Алматы қаласының көше жарығын модернизациялау.
Мақсаты: Көше жарығын модернизациялау, электр энергиясын 50 пайызға үнемдеу.
Қажет инвестиция: 11800 млн. теңге.
Қуаты: 80 мың натрий лампаны жарықдиодты лампаға ауыстыру.
Жүзеге асу мерзімі: Модернизация – 5 жыл.
Келтірілген инвестжобалар қатарында, сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында «Ғылым үйін» салу, мегаполис бойынша бірнеше балабақша құрылысы, Наурызбай ауданында «Арнаулы жедел жәрдем стансасы» емханасын салу. т.б. жобалар бар.
Инвестфорум жұмысына Алматыға инвестиция құюға дайын шетелдік компаниялар өкілдері де қатысты. Солардың бірі «Sanlas Holdіng» компаниясының Бас директоры Давид Фальман «Алматы. МЖЭ қағидаты бойынша оңалту орталықтарын құруда Еуропалық тәжірибені енгізу туралы» баяндама жасады.
ҚР Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елде «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті» дамыту қолға алынып отыр. Бұл – бірыңғай мемлекеттік бюджетке иек артпай, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға Шағын және орта бизнесті тартып, инвестиция құю. Ал жергілікті билік өз тарапынан бизнеске бар жағдай (жер телімдері, инженерлік-коммуникациялық желілері, заңдастыру, т.б. жеңілдіктер) жасауы қажет. Елбасы тапсырмасы Алматыда қарқынды қолға алынған. «BOSTANDYK ІNVEST FORUM» басқосуы да осы бағыттағы инвестжобалардың таныстыру алаңына айналды.
Нұрлан СҮЙІН
"Алматы ақшамы" газеті
Оставить комментарий